Оқуға тапсыратын талапкерлер мамандық емес, грантты таңдайды - Руслан Емелбаев
Фото: youtube.com/@solaysuhbat
Талапкерлердің алдына қойып отырған басты мақсаты – мамандық емес, грант. Себебі ол ата-аналардың талабы. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының бұрынғы директоры, ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев «SOLAY» YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сарапшы маманның айтуынша, түсіндіру жұмысы баламен ғана емес, ата-аналармен де жүргізілуі тиіс.
Ата-аналардың басым бөлігі балаларына сен грантқа түсуің керек деп талап қояды. Мамандық емес! Ал грантқа түсудің ең оңай жолы – математика мен физиканы таңдау. 2023 жылға дейін жалпы ҰБТ тапсыратын талапкерлердің 30 пайызы осы екі пәнді таңдап келді. Былтыр ІТ бағытына баратындар информатика-математика тапсыратын болып өзгерді. Соның өзінде математика-физика көш бастап тұр. Алайда талапкерлердің барлығы техникалық мамандыққа барамын деп отырған жоқ. Олардың мақсаты – грант. Төмен балмен грантқа түсіп кететіндер бар. Біз көбіне жұмысты баламен жүргіземіз. Негізінде ата-аналармен жүргізілуі тиіс. Зерттеу нәтижелерін қарасақ, 80 пайыз мамандық ата-ананың ықпалымен таңдалады екен. Сондықтан кәсіби бағдарлау жұмыстарын кешенді түрде жүргізуді қолға алдық, - дейді Руслан Емелбаев.
Сұхбат барысында Руслан Емелбаев Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесіндегі соңғы өзгерістер, саладағы жемқорлықпен күрес жұмыстары және болашақ жоспарлар туралы айтты. Сұхбаттың толық нұсқасын «SOLAY» YouTube арнасынан көре аласыздар.