Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » ТРАНСГЕНДЕР: тренд емес, таза дерт

ТРАНСГЕНДЕР: тренд емес, таза дерт

Бүгінгі қоғамда транс болып, жынысы мен амал-әрекеттерін ауыстырып жатқандар көбейді. Бұрын олар туралы ақпаратты арасында ғана естісек, бүгінде әр әлеуметтік желіні ашқан сайын транстарды көретін болдық. Жалпы транс деген кім? Олар бұл жағдайға қалай келді? Олардың ең алғашқы шығу тарихы қалай? Алдымен осы сауалдарға жауап іздесек.

Медицина тілінде жыныс ауыстыруды «транзишен» деп атайды. Яғни, ағылшын тілінен аударғанда «ауысу, өту» деген мағынаны білдіреді. Жаратылысында әйел бола тұра өзін еркек сезінетіндерді немесе тумысынан еркек бола тұра әйел рөлін алып жүргендерді жыныстық сәйкессіздігіне қарай, «трансгендерлер» дейді, яғни қысқаша айтқанда «транс».
Заң жүзінде рұқсат берілгеннен бастап 2009 жылдан бері елімізде 25-тен аса адам жынысын ауыстырып үлгерген. Бұл сан жылдан-жылға көбеймесе, азаймай отыр. Олар тіпті, осыған байланысты Заң жүзінде аты-жөндерін де ауыстырған.
Әлемде ең алғашқы жыныс ауыстыру операциясы 1931 жылы Эйнар Вегенер есімді даниялық суретшіге жасалған. Ол бұл әрекетін өзін әйел кейпінде өте ыңғайлы сезінетінімен байланыстырған. Нағыз әйел болып, бала туғысы келген ол бірнеше рет жатыр жасатуға да әрекет еткен. Алайда бойына күшпен қондырылған жатырды жатырқаған ағзасы бір күнде сыр беріп, Эйнар қайтыс болған.
Ал ХХ ғасырдың басында мұндай жынысын ауыстырғысы келетіндерге дәрігерлер «шизофрения» деген диагноз қойып, ауруханада қамап ұстаған. Мұндай қатынасты көрген олар жыныс ауыстыру операциясын жасырын жасайтын клиникаларға жүгіну арқылы, трансқа айналып отырған.
1972 жылы медицинада «циклоспорин» атты препарат ойлап табылған, осы препараттың арқасында жыныс ауыстырушылардың саны артқан. Себебі, бұрын ағзаның жаңа органды қабылдамауынан жапа шеккен трансгендерлер еркінше ота жасата беруге мүмкіндік алған. Тарихта ең алғаш рет заңды түрде жыныс ауыстыруға рұқсат берген ел — Швеция.
Тарихта адамдардың жынысын күштеп ауыс­тыру жағдайлары да кездескен. Айталық, небір қорқынышты тәжірибелер жасаумен аты шыққан немістің Йозеф Менгеле атты дәрігері кезінде өзі жұмыс істеген Освенцим лагерінде тұтқындардың жынысын күшпен ауыстырып, тәжірибе жасаған көрінеді. Сондай-ақ, Үндістанда жыл сайын жүздеген қыз бір жасқа дейін жыныс ауыстырудың құрбаны болады екен. Отбасында қыздан гөрі ұл баланың дүниеге келгенін тәуір көретін кейбір үнділер жасқа да толмаған қыздарын жасырын клиникаларға апарып, жынысын еркекке ауыс­тыруды әдетке айналдырған. Қазіргі таңда жыныс ауыс­тыру жағынан Тайланд көш бастап тұр. Мұның себебі, мұндағы отаның құны өзге мемлекеттерге қарағанда бірнеше есе арзан.
Әрине, жыныс ауыстыру біздің елде ғана емес, Еуропа, басқа мемлекеттерде де қоғамға жат әрекет ретінде қаралады. Оған қарсылық білдіруші жұртшылықтың қарасы да көп. Тіпті жыныс ауыстыруға ниеттілердің қатарын азайту үшін транссексуализмді халықаралық аурулар жіктемесінен алып тастауды ұсынғандар да баршылық. Алайда әзірше ол мүмкін болмай тұр.

СЕБЕП ҚАНДАЙ?
Жыныс ауыстырғысы келетіндерді екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – ананың құрсағында жатқаннан физиологиялық бұзылысқа ұшырағандар, екіншісі – жаратылысынан қос жынысты болып туғандар, яғни, гермафродиттер. Соңғылардың жағдайында жынысын ауыстыруға шариғат заңы да қарсы емес. Гермафродитизмді анықтау қиын емес. Артық ағза хирургиялық жолмен алынып тасталады. Ол үшін сырқат адамға генетикалық сараптама жүргізіп, оның кариотипі анықталады. Егер кариотип 46 ХY, яғни еркек адам болып шықса, онда сырқаттың бойындағы әйелге тән мүшелер отамен алынып тасталады. Ауруды неғұрлым ерте жастан емдесе, соғұрлым ем тиімді болмақ. Сырқатты дер кезінде ауыздықтамаса, ол уақыт өткен сайын асқынып, емделуі қиындай береді. Сондықтан гермафродитизмге шалдыққан жандардың сексуалдық ориентациясын дұрыс бағытқа бұрып, уақытылы емдеткен абзал.

БІЗДЕГІ ЗАҢ ОСАЛ МА?
Шетелдегі сияқты біздің елде де жыныс ауыстыруға заңды тұрғыдан рұқсат берілген. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрі өзінің 2020 жылғы 25 қарашадағы бұйрығымен гендерлік сәйкестілігі бұзылған адамдарды медициналық куәландыру және жынысын ауыстыру ережесін бекітті. Бұйрықта жынысын 21 жасқа толған және қабілетті гендерлік сәйкестілігі бұзылған адамдар ауыстыра алады деп айтылған. Алайда психикалық және мінез-құлық ауытқулары бар қазақстандықтар жынысын өзгерте алмайды. Жынысын ауыстырғысы келетіндер психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымға жазбаша өтінішпен хабарласады. Психиатр дәрігер науқасты, және қолда бар құжаттарын тексереді. Егер тексеруден өткен адамның психикалық жағдайына күмән туындаса, психиатр оны Қазақстан Республикасының тұрғындарына психикалық денсаулық сақтау саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес медициналық ұйымға стационарлық тексеруге жібереді. Жыныс­ты ауыстыруға қарсы көрсетілімдер болып табылатын ЖСЖ болмаған жағдайда, психиатр жынысын ауыстыруды қалайтын адамды медициналық тексеруден өткізу үшін қажетті медициналық тексерулерге сәйкес тұрғылықты жері бойынша емханаға жібереді. Медициналық тексеруден өткеннен кейін психиатр науқасты медициналық ұйымның басшысы бекіткен комиссиямен медициналық тексеруге жібереді.
Одан кейін комиссия медициналық тексеруге және гормонды алмастыру терапиясынан кейін тағы текеруге жібереді. Жынысын ауыстырғысы келетін адамдарды медициналық куәландыру комиссиясының құрамына келесі мамандар кіреді: үш психиатр, олардың біреуі сексопатология саласында арнайы білімге ие болу керек; уролог; гинеколог; терапевт; эндокринолог; психолог. Дәрігерлердің айтуынша, операция 5-6 сағатқа созылады. Жыныс ауыстыру бір ғана ота­мен шектелмейді, әйел не еркек толыққанды жүрек қалауына жету үшін бірнеше ота жасалады. Бұдан кейін жынысын өзгерткендер өмір бойы гормондық дәрілер ішуге мәжбүр. Бұл өз кезегінде адамның өмір сүру жасын да қысқартуы мүмкін. Өйткені гормондық дәрілердің бауырға, басқаға тигізер кері әсерін айтпасақ та түсінікті. Алайда, адам жынысын ауыстыра алғанымен, генін ешқашан өзгерте алмайды. Қанша дәрі ішкенімен трансгендерлердің бойында ескі гормондары сақталады. Ол ара-тұра бой көтерген кезде кейбір трансгендерлер ішіп жүрген гормондық дәрілерін шектен тыс көбейтіп жібереді екен. Бұл олардың психикасына да әсер етіп, түптің түбінде қайсыбіреулері өзіне-өзі қол жұмсауға дейін барады. Яғни, мұның соңы көбіне суицидпен аяқталады.
Әлемде талай атақты трансгендерлер бар. Бірақ олардың көбі мұндай қадамға барғанына өкінетінін айтқан. Сондықтан жаратылыс заңынан аттамас бұрын «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» жөн.

ҚАРСЫЛЫҚ КӨП, ТОҚТАУ ЖОҚ
Трансгендерлердің қалауын ислам харам іс санайды. Қасиетті Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 32-аятында: «Кімде-кім бір адамды өлімнен құтқарса, барлық адамды тірілткенмен тең» деп адамдарға өмір сыйлаудың сауабы көп екенін өсиет еткен. Әрине, ағза берген адамның өзіне зиян болмауы керек. Егер қайтыс болған адам басқаны құтқару үшін ағзасын беруді өсиет етіп кетсе немесе жақын туысқандары рұқсатын берсе, онда ол марқұмның мүшелерін алуға болады. Бірақ дене мүшелерін саудаға салу – үлкен күнә. Оны сатуға, арам пиғылға пайдалануға шариғат бойынша қатаң тыйым салынады деп айтылған. Ислам бойынша адамға өзінің жаратылысы ұнамай, ағзасын өзгертсе, ол күнә саналады. Мысалы, жынысты ауыстыру – Жаратушының жаратылысын өзгерткенмен тең. Шариғатта ер кісінің әйелге, әйелдің ер кісіге ұқсауына қатаң тыйым салынған.
Дәрігер ғалымдардың кейбірі трансген­дерлердің пайда болуына әйелдер бойындағы гормондық бұзылыстар әсер етеді десе, енді бір бөлігі табиғаттың жаратылысына балайды. Кейбір психологтар отбасындағы тәрбие мен әртүрлі психикалық жарақаттар трансгендерлердің жүре пайда болуына әкеледі дейді. «Трансгендерлер әйел мен еркек жаратылысының ортасында өмір сүреді. Түптің түбінде оларға бәрібір бір таңдау жасау керек. Өйткені екі жаратылыс иесі бір денеде өмір сүруі мүмкін емес» дейді тағы бір деректе. Не десек те бұл – бір отбасының ғана емес, бүкіл бір қоғамның трагедиясы. Ал кей жағдайда транстардың пайда болуы ол – бала кезден зорлану факторлары. Бұл әсіресе ер балалардың өмірінде жиі кездесетін дүние. Бала кезден зәбір көріп, психикаларына зиян келгеннен олар қорғашан ортаға деген ызаға булығып, жыныстарын ауыстыруға дейін барып жатады. Ал енді тағы бір себеп ол – қоршаған ортаның адамға әсері. Яғни, қыздардың ұлша киініп, ұлдардың қызша киіну үлгісі де мұндай жағдайға өз үлесін қосады. Соңғы күндері транстардың әлеуметтік желіде көп көрінуі де, оларға жасалып жатқан жарнамаға ұқсайды. Өйткені, олардың өміріне қызығушылық артып, өмірлеріне тәнті болушылар да аз емес. Тренд десе, тамсана беретін ермелердің еріп жатқандары да бар. Мұндай жағдайда тәрбие жұмыстарын, отбасы құндылықтарын дәріптеп, үйрететін арнайы сабақтарды енгізген де дұрыс болар. Жалпы айтқанда, қоғам транс болудың не дерт не тренд екенін айқындап алғаны дұрыс. Егер дерт болса, онда онымен уақытында емделген жөн.

БІРЖЫНЫСТЫ НЕКЕ ДЕ БАР
Ауылдан қалаға келіп, оқуда жүрген студенттік шағым еді. Автобусқа міндім. Орындықта отырып, алдағы емтиханды ойлап келемін. Кенет қақ алдымда отырған екі ер кісіге көзім түсті. Бастапқыда, олар бір-бірімен көптен көріспеген бауырлар немесе достар деп есептеген едім. Әттең, тіпті олай емес. Олар бір-біріне жаны құмар, еліктегіш жандар болып шықты. Орта жастағы екі аға автобустың дәл ортасында отырып алып, бір-бірімен құшақтасып отыр. Іс-әрекеттері тым ерсі. Ауылдан келген соң мұндайды бірінші рет көріп, жағамды ұстадым. Ең қынжылтатыны, біреуі өзге ұлттың азаматы болса, екіншісі қарадомалақ қазақтың баласы. Олардың қоғамдық көлікте еш ұялмастан, қысылмастан жүрулеріне қарап қазақ жерінде қоғамдық жерлерде мұндай бассыздыққа жол берілгендігіне жаның ашиды.
Осы уақытқа дейін өзге шет елдерде «біржынысты неке» заңдастырылғандығын білуші едім. Атап айтсақ, бір жынысты некелер келесі мемлекеттерде ресми түрде қабылданып, тіркелген екен.
Біржынысты неке – жынысы бірдей адамдардың некеге отыруы. Мұндай некеге отыру арқылы, жұбайлар мынадай құқықтарға ие болады. Олар алиментке, мирас қалдыруға, мемлекеттік төлемақыларға, және ең сорақысы екеуара бала асырап алып, оны тәрбиелеу құқығына ие. Бұл XXI ғасырда етегін жая бастаған құбылыс. Ең алғаш рет аталмыш некені Нидерланд елі 2001 жылы заңдастырған екен. Діни тұрғыдан да, адами тұрғыдан да, заң тұрғысынан, қай жағынан қарасақ та бұндай некеге жол жоқ. Бұл тұста ислам елдерінің барлығында бұндай некелерге тиым салынған. Сонымен қатар, әлем діндерінің барлығы дерлік бір жынысты некеге қарсы.
Анаубір жылдары Қарағанды қаласында екі бойжеткеннің некеге отырып, баршаға арнап үлкен той жасағаны белгілі болып еді. Бұл Қазақстандағы әзірге бірінші оқиға болып тұр. Себебі, біздің елде «біржынысты некеге» рұқсат жоқ екенін біле тұра той жасап, оған қоса жалпақ жұртқа қазақ халқын ұятқа қалдырған бірінші факт. Екеуі де орыс ұлтының қыздары. Аталмыш кештің ұйымдастырушысы Қарағандыдағы гейлер қозғалысының басшысы Владимир Корнаковский болғаны белгілі. Осыдан-ақ, бұл ерекше некеге отырушылардың да өзіндік ортасы, араласатын достары да өздері секілділер екенін аңғарамыз.
Еске түсірейікші, 2001 жылдан бастап танымал әнші, поп-музыканың королі Элтон Джон өзінің сүйіктісі деп Дэвид Ферништі баршаға жария еткен еді. Сол кезде, бұл оқиға жан шошырлықтай болып көрінген. Кейін 2005 жылдың 21 желтоқсанында, заң күшіне енген соң екеуі «біржынысты некеге» отырған. Аталмыш жұптардың мұндай отбасы құруына қарап, олардың психикалық ауытқуларға бейім болуы ғажап емесін түсінеміз. Себебі дұрыс тәрбие көрген, психикасы дұрыс адамдар жоғарыдағыдай әрекетке бармас та еді ғой.
Қазақстандық yvision.kz сайтында тәуелсіз «Политон» агенттігінің өткізген әлеуметтік сауалнаманың нәтижесі берілген. Сауалнамаға қатысушылар арасында журналистер, қоғам қайраткерлері және саясаткерлер де бар. Нәтиже көрсеткіші бойынша, бұл тақырыпты талқылау кейбір жекелеген адамдар үшін ғана қажетті болса, Қазақстан үшін талқылауды қажет етпейтін мәселе екен. Өйткені ондай біржынысты қатынастарға баратындардың саны өте аз және олар үшін заңды тұрғыда тыйым салынған.

Түйін: Біз қазір тым әсірешілміз. Табиғатымыз солай ма, әйтеуір, өзгеден көргенді өнеге тұтып, соны үйреніп алуға бейімбіз. Әрине, өзімізді қаралағымыз келмейді. Дегенмен өзге жұрттың әрекетін бойымызға тез сіңіріп алатынымыз қынжылтады. Оның жақсы-жаманына бойлап жатқан ешкім жоқ. Бізде соңғы жылдары батыстан жиып алған талай дүниеміз бой көрсетуде. Оның зардабын біле тұра, басымызды арашалай алмай жүрген жайымыз тағы бар. Не істемек керек?

Айнұр ӘЛИ

16 шілде 2024 ж. 194 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031