Ойыншық cапасы сынға сай ма?
Көпшіліктің ойыншықты таңдай білу, тұтынушылық құқықты талап ету мәдениетін аса білмейтіндігін пайдаланған өндірушілер де ойыншықтың сапалы шығуына мән бермей жатады. Мәселен, ойыншық аларда қаптамасында не этикеткасында дайындаушы өнеркәсіптің не кәсіпкердің орналасқан мекенжайы мен атауы, импорттаушы ұйым туралы ақпарат, өндірушінің тауар белгісі, ойыншықты өңдеу тәсілі, өндіру мерзімі, қызмет ету не жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары туралы мәлімет, деректер көрсетілгенін таңдау керек. Сапалы ойыншық шығарушы кәсіпкер оның сипаты мен құрамы жайлы ақпараттарды анық әрі нақты жазып көрсетеді. Ал сапасыз ойыншықтың иесі оның зиянды екенін барынша жасыру үшін қулықтарға барып, экспортталушы елдің тіліне қатысты мағлұматтарды бермей бүркемелуі әбден мүмкін.
Сәби кез келген нәрсені ауызға салуға, дәмін татып көруге әуес. Ал ойыншықты ауызға салған кезде, оның құрамындағы тұрақсыз бояулар еріп, қорғасын, кадмий, мырыш, сынап сынды ауыр металдар асқазанға, ішікке түсуі мүмкін. Бала содан уланады. Оның иммунитетін әлсіретіп, аурушаң етеді, аллергия пайда болады. Ойыншықтың химиялық құрамын анықтау үшін иіскеп көруге де болады. Егер иіс тым өткір болса, онда оның құрамында стирол, формальдегид, фенол сынды заттардың көп мөлшерде болғаны. Өткір иіс тынысты тарылтып, лоқсытады, ми мен көз, тыныс алу мүшелерін зақымдайды. Түрлі тері, дене ауруларын тудыруы мүмкін. Сол себепті ойыншықты бейберекет сатып алуға болмайды. Ұсақ бөлшектерден құрал ойыншықтан да келер қауіп көп. Бала тістеп, бөлшектерін жұлып алып, жұтып қоюы мүмкін. Сондықтан барынша ірілеу ойыншық қажет.
Әр ойыншықтың өзіндік функционалдық мақсаты болады және ойыншықтар арқылы балалардың сөйлеу қабілеті дамиды. Сылдырмақ баланың қозғалыс дағдысын, көру, есту қабілеттерін дамытуға арналған өте маңызды ойыншығы болып табылады. Сылдырмақты таңдағанда оның көлемі баланың қолына сиятындай болуы керек. Ойыншық ашық түсті болуы және оның құрамдас бөліктері баланың аузына түсіп кетпес үшін мықты бекітілген болуы тиіс. Сәбидің дүниетанымының дамуына ойыншықтың әсері зор. Ол арқылы бала өз сезімін білдіріп, қоршаған ортаны зерттейді. Егер балаңыз өзі таңдау жасай алатын жаста болса, ерікті өзіне қалдырған жөн. Мамандардың айтуынша, әр баланың өзі тән ойыншығы болады екен. Бұл ретте психолог мамандар былай дейді: «Бала ойыншығына ұрсады, жұбатады. Ойыншық арқылы бала жалғыздықтан арылады. Ата-аналары бір жаққа кеткенде, жалғыз қалған бала қараңғыдан қорықпау үшін ойыншығын құшағына алып, қорқыныш сезімін сейілтеді. Кейде ашуын ойыншығынан алып, жұлып тастайды. Баланың ойыншығына қарап, оның не ойлап, не сезініп жүргенін анықтауға болады. Мысалы шынайы өмірден алынған ойыншықтарға – қуыршақтар, жануарлардың, қуыршақтың үйі, жиһаз, ыдыс, көлік, қайық, таразы, дәрігер мен шаштараздың құралдары, сағат, теміржол, телефон жатады. Ал ашуын сыртқа шығаруға көмектесетін ойыншықтарға сарбаздар, мылтық, доп, жастық, шығармашылық қиялы мен өзін ашуға көмектесетін ойыншықтарға конструктор, әліпби, үстел үсті ойыншықтары, қиылған суреттер, бояз, мозайка, жіп, мата кескіндері, желім, тағы басқалары жатады».
Байқасаңыздар, бала бір ойыншықпен үнемі ойнай бермейді. Тез жалығады. Ескі ойыншықты алып тастап, уақыт өткеннен кейін қайта шығарсаңыз, баланың қызығушылығы қайта оянады. Әрбір ата-ана ойыншықты сатып алмас бұрын «бұл ойыншықпен қалай ойнайды?» деген сұраққа жауап іздегені жөн. Мәселен, 2-3 жасар бала машина мен қару-жарақты қалай қолдану керектігін білмейді. Әрі механикалық қауіпсіздігі жағынан бұл ойыншықтар баланың денесін жаралап, мінез-құлқына, сана-сезіміне әсер етуі ықтимал. Сондай-ақ ойыншық белгілі мөлшерден артық дыбыс берсе, сәбидің жүйкесі бұзылады.
Фариза ШӘКІМ,
Қазалы теміржол ауруханасы
реанимация бөлімінің мейіргері