Қырғызстанда қаза тапқан төрт баланың денесі елге жеткізілді
Фото: t.me/shko_resmi
Ош қаласындағы сел кезінде мерт болған төрт қазақстандық баланың денесі Өскеменге жеткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде балалардың туыстарына көмек көрсету үшін жедел штаб құрылып, оған өңірдің барлық қызметтерінің мамандары жұмылдырылды”, – делінген хабарламада.
Өңір басшысы Ермек Көшербаев қаза тапқандардың туыстарымен кездесті. Осы қиын күндерде жергілікті атқарушы органдары жерлеу рәсімін ұйымдастып, өткізуді өз мойындарына алды. Өңірдің кәсіпорындары мен бизнес өкілдері отбасыларға көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.
Әкімдік қызметкерлері мен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары қайғылы оқиғаға байланысты туыстарына көңіл айтты.
Еске салсақ, бұған дейін Қырғызстанда алапат сел жүріп, сегіз адам қаза тапқаны туралы жазған едік. Қазақстанның ТЖМ-нің құтқарушылары қазақстандық балалардың денесін елге жеткізу үшін Ош қаласына барған еді.