Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ене – есер, келін – кесір болмасын

Ене – есер, келін – кесір болмасын

Қазақтың тұрмыстық құрылымында күйеудің өмірінде маңызды рөлге ие екі әйел болады. Анасы мен келіншегі. Бір азаматтың қанатын қатайтатын қос нәзікжанның қарым-қатынасы отбасының тұрақтылығы мен татулығына һәм күйзеліс пен күйреуге алып келеді. Осы тізбектің дұрыс түзілмей, нәтижесінде түрлі қайшылықтарды туындатып отырғанын көз көріп, құлақ естуде. Себеп неде? Сырына үңілдік.

Қайынға қайымсыз
Тілімізде келін не күйеу туыстасқан екінші тарапқа «қайын» сөзі қосыла айтылады. «Қайын жұрт», «Қайын ене», «қайын ата», «қайын әпке», «қайын бике», «қайын іні», «қайын сіңлі» дейді.
Ал «ене» сөзі көне түркі тіліндегі «ана» мағынасына ие. Көршілес қырғыз ағайындардың сөздік қорында ол активті түрде қолданылады. Бізге таныс төрт түлік малдың аналығын «енесі» деп атауға қарап, ертеде бабаларымыз бұл сөзді «ана» мағынасында қолдануы бек мүмкін деген тұжырым жасай аламыз. Ал қазақтың байырғы сөздері бір буынды болып келетінін ескерсек, «келіннің» «кел» сөзінен тарағанын аңғару қиынға соқпайды. Қазақстанның Түркіменстанмен шектесетін батыс өңірінде «келің» сөзін қолданатынын ескерсек, «бері келден» тарауы әбден мүмкін.
Қош, шешені жоқтатпайтын адамның шет кетіп, отбасына жаңа жан болып келген келіннің қайынға қайымсыз кері кетуіне қандай жағдайлар түрткі болды екен?

Кеңестік кезең кесірі
– Отбасы институты қазақ үшін қашан да алғашқы орында тұрған. Тәрбиеден оны ажырату алу мүмкін емес. Халқымыз ешқашан қызына «тұрмысқа шықпа» дегенді айтпаған. Қайта қыз бойындағы нәзіктік пен сыпайылықты сыйлай отырып, болашақтағы отбасылық өмірге бейімдеген. Бұл тін түбегейлі үзіліп қалды деуге негіз жоқ. Тарихтан ене мен келін керісі туралы мысалды кездестіре алмайсың. Әр отбасында «ішкі асханасына» ену жолында аз-кем түсініспеушілік болуы мүмкін. Бұл ара-жікті ажыратуға жетпіс жылдық құлсыздандыру, құнсыздандыруға бағытталған Кеңестік кезең кесірі тиді дегенді анық айта аламын, – дейді педагогика ғылымдарының кандидаты Шарбану Есенқызы.

Психолог пайымы
Психологияда «жеке шекара» деген ұғым бар. Тәжірибеде кездестірген жағдайлардан түйгенім, ене келінен өзін көрігісі келеді. Өз болмысынан жат көрініс, әрекет болып жатса, оны орынсыз деп санап, жазалауға, өзгертуге бейім тұрады. Кейде жеке басынан шығып, ата-ана, шыққан ортасына да «тілі тиіп» кетіп жатады.
Қазіргі аруларымыз білімді, ақылды, жан-жақты. Осы уақыттар аралығында үй жинау, тамақ әзірлеуге баса назар аудармауы мүмкін. Бірақ осыған қарап, «үй бола алмайды. Болашағы бұлыңғыр» деп пікір айту қаншалықты орынды? Ол ас әзірлей алмаса, жақсы ұйымдастырушы шығар. Тұрмыстық жағдайға бейімділік адамдықтың шыңы дегенді кім айтты? Мүмкін, күйеуін миллиордер жасайтын мықты ментор, мотиватор болар. Барлық нәрсенің екі жағы болады. Түсіністік болса, алынбайтын қамал жоқ.
Келіндерге айтарым, ене жалдамалы қызметші емес. Бала тудың ба, өзің бақ. Асыра, жағдайын жаса. Үлгер. Күйеуіңнің де көңілін тап. Кешке дейін қолынан телефоны түспей, бар қиындықты баласы мен енесіне жаба бергеннің соңы жақсылыққа апармайды. Әр нәрсенің өз өлшемі бар. Ене – енелік, келін – келіндік міндетін атқаруы керек. Сол үдеден көріне алған соң ғана, пікір айту пайымды.
Әр адамның міні мен артықшылығы болады. Жақсыны көргісі келген жақсыны, жаманды көргісі келген жаманды табады, – дейді психолог Гүлзира Жарылқапова.

Анамдай асылым
Енемнің қолында тұрғаныма 12 жыл болды. Жамандығын көрген жоқпын. Алғаш келгенде біраз абдырап, отбасындағы жүйеге сіңісе алмай жүргенім бар. Мамам (енесін солай атады) ұннан босаған қапты да жуып қояды. Судан босаған құтыны да тастамайды. Жыным келетін. Кейін өзім де бейімделдім. Талай үлгере алмай, сөз естідім. Жылаған күндерім де болды. Бірақ сол кездерге қазір алғыс айтамын. Дипломым бойынша жұмыс істеймін. Қосымша кәсібім бар. Балаларым мен жолдасымның жағдайын екі әйел бірге жасаймыз. Оның несі жаман? Бала күтушіге шығындалып не телефон кішкентайларын тәрбиелеп жатқан құрдастарымыз бар. Соларды көргенде «шүкір» деймін.
Қазір қонақ келсе, бәрін қолдан әзірлеуге тырысамын. Енемнен үйренген жақсы әдеттерімнің бірі. Шығындалмаймын, қонаққа да жағымды. Алғысқа бөлініп отырмын. Менің әрекетімді көрген абысыным: «Сен сияқты маймыл бола алмайды екенмін», – дейді. Айта берсін. Кімнің не жоғалтқанын уақыт көрсетеді. Мамам: «Бөлек шығуға дайындалыңдар. Қайның үйленсін», – дейді. Ал менің анамдай асыл адамнан ажырағым жоқ, – дейді Айгүл Ахметқызы.

Жақсы келін жақсы жерден шығады
– Тұрмыс құрғаныма биыл он жыл. Күйеуім екеуіміз бір-бірімізді сүйіп қосылдық. Ұнатқан соң ба, барлық айтқанын орындап, бірге бақытты боламыз деп ойладым. Ұзатыларда анам: «Күйеуің ақшаңды сұраса, бере-бер. Ақшаның орны толады, ал сыйластықты түзеу қиын» дегенді айтып, алған айлық-жалақымның барлығын қолына ұстатып қойдым. Қарап отырсам, бұл дұрыс емес екен. Менен өзге келіндердің барлығы ақшаларын өзі ұстайды. Енем оларды көргенде, тік тұрып асты-үстіне түседі. Ал қызмет етіп, бәйек болған маған, аузына келгенін айтып, ойына келгенін істейді. Екеуіміздің арамызға талай «от салып», ажыратуға дейін барғанын мен емес, басқалар да біледі. Мұндай адамды қалай «ана» деп атауға болады. Күйреп кеттім. Қазір Құдайдан тек сабыр ғана сұрап жүрмін. Түсіністік танытайық деп, жайлап сөйлесейін десең, қарғап, орамалын шешіп тастап, далаға шығып, бақырады.
Келінді күте алмаған, күң етеді, Жібекті түте алмаған, жүн етеді. Жақсы келін жақсы жерден шығады, – дейді келін Бақытжамал Нұркелді.

Келте ақыл кесірі
– Анам ел-жұртқа сыйы бар азаматтың абыройын арттырған әйел еді. Ұзақ уақыт әкеміз дүниеден өткен соң да «Жүзіктің шайын ішейік» деп сәлем-сауқат сұрап тұратындардың қарасы қарашаңырақтан үзілмейтін. Жеңгем келгеннен кейін жағдай күрт өзгерді. Қабағынан «қар жауып» тұратын біздің үйдің бибісі қонақ тұрмақ, бауырларды да жақтырмайды. Анамыз барында алыстан ат сабылтып, жылына бір рет барғанымызда «Үйіңе қайт. Азаматыңның жағдайы болмай қалмасын» дегенді неге айтатынын енді түсіндім. Қазір өскен үйге мүлдем аяқ баспаймын. Той-жиында болмаса, басқа кезде баруға құлқым жоқ. Келмедің деп мені іздеп жатқан бауырларымды да кездестірмедім.
Жақында марқұм анамның көзін көрген бір апамен жолыққанмын. «Жүзік қандай еді. Серғалидің Сереке болуы да Жүзіктің арқасы. Дүниеден өтерінде жағдайын сұрап, арнайы барып едім. Жеңгең бір аяқ шайды дұрыстап беруге де жарамады. Жүзік бейшара да шарасыз, «қон» дегенді айта алмады. Күйі тайған екен», – дегенді айтқанында, ұзақ жыладым. Әркім өз ісіне жауап берер. Бірақ зейнетақысын пайдаланып, үйі, мал-жайын тастап бара жатқан анамды аз уақыт болса да аялауға жеңгемнің келте ақылы жетпеді ме екен? – дейді Сағина Сабырқызы.

«Қандай данасың» дедім
– Енем өте қатал әйел болды. Көршілермен қарым-қатынасы жоқ. Туыстарды да талғап араласатын. Тағы бір есімде қалғаны енемді енесі: «Қазіргі қазандардың түбі жұқа ғой. Әйтпесе, біздің Фатимажан нанды жақсы жабады» деп күйген нанын мақтап отырады екен. «Осыны естіп отырып, неге маған да солай жылылық танытпайды» деп іштей қынжылатынмын. Қазір ойлап қарасам, «Жұмсақ ағаш құртқа жем, жұмсақ адам жұртқа жем» дегендей сыйластықтың да шекарасы болуы керек екен. Енем жақтырмаған адамдармен араласып, талай жаманатқа қалғаным бар. Түсінгенім, әр адам «ұят болады» деп емес, «менікі» деген ұғыммен өмір сүруі керек екен. Енемнен көргенім көп болды. Аруағы разы болсын. Кейде «Сіз қандай кемеңгер болдыңыз, апа» деймін сағынып.
Ал келін туралы пікірім дұрыс. Ол да адам. Көмектесу керек. Бірақ ширатып, міндетін де шегендеу керек. Ал ерегісіп жатсаң ештеңе өнбейді. Қартайғанда осы қызметті өзіме жасайтын шығар деп қолғабыс етіп жүрмін, – дейді ене Есенгүл Қарамырза.

Ене шеше емес
– Тойға барсақ, келініне «келінім емес, қызымдай көремін» дегенді айтып жататындарды жиі естиміз. Бәрі өтірік. Шешедей болған енені әлі көрген жоқпын. Өзім де келінге шеше боламын деп ойламаймын. Енемнің жақсы жағы да, жаман жағы да болды. Ол да адам баласы. Кейбір сөздері ренжітті, кейбір жақсылығы арқылы болашағымды жалғадым. О бастан екеуінің өмірлік миссиясы бар. Соған лайық болған адам жаман болмайды деп ойлаймын. Алғаш келгенімде мүлде жақтырмайтын. Қазір «сен білесің ғой» деп бәрін тапсырады. Ол сенімге мен аз күш жұмсаған жоқпын, – дейді Нағима Еркебаева.

Баласының «баласы»
– Мұрат екеуіміз танысқанда анасы туралы ылғи айтатын. Оның жақсылығы, көрген қиындығы... Толыққанды отбасында өскен соң ба, жалғызбасты ана тәрбиелеген бала санасында қиындық болатынын басыма түскенше түсінбеппін. Екеуімізді екіге айырған да осы жағдай. Отбасын құрғанымызда біз адам ретінде ештеңе таңдамайтынымды, тапқан табысымыз ортаға салынып, одан шығындар алынып, содан ауысса ғана айтуға мүмкіндік барын естіп, таң қалғанмын. Алты жыл шыдадым. Басында енем «үйреніссін» дегені шығар, деп түсіністік таныттым. Байқаймын, өзгеретін түрі жоқ. Ай сайын балаға берілетін жөргекпұл, біреу ұстатқан көрімдікті де «мұртын бұзбай» табыстау – «міндетіміз». Мені ашындырғаны ол емес, күйеуіммен бір жаққа бара жатсақ, енем ауырып қалатын, мені еркелетіп жатса, бөлме есігін ашып қалатын. Дүкенге қолыма тізім жазып беретін. Барған соң дүкеншіге беремін. Сол жерде телефонмен сөйлесіп, ақшасын аударады. Барлық ақшаны өзі ұстап оырып, «Келінім үлгірімсіз. Не алып, не қою керектігін білмейді. Ақшаларын алып отырған жоқпын. Кірген ақшада есеп жоқ» дегенді естіп, шыдай алмадым. Баласын аяқ-қолын матап ұстайтын аналары бар жігіттерден аулақ болыңдар дегім келеді қыздарға. Қазір басым бос. Бірақ қайта отбасы құруға құлқым жоқ, – дейді Мейіргүл Шахмұратқызы.

Ешқашан олай болады деп ойламаппын
– Төрт келінім бар. Соңғы екі келінде қолымда ұстап, тәрбиелеймін деп ойладым. Олар ол тұста үй болып, балаларын асарауға қауқарсыз еді. Барымды аямадым. Солар дұрыс болсын деп, келінге «келін» болдым. Не керегі бар. Жақсылықты да білетін адамға жасаған дұрыс екен. Ешқашан олай болады деп ойламаппын. Болмашыны сылтау қылып, баламды, екі немеремді алып кетіп қалды. Енді жүр күндерін көре алмай. Бәріне мені кінәлайтын көрінеді, – дейді ене Айғаным Тілектесқызы.

Мәселені өздері шешуі керек
– «Отбасы – кішігірім мемлекет» дегенді үйленгеннен кейін түсіндім. Бұл жердегі ене мен келіннің арасын жақындату оңай шаруа емес екен. Менің бір ұтқаным, жігіт-қыз болып жүргенде, Аяулымға: «Мені қабылдасаң, туыстарыммен бірге қабылдайсың. Оларды жамандағаның, мені жамандағаның. Олардың бірі жаман болса, мен де жақсы емеспін», анама: «Мама, Аяулым, ерке қыз. Жетіспеген жерін өзіңіз толықтырасыз» дегенді айттым. Араларындағы өкпе-ренішке араласаймын, өздері шешеді. Келіншегім бүгін бұртиып, теріс қарап жатса, ертең анама сыйлық береді, – дейді Руслан Өмірғали.
Түйін: Асыл дініміздегі Фикһ үкімдері бойынша, қайын ата мен ене әйел үшін ең жақын туыстар санатынан саналады.
Еліміздегі статистикаға жүгінсек, әрбір бесінші жұп ажырасқан. Қызылордалықтар арасындағы жеті жұптын бірінің жарастық таппауына ененің де тигізген ықпалы бар. Үйдегі бас ананың жас анаға көзқарасы болашақ ұрпағының ертеңіне әсер етеді. Таразының қос тарапы сынды теңсіздік ешқашан тұтастықты тудырмайды. «Қайын жұртың – міншіл. Жағаңның қызылдығына, қолыңның ұзындығына қарайды. Жуас болсаң, жүндейді, мықты болсаң күндейді» деген халық арасында. Ендеше еңкейіп кірген елге елеулі болған енеге де, кейін келген келінге де артылар жүк салмақты.
Фото: ашық дереккөзден алынды.
(Кейіпкерлердің аты өзгертіліп берілді).

Камила МАҚҰЛБЕК
25 маусым 2024 ж. 183 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031