Бар жақсылық – балаларға
Қазалыда Мемлекет басшысының тапсырмасымен жас ұрпақтың игілігі жолындағы шаруаларға баса мән берілуде. Жалпы «Президент бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 21 мектеп салынады деп жоспарланған болатын. Былтыр 10 мектептің құрылысы басталды. Биыл тағы 11 мектептің іргетасы қаланады. Оның бірі – Қазалы ауданының Жанқожа батыр ауылында бой көтерсе, жақын күндері Әйтеке би кентінде тағы бір мектептің құрылысы басталады. Топырағына ұлы тұлғалардың кіндік қаны тамған Қазалы ауданының өңір тарихындағы орны ерекше. Есімдері алты Алашқа белгілі Жанқожа батыр, күллі Шығыс жастарына жетекшілік еткен Ғани Мұратбаев, жезтаңдай әншілер Роза Бағланова және Мәдина Ералиевадай даңқты дарындардан кенде емес. Алдағы уақытта осы білім ошағынан жерлес аға-әпкелеріндей білімді, талантты шәкірттер шығатынына сеніміміз мол» деп аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев айтқан еді.
Осыған орай жаңа оқу жылында Жанқожа батыр ауылындағы 300 орындық мектептің құрылысы бітіп, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазір Жанқожа батыр ауылындағы ауқымды құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Бүгінгі таңда жаңа білім ордасының біршама жұмыстары атқарылып, негізгі бөлігі есік-терезелері салынуда. Құрылыс барысын көрген аудан әкімі аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы мен мердігер мекеменің жауапты қызметкеріне құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізілуін қадағалауды тапсырды.
Білім ордасының құрылысы толықтай аяқталғаннан кейін «Жайлы мектеп» жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталады деп жоспарланған. Сондай-ақ оқушылардың сапалы білім алуына толық жағдай жасалып, жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға барлық жағдай жасалады деп көзделуде.
Өткен жылы ұлттық жобаға енгізілген мектептер құрылысының жер учаскелерін нақтылау және орналастыру бойынша “Samruk-Kazyna Construction” АҚ Басқармасына жүктелген. Бұл ретте “Samruk-Kazyna Construction” АҚ Басқарма төрағасының ұлттық жоба және өңірлік даму жөніндегі орынбасары, Басқарма мүшесі Амангелді Саттаров, Ұлттық жоба және өңірлік даму департаменті құрылыс бөлімінің өңірлік жоба жетекшісі Ерік Қонақбаев, Ұлттық жобаны іске асыру және өңірлік даму департаменті жобалау бөлімінің топ жетекшісі Әнуарбек Хами ауданымызға арнайы келіп, жұмыс барысын қадағалаған.
Бүгінде құрылысы аяқталуға жақын нысанның барысы жайлы “Samruk-Kazyna Construction” АҚ бас мердігері «Асар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жоба жетекшісі Бақытжан Құрұмбековтан сұрағанымызда:
– Құрылыс мерзімі 2023 жылдың тамыз айында басталған. Жоспарға сай биыл желтоқсан айында аяқтауға тиіспіз. Дегенмен барынша қызу еңбек етіп, қыркүйекте тапсырамыз деген талпынысымыз бар. Белгіленген учаскенің ауданы – 28546 гектарды алса, ғимараттың жалпы ауданы – 6812,2 шаршы метрді құрайды. Екіқабатты 300 орындық мектеп 6 блоктан құрылған. Арнайы асханасы, мәжіліс залы, лингофон кабинеттері бар. Әжетханасы ішінде орналасқан. Екі спорт залы бар. Жоғары және кіші сынып оқушылары бір-бірімен тоғыспайтын бөлек-бөлек есіктерден еніп, дербес блоктарда оқитын болады. Мәжіліс залы мен барлық арнайы кабинеттер заманауи жабдықтармен толықтырылады. Дауыс күшейткіш, проектор, интерактивті тақталар орналастырылады. Енді физика, математика, ағылшын сынды пәндердің өзіндік кабинеттері қарастырылған. Бір сабақ арнайы сол пән сыныптарында өтеді.
Қазір ғимараттың қабырғалары көтеріліп, қыш қалау жұмыстары аяқталған. Ішкі сылақ толық бітті. Жылу жүйесі тартылуда, электр жүйесі жүргізілді. Бірінші және екінші қабаттың терезелері салынуда, – деп жауап берді.
Айта кетейік, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығында салынатын 600 орындық мектептің құрылысы жақында жүзеге асады деп межеленді.
Қазалы ауданы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының тізіміне 2 мектеп құрылысын салу енгізілген болатын. Олар: Жанқожа батыр ауылындағы 300 орындық апаттық жағдайдағы №94 мектеп құрылысы мен Әйтеке би кентіндегі 600 орындық мектеп құрылысы.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА