«Өздерің істемейтін істеріңді неге айтасыңдар?..»
Кезінде Ыстамбұл қаласындағы үлкен мешітке имам болу үшін кем дегенде он бес түрлі білім, сондай-ақ атқа мініп, қылыштасу өнерін, шешендік өнерін жақсы меңгерген болуы керек екен. Яғни, Сүлеймания мешіті сияқты мешітке имам болу талабы осындай болыпты.
Сондай талаптан өткен жас имам мешітте жұма намазын өткізіп, сол заманның тақуа ғұламасынан: – Шейх, мен қалай жұма өткіздім? Уағызым дұрыс болды ма? – деп сұрайды. Ғұлама: – Бауырым, уағызды керемет айттың. Бірақ, қурап қалған талға жасанды жапырақтар байлап қойғандай болды, деп жауап беріпті. Ғұламаның бұлай деп айтқан себебі, ол имам елге уағыз айтып тұрғанымен, өзінде осы сипаттар болмағанын меңзеген еді. Алла Тағала Құранда: «Әй мүміндер! Істемейтін істеріңді неге айтасыңдар» деп бұйырған. (Сафф:2) Ал әйгілі Әбу Ханифаның (Алла оны рахымына бөлесін) басынан өткен оқиғаны баршамыз білеміз. Бір адам баласын ертіп, имамға келіп:
– Құрметті шейх! Балам, балды өте жақсы көреді. Соны осы жаман әдетінен арылтып берсеңіз, жақсы болар еді, деп өтінеді. Имам Әбу Ханифа (Алла оны рахымына бөлесін) қырық күннен кейін келсін деп тапсырады. Уәделескен күні алдына келсе, имам: – Балам, балды көп жеме, деп айтыпты. Баланың әкесі: – Құрметті шейх, осы сөзді айту үшін неге қырық күн күттірдіңіз? Анау жолы айтсаңыз, болмас па еді? деп сұрайды. Сонда, Әбу Ханифа (Алла оны рахымына бөлесін): – Мен өзім балды өте жақсы көріп, өте көп жейтін едім. Сіздің балаңызды тоқтату үшін, өзім қырық күн бойы балдан шектелдім. Содан да менің сөздерім оған әсер етті, деп жауап береді. Сондықтан әрбір мұсылман адам біреуді жақсы амалға шақырмас бұрын өзі соған амал жасағаны дұрыс болады. Алла Тағала баршамызды сөзі мен ісі бір жерден шыққан мұсылмандардан болуға жазсын!