Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтын шеге: теміржолдағы тарихи сәт

Алтын шеге: теміржолдағы тарихи сәт

Ел іші болған соң түрлі тарихи деректер мен тың мағұлматтарды құлағымыз шалып қалып жатады. Әріптестерім жаңалыққа жаны құмар шығармашыл жандар болғандықтан кез келген тақырыпта әсерлі әңгіме қозғап, қызу пікір алмасады. Сондай сәттердің бірінде «Қазалыда алғашқы теміржол салынған сәтте рэлстің екі жанына қағылған алтын шеге сақтаулы» екен деген тың дерек ерекше назарымды аудартты. Осы ақпаратты естігеннен кейін аудандағы музейлерден мәлімет сұрастырып, әңгіменің қаншалықты растығына көз жеткізбек болдым.
Иә, шынында да аталған алтын шеге аудандық тарихи-өлкетану мұражайында сақталған екен. Алайда түпнұсқасы емес. Құнды жәдігерлерді көздің қарашығындай қорғайтын киелі орын – мұражай. Арнайы барып, қызықтырған қос алтын шегені көзімізбен көріп, қолымызбен ұстап қайтуға бекіндік. Рэлс бөлігінің жанында сары түске боялған қос шеге тұр. Бір қараған адам: «Темір мен шегені неге бұнда сақтаған?» деп таңырқауы әбден мүмкін. Алайда оның тарихта алар орны ерекше. Алдымен оқырманға айтар ойымыз түсінікті, жеткізер сөзіміз жүйелі болуы үшін Қазақстан теміржолының қалыптасу тарихынан аз-кем мәлімет жаза кеткенді жөн көрдік.
Қазақстан темір жолының тарихы өткен ғасырдың басында пайдалануға берілген «Орынбор-Ташкент» магистралінен басталады. Жалпы ұзындығы 2090 км, оның ішінде қазақ жері арқылы өтетін бөлігі 1660 км. Құрылысы 1901-1905 жылдары жүріп, кезең-кезеңімен пайдалануға берілген шойын жолды салу ісі Николай ІІ патшаның 1901 жылдың 21 сәуірдегі бұйрығы негізінде қолға алынған. Орыс үкіметінің Орынбор-Ташкент темір жолын салудағы басты мақсаты – Ортадық Азия үшін Англиямен арадағы бәсекелестікте жеңіп шығу, өлкедегі арзан шикізат қорын Ресейге тасу, Түркістан өлкесіне тура шығу болды. 1904 жылдың 1 қаңтарында пойыздар қозғалысына жол ашылған.
Орынбордан басталып Илецк арқылы Қазақстанның бүкіл батыс аймағын кесіп өтіп, Ақтөбе, Шалқар, Арал теңізі, Сексеуіл, Жосалы, Шиелі, Қазалы, Қызылорда, одан Түркістан, Арыс арқылы Ташкентке жеткен шойын жолдың ғасырдан астам тамаша тарихы бар. Аталған станцияларда жол құрылысымен қатар ерекше архитектуралық үлгіде салынған вокзалдар мен басқа да көненің көзі ескі ғимараттар әлі күнге мызғымай тұр. Екі мың шақырымға жуық магистральдың басым бөлігі қазақ даласынан өткені – бұл өлкеде теміржол өндірісінің пайда болып, жергілікті халықтың да теміржолшы кәсібін ерте игеруіне себеп болған. Теміржолдың билігі патшалық Ресейдің құзырында болып, қазақ даласы тек транзиттік жол ретінде тартылса да алып магистральдың қазақ сахарасын аймақтық және экономикалық тұрғыда дамытып, өркениетке ұмтылуына әсері ұшан-теңіз болғаны анық. Күпі киген қазақтар қолына құрал алып, шойын жолда жұмыс істеп, кәсіп меңгере бастады.
Ал енді өзіміздің ауданға қарай ойыссақ, 1905 жылы шілде айынан Орынбор-Қазалы аралығында жүк және жолаушы пойыздары жүре бастайды. Қазақстан мен Орта Азияда жүргізілген домбыраның қос ішегіндей, қаладан далаға жалғасқан болат жол құрылысын салу әлемдік теміржол жылнамасының парағына кірген айтулы оқиға. Осы жерге теміржол сусыз далалар мен құмды шөлейттер арқылы салынды. Орынбор–Ташкент теміржолының салынуына байланысты Қазалы жерінде орыстардың көптеп қоныстануы теміржол торабының нығаюына ықпал етті. Бірнеше теміржол мекемесі ашылып, сан мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Шойын жолдың бойында еңбекпен ел шыңдалып, отбасын асырады.
Ал алтын шегенің нақ өзі «Көбек» темір жол бекетінде өткен теміржол желісінің ашылу салтанатында рэлстің екі жағына қағылған. Бұл ғасырдан астам уақыт орын алған оқиға болғандықтан ауыздан-ауызға ауызша тарап, бүгінгі күнге дейін жеткен мәлімет.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
30 наурыз 2024 ж. 134 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930