«Парақорлыққа қарсы менеджмент жүйесі» стандартын енгізу мәселесі бойынша семинар өткізілді
Бүгін Қызылорда облысы әкімдігінде квазимемлекеттік секторда «ISО 37001:2016 Парақорлыққа қарсы менеджмент жүйесі» халықаралық стандартын енгізу мәселесі бойынша оқыту семинары өткізілді.
Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары А.Ашиков, Қызылорда облысының әкімі аппараты басшысының орынбасары Е.Бәкіров, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қызылорда облыстық филиалының директоры М.Айтимов, жергілікті атқарушы органдар мен оларға қарасты квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары және комплаенс-қызметіне жауапты мамандары, сонымен қатар қала және аудан әкімдіктері (онлайн режимде) қатысты.
Кездесу барысында, Превенция басқармасы басшысының орынбасары О.Мырзағалиев квазимемлекеттік сектор ұйымдарында комплаенс-қызметінің және cыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық стандартын енгізу маңыздылығын айтып өтті.
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облыстық филиалының профессоры, заң ғылымдарының кандидаты А.Мадалиева аталған стандарт туралы жан-жақты мәлімет берді.
Шара соңында жергілікті атқарушы органға квазимемлекеттік ұйымдарда комплаенс-қызметіне дербес штат бөлу және ұйымда ISO 37001 халықаралық стандартын енгізу мәселесін қарастыру ұсынылды.
Айта кетейік, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 12-бабына сәйкес, квазимемлекеттік және жеке секторлар қызметіне ISO 37001 сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық стандартын ерікті түрде енгізу көзделген.
Стандарттың мақсаты – ұйымға сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, анықтау және шаралар қабылдау үшін әзірленген, негізделген тиісті тетіктерді енгізуге көмектесу.
Қазіргі таңда өңірімізде «Қызылорда газ тарату жүйесі» кәсіпорны аталған стандарттан өткен жалғыз мекеме болып табылады.