Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада 5 айда 1,5 мыңдай кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 1700-дей жұмыс орны ашылған

Қызылордада 5 айда 1,5 мыңдай кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 1700-дей жұмыс орны ашылған

– Қалай, – дейді күтіп жүрген серіктері. – Олардан не үйрендің? – Ой, ол жақта балықтар жүзбейді екен. – Онысы несі, балықтың жүзбегені қалай? – Көптігі сонша, жүзуге орын таппай, тігінен қадалып ауа жұтып тұрады екен. Әзілдеп айтылса да, осы сөзде шындық бар. Дүние жүзінде азық-түлікті көп экспорттаушы елдердің біріне айналып отырған Қытайда спорттық жарыстарға біршама рет бардық. Спорттық жарыстардан қалт еткенде ауыл шаруашылығын көзбен шолып, көңілге тоқи жүреміз. Халқы орасан көп, жері тозыңқырап бара жатқан Қытайда бір кереметті көрдік. Төртке бөлінген тоған. Бір жағында «Бейжің үйрегі» ас мәзірімен таныс құс шаруашылығы, бір жағында балық өсіріліп жатыр. Ауыстырып жүру қымбатқа түскендіктен су қара сорпаланып кеткен. Сонда да шаруалар сол жерден күреп пайда тауып отыр. Жұмыртқа мен күрішті қолдан жасап, қу бастан қуырдақтық ет алған сырдаңдардай қытай кәсіпкерлері ақша табудың көзін біледі. Оларға тек жер керек. Тақырға айналған құла түзден су шығарып, аздаған жылдарда шүйгінге айналдырып жібереді. Ал біз ағын суды Үкіметтің өзі жырып әкеліп беріп, ақша керек болса, мінекей деп бизнес-жобалармен қоса беріп тұрған жерлерді толық игере алмай жатырмыз. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев биылғы жылды «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялаған. Биыл айтты, келесі жылы бұл тақырыпты жылы жауып қоя саламыз дейтіндей емес, алдағы жылдарда да өзекті мәселе ретінде күн тәртібінен түспейді. Облыс басшысы аудан, қалалардағы сапарларының негізгісі ретінде осы мәселені алға салып, әкімдердің бүгінге дейін атқарған жұмыстарын саралап келеді. Кәсіпкерлікті қолдауда өзгелерге үлгі болып жатқандары да бар. Аймақ басшысы бұл ретте Қызылорда қаласын жиі мысалға алады. Қала мен маңындағы шағын кент, ауылдарды қосқанда үш жүз мыңға жуық халық тұрады. Бүгінде 20 мыңға жуық шағын кәсіпкерлікпен айналысатын субъектілері бар қала осы саланың 48,8 пайызын жауып отыр. Бұл – жақсы көрсеткіш. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың келтірген деректеріне сүйенсек, шағын және орта бизнесті өркендету жолындағы өрелі істер аз емес. Қалада биыл 5 айда 1,5 мыңдай кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 1700-дей жұмыс орны ашылған. 2018-2020 жылдарға арналған жоспар бойынша мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 600-ге жуық жобаны іске асырып, 1000-нан астам адамды еңбекпен қамтуға мүмкіндік туады. – «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына сәйкес жыл басынан бері құны 398 млн 497 мың теңгені құрайтын 65 жобаға қаржы ұйымдары қолдау көрсетті. Соның нәтижесінде елді мекендерде 2 наубайхана, бір-бір тігін цехы, қонақүй, автокөлікке техникалық қызмет көрсету орталығы жұмысын жүргізді. «Береке», «Ырыс» бағдарламалары негізінде 5 кооперативтің 138 мүшесі 2814 мүйізді ірі қара сатып алды. Жыл соңына дейін қаржы ұйымдарына тағы 51 жобаның құжаты ұсынылады, – деді қала басшысы. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы да облыс орталығында кәсіппен айналысатындардың қатарын көбейте түсті. Биыл конкурстық комиссия назарына ұсынылған 171 жобаның 52-сі мақұлданды. Ал өткен жылы 29 жобаға қайтарымсыз қаражат беріліп, 70-тей жұмыс орны ашылған еді. Жалпы, мемлекет қолдауының арқасында осы 5 ай ішінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен түскен салық көлемі былтырғыдан 130 пайызға артқан. Жиын барысында кент, ауыл әкімдері шағын кәсіпкерлікке байланысты жасалып жатқан жұмыстар жайында есеп берді. Өңірлік кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры Қамар Бекетова халық арасында түсіндірме жұмысы кеңінен жүргізілгенін, осыдан кейін орталық көмегіне жүгінушілер саны арта түскенін айтты. – Бүгінге дейін қалаға қарасты барлық елді мекенді аралап шықтық. Мамандар тарапынан 1610 қызмет түрі көрсетілсе, оның 1213-і нақты көмек. Орталық қызметін пайдаланатындардың қатарында Тасбөгет кенті алдыңғы орында тұр, – деді ол. Кәсіпкерлікті қолдауда ешкім мемлекетке, облыс әкімдігіне сын таға алмайды. Мәселен, биыл осы мақсатта жол картасын жүзеге асыру үшін 32 млрд теңге бөлінген. Стартап жобалар үшін 3,4 млрд теңге қаралған. Осының ішіне үздік жобаларға берілетін қайтарымсыз гранттар бар. Былай айтқанда, аспаннан салбырап түскен байлық. Тек жұмысыңды аяғына дейін жеткізсең болғаны. Пайда да, бизнес те өзіңдікі. Осы жағдайларды таразылаған облыс басшысы табыс табудың тек жеке тұлғаға ғана емес, мемлекетке де пайдалы екендігін айтты. Мәселен, бір орташа отбасыда алты адам болса, кем дегенде біреуі кәсіппен айналысуы керек. Алаңдайтындай жағдай жоқ. – Облыс тұрғындарының саны 807 мың шамасында болса, соның 97 мыңдайы өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз адамдардың қатарында. Бұл мәселені шешудің жаппай кәсіпкерлікті дамытудан басқа жолы жоқ. Ал кәсіппен айналысқан адам «үкімет асырайды» деген масылдық көзқарастан арылады. Өзіне де, елге де пайдасын тигізеді, – деді облыс әкімі. Қысқасы, көйлек көк, қарын тоқ болу үшін өз өміріңе өзің ие болып жұмыс жаса. Халықтың әл-ауқатын осылайша арттыру әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Жиында әкімдер жұмысына біраз сын айтылған. Көбісі жеңілдетілген несиені жұмысын жаңа бастайын деп талпынғандарға емес, мол қоры бар, бизнесін әрі қарай өркендету үшін қаржы сұрағандарға береді екен. Мұндағы қауіп түсінікті. Жеке шаруа банкротқа ұшыраса несие ауада асылып қалады. Ал онсыз да байлығы асып-төгіліп жатқан кәсіпкер несиені уақтылы төлей алады. Облыс басшысы мұндайға тоқтау салып, нағыз әкімдердің жұмысы жаңа жобаларды қолдап қуаттауда екендігін айтты. Жұмысты үйлестіре алмағандар аяққа оралғы болмай өз жөнін табуына бақылау жасалмақ. Көптеген өркениетті елдерде адамдар негізінен өз шаруасымен айналысады. Табыс табады. Заңды жолмен. Салығын төлейді. Зейнетақысы дайын. Үкіметте шаруасы жоқ. Бұл мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатты, экономикалық, әлеуметтік мәселелерді алаңсыз шешуіне септеседі. Облыста еңбекке қабілетті жүз мыңға жуық адамның жұмыссыздар санатында екенін айттық. Облыс басшысы осы тығырықтан шығудың жолы деп шағын және орта кәсіпті ұсынып отыр. – Жаппай кәсіпкерлікті қолдаудан негізгі күтілетін нәтиже, біріншіден, тұрақты жұмыс орындары ашылады. Екіншіден, салық базасы ұлғайып, бюджет кірісі артады. Үшіншіден, қоғамда әлеуметтік тұрақтылық қалыптасады. Сол себепті біз осы бағдарламаны барынша тиімді пайдаланып, аталған нәтижеге қол жеткізуіміз керек. Осы уақытқа дейін насихат шаралары жеткілікті деңгейде жүргізілді. Оған қоса, «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету» орталығы ашылып, жұмыс жасап жатыр. Әрбір ауылдық округ бойынша кәсіпкерлік бастамаларына көмек беретін жауапты адамдар бекітілді. Енді тек нәтиже сұралады, – деді облыс әкімі жиында. Әкімдерге де сын сағаты таяды. Күзде жыл бойғы жасалған жұмыстардың есебі алынады. Жақсы бастаманың нәтижелі болғандығы тек облыс халқы үшін ғана емес Үкіметке де абырой, мемлекеттің жүгін жеңілдетеді. Халық бақуатты өмір сүреді.
Бақтияр ТАЙЖАН
egemen.kz
28 маусым 2018 ж. 1 195 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 87

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930