Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әшекейдің әдебі

Әшекейдің әдебі



Фото: ашық дереккөзден
Қазақ халқы қолөнерден кенде емес. Олардың жиһаздық бұйымдар мен зергерлік заттардың, ұлттық киімдердің түрі көп. Қашанда қазақ зергерлерінің таза күміс, алтыннан білезік, сырға, сақина, жүзік соғуы, оны құйып жасауы – үлкен шеберлікті талап етеді. Бұрындары әйел әшекейінің ең қымбаты – ұзатылатын қыз үшін жасалатын сәукеле болған. Сол заманда зергерлер әшекейлерден сақина мен жүзік көп жасаған. Олар түрлі пішінде, астарлы мағынада соғылатын болған.
Атап айтқанда, сақина мен балдақ саусаққа салынады. Негізінен, әйелдердің сәндік бұйымы саналғанымен, ерлер қолына салатын да сақиналар бар. Сақиналар әшекей мәнеріне, көздерінің бейнелеріне қарай бөлінген. Тасты, моншақты, Кавказ, құсмұрын, ырғақ, бұрамалы сақиналар және тағы басқада түрлері кездеседі.
Сақиналар көбінесе, сом күмістен соғылады. Қай заманда да шеберлер сақина, сырғалардың көздеріне дайын күйіндегі әсем де, қымбат тастарды пайдаланады. Мәселен, теңбіл (сланец пятнистый), су (хрусталь), көк (малахит), құлпырма (перламутр), құбыла (александрит), зүбәржат (изумруд), жақұт (яхонт), лағыл (рубин), жарқырауық (самоцвет), гауһар, янтарь, ақ тастарға мән беріледі.
Халық нанымында асыл тастардың кейбіреуі адамға құт әкеледі. Жаңбыр шақырады, тіл-көзден сақтайды. Янтарьдың ғажайып сипатын грек ғалымдары осыдан 2500 жыл бұрын білген көрінеді. Оны парсы тілінде Хахруба «өзіне тартқыш» деп атайды екен. Әсілінде, бір түрлі ағаштың сорғыған шайырынан шығады. Оның ішінде құрт, құмырсқа, қоңыз сияқты жәндіктердің денесі тірі қалпында қалып та қояды.
Қазақ тілінде сақинаға байланысты көптеген атаулар қалыптасқан. Ақық – кішкентай ақық қондырылған. Алтын – таза алтыннан жасалған. Балдақ – сақинаның саусақ үстіне қараған беті төртбұрыш болып келетін түрі. Бұрама – алтын, күмісті есіп жасайды. Жез – саусаққа салу үшін емес, қамшы, найза, пышақ, қылыш сабын бекіту үшін әзірленеді. Кавказ – қара ала өрнекті түрі. Күміс – таза күмістен құйып дайындайды. Қола – қоладан жасалған арзан сақина. Моншақты – моншақ қондырылған әшекей. Құсмұрын – үсті дөңестеу келген жүзік. Мыс – мыстан жасалған ортан қол бұйым. Неке сақинасы – жас жұбайлардың үйлену тойында бір-біріне сыйлайды. Сақинек – пышақ, қылыш тағы басқа құралдардың сапа жетесі сұғылатын жерін қысып тұру үшін мыс не күмістен жасалатын балдақ, мойнақ. Сіркелі – бетіне ұсақ түйіршіктерден сірке өрнек салған. Тасты – тас, шыны орнатқан. Темірден жасалған тығыршық, сақинек – темір сақина деп аталады.
Сақинаның бауыры жүзікке қарағанда жалпақтау келеді. Сақина мен балдақты жүзік деп те атай береді. Ерлер сақинаны бір қолына ғана салады. Нәзікжандылар барлық саусақтарына екі-үштен қосарлап таға береді.
Ұлттық салт бойынша қыз шешесінің құдағиына сыйлайтын, қос дөңгелекті, үсті тұтас қомақты, асыл тастардан көз қондырылып, алтынмен қапталған қымбат бұйым – құдағи жүзік. Ол кәдімгі қос балдақ жүзікке ұқсас болғанымен, одан көркем, ерекше жасалынған. Қыздың шешесі құдағи жүзікті зергерге әдейі тапсырыспен жасатады. Екі жастың қатар тұрған қос балдақ, сақина тәрізді қартайғанша, бірге өмір сүруін тілейтіндігінің белгісі ретінде сыйға тартады. Бұл бұрын бұлжытпай орындалатын салттардың бірі болған.
Құдағи жүзіктің бауырында екі саусаққа бірдей кигізетіндей қосарланған екі сақинасы болады. Оның беті асыл тас, түсті шынымен, алтындалып әсемделеді. Кей жерлерде ұзатылған қыздың енесіне бір жылдан соң тарту етіледі. Себебі, құдағи жүзік жаңа түскен келінге шын мәнінде аналық қамқорлық жасаған енеге берілуге тиісті. Бір жылдың ішінде кіші, үлкен енелерінің қайсы аналық қамқорлық көрсете білді, ол өзінен-өзі анықталатын ақиқат. Құдағи жүзікті оң қолдың ортаңғы саусағына кигізгенде, оның төрт саусақ сыртын түгелдей жауып тұруы шарт.
Сақина – естелік, сыйлық, әрі мұралық белгі саналады. Ғасырлар бойғы қалыптасқан дәстүр бойынша, ас адал болуы үшін оны дайындайтын, дастарханға қоятын, шай құйып беретін әйелдің саусағында міндетті түрде сақина болуға тиіс. Негізінде, әйелдерге күміс сақина тағу ұсынылады. Дегенмен, алтын сақина тақса да айып емес. Оның да жақсы әсері бар екендігі айтылады. Сол себепті, «Сақинаны сәнге салмайды, ол – тазалыққа таразы» дейді. Бұл сақинаның сәндік қана емес, гигиеналық та қызмет атқаратынын байқатады.
Бағзыдан бабалар сақина соғылатын күміс, алтынның таттануға ұшырамайтынын, судың, тамақтың тез бұзылмауына септігін тигізіп, денсаулыққа жағымды әсер ететінін білген. Содан да болар, жас келіншек нәрестесін шомылдырарда, жаялығын жуарда, тамақ дайындарда ауылдағы қарт әжелердің: «Қолыңа күміс сақинаңды салып ал, ол тазалыққа, адалдыққа жақсы», – деп айтып отыратыны. Нәрестені қырқынан шығарарда, оны шомылдыратын суға да күміс теңгелерді немесе күміс, алтын сақинаны, білезікті салады. Зергерлік заттарды сәбиді қырқынан шығарушы әйелдерге арналған сыйлық қана емес, халқымыздың сондай асыл заттарды қасиетті санауынан қалыптасқан дәстүр.
«Сақинасы ұстап отыр» деп басы ауырған адамды, «сау басына сақина тілеп алды» деген де тектен-текке дау-жанжалға қалған адамды айтады. Болжам бойынша неке сақинасын алмастыру дәстүрін мысырлықтар ойлап тапқан. Сақинаның дөңгелек қалпы – мәңгілік жұптар арасындағы шексіз бақыт пен махаббатты білдіреді. Той күні қонақтардың күйеу жігіт пен қалыңдыққа жақындауы бақыт әкеледі деп есептелген. Бұрынғы наным-сенімде бұл күні қос аққудай жарасқан қалыңдық пен күйеу жігіт құдайдың шапағатына бөленеді-міс. Еуропалықтар жас босанған ананың саусағында міндетті түрде неке сақинасы болуға тиіс деп ырымдаған. Олардың түсінігінше, сақина қиналмай босануға көмектеседі. Скандинавиялықтар нанымында, қаралы жанұя мүшелеріне 40 күнге күндіз-түні саусағынан бір сақинасының алынбауы бұйырылады. Олай болмаған жағдайда, марқұм көңілден кетеді. Ұмыт болса, марқұмның рухы, қайта оралып, ұйқыға кеткенде сақина тақпағанды қинайды, тұншықтырады. Скандинавия елінде соған сенеді. Жүзік, сақина жөнінде медицинада түрлі сенім, болжам, ырым-жоралғы көп.
Мамандардың тұжырымы бойынша қалың, ауыр немесе тар сақиналармен саусақтарды «қинауға» болмайды. Әр саусақта – бүйрек, бауыр, өт, жүрек, жүйкеге тікелей байланысты нүктелерді дөп басады. Жүзік, сақиналар бүкіл қантамыр жүйесіне оң әсер ете алады. Сұқ саусақтағы сақинаның нерв (жүйке) нүктелері жүйке ауруын жазған. Сондай сақинаны ұдайы ең кіші саусаққа киіп жүрсе, адамға артесклероз, гипертония кеселдерін қондырады. Қазіргі медицина, оның ішінде Шығыс медицинасы сақинаның бәрін де түнде шешіп жатуды, тіпті, жылына бір ай сақина тақпай жүруді қуаттайды. Гректердің түсінігінде өлген адам жерленгенде, оның өнбойында сақина, сырға, алқа қалып қоятын болса, олардың сағасында, ығында жын-шайтан, дию-перілер де қалып қойып, о дүниеде марқұмды азаптайды екен. Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа дегендей, қыз-келіншектерге мерекеде, айтулы мерейтойда, туған күнінде бағалы әшекей таққан артықтық етпейді.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

07 наурыз 2024 ж. 227 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031