"Нан сатқандай таратып жатыр": Қазақстанда SIM-карталардың саудасын қысқарту ұсынылды
Фото: ferra.ru
Бүгін заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің отырысында мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай қазақстандықтарға SIM-карта сатуды шектеу ережелерін ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның сөзінше, бұл интернет алаяқтықпен күресуге септігін тигізуі мүмкін.
"Павлодар облыстық полиция департаментінің өкілдерімен, арнайы мамандарымен кездескенде SIM-карта беруді шектесеңіздер деген ұсыныс айтылды. Қоғамда оны кез келген дүкеннен сатып алуға болады. Бір кісі бірнеше SIM-карта ұстап жүре береді. Ал кей елдің тәжірибесінде оны тек байланыс операторының филиалынан ғана сатып алуға болады. Жекелеген дүкендер мұны нан сатқандай таратып сата бермейді. Осыған шектеу қойсаңыздар. Мамандар бір кісіге кем дегенде екі немесе үш сим-картадан артық берілмесе, үлкен көмек болатын еді деп отыр. Осы мәселені қарастыруға бола ма?", - деп сұрады депутат комитет отырысында.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілі Руслан Әбдіқалықов телекоммуникация комитетіндегі әріптестері осы мәселені көтеріп, байланыс операторларымен талқылағанын атап өтті.
"Шын мәнінде, қазір басқа модель, яғни оны сәйкестендіруді (активизация) ұсынып отырмыз. Себебі шектеу енгізілсе, оны біреуге қайта сататын адамдар пайда болуы мүмкін. Бізде адамдардың "іскер" екенін білесіздер. Сондықтан мемлекет тарапынан қажетсіз шектеу туғызбас үшін біз адам санын анықтап, содан кейін ғана SIM-активация жасауды ұсынамыз. Қазір мұндай ұсыныс қарастырылып жатыр", – деді басшы.