Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоғызқұмалаққа қызығушылық артуда

Тоғызқұмалаққа қызығушылық артуда

Қазалы ауданында ұлттық спорт түрлері жыл сайын тұрақты түрде дамып келеді. Негізінен көкпар, аламан бәйге, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату мен бес тас түрлері жақсы дамуда. Соның ішінде тоғызқұмалақ ойынына ерекше қызығушылық танытылуда.
Қазіргі таңда тоғызқұмалақ спорты бойынша ауданда 4 спорт шебері, 15 спорт шеберіне үміткер, бір ұлттық дәрежедегі төреші бар. Екі спортшы Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасына енді. Әлем чемпионатына 1 спортшы, республикалық жарыстарға 12 спортшы қатысты. Олар 3 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль иеленді. Облыстық жарыстарда 44 спортшы бақ сынап, 6 алтын, 10 күміс, 2 қола медаль еншіледі.
Сонымен қатар қазан айында өткен ауыл спортшыларының «Алтын күз – 2022» облыстық спартакиадасында тоғызқұмалақтан бірінші орын қоржынға түсті. Былтыр ұйымдастырылған Қызылорда облысының жекелей және командалық чемпионатында Ұлдана Маханбетамин жекелей жарыста жеңіс тұғырын бағындырды. Қыздар командалық жарыста жеңімпаз атанып, ерлер командасы да жүлделі үшінші орын иеленді. Тоғызқұмалақтан республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде Көркем Асқарқызы мен Ақзер Амангелді бірінші орын, Абылайхан Базарбаев үшінші орынға қол жеткізді.
– "Ұлттық ойындар рухани байлығымыз" атты мектеп оқушыларының облыстық спартакиадасында оқушыларымыз екінші орын алды. Жасөспірімдер арасындағы облыс біріншілігінде Жігерхан Қабылбаев үшінші орынды қанжығалады. Ардагерлер арасындағы облыстық жекелей біріншілігінде Еркін Әбдіразақ пен Ерғали Ниетов қолаға қол жеткізсе, Сәбит Шүленбаев жеңімпаз атанды. Ардагерлер арасындағы ҚР чемпионатында Сәбит Шүленбаев екінші орын, тоғызқұмалақтан мұғалімдер арасындағы облыстық спартакиадада тұғырға шықты, – дейді Сәбит Шүленбаев.
Тоғызқұмалақтан жаттықтырушының айтуынша, бұл ойын арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы – 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі.
Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды. Кейде бастаушы үшін – ақ жағы, қостаушы үшін қара жағы деген тіркестерді де қолданамыз.
Жүріс ойыншылар тарапынан кезектесіп жүріледі. Жүрісті кімнің жасайтыны жеребемен немесе қарсыластардың келісімімен анықталады. Жүріс жасау үшін өз жағыңыздағы отаулардың бірінен біреуін орнына қалдырып, қалған құмалақтарды қолға алады. Олар солдан оңға қарай бір-бірлеп таратамыз. Тарату сәтінде құмалақтар өз отауларымыздан асып кететін болса, қарсыластың отауына таратамыз. Егер соңғы құмалақ қарсыластың тақ санды құмалағы бар отауына түсіп, ондағы құмалақтарды жұп қылса (2, 4, 6, 10, 12), сол отаудағы құмалақтар ұтып алынып, өз қазанына салынады. Соңғы құмалақ қарсыластың жұп санды құмалағы бар отауына түсіп (3 құмалақтан басқа), тақ қылса немесе өз отауымызға түссе, құмалақ ұтып алынбайды.
Мәселен, тақтадағы алғашқы жағдайда бастаушы №7 отаудағы 9 құмалағын таратса, соңғысы қарсыласының №6 отауына барып түседі және ондағы 9 құмалақ соңғы құмалақпен 10 болып, ұтып алынады және қазанға салынады. Тоғызқұмалақ ойынында құмалақтан басқа ойында бір рет қарсыластың отауын ұтып алуға да болады. Оны ежелде – “тұзды үй”, қазіргі тілде – тұздық деп атайды.
Тұздық алу үшін жүріс жасаған кезде, қарсыластың екі құмалағы бар отауына таратқан құмалағыңыздың соңғысын түсіру керек. Сонда сол отауда қалыптасқан 3 құмалақпен бірге отау да ұтып алынып, ойынның аяғына дейін сіздің меншігіңізге айналады. Енді жүріс жасалған сайын тұздық алынған отауға түсетін бір құмалақ, міндетті түрде сіздің қазаныңызға салынып отырады. Тұздық алынған отауға арнайы белгі қойылады. Жазбаша түрде – Х деген шартты таңбамен белгіленеді. Осы жағдайда қостаушы ойыншы №7 отаудағы 10 құмалағын тарату арқылы, соңғы құмалағын бастаушының №7 отауына түсіреді. Ондағы 2 құмалақты үшеу етіп, осы құмалақтарды ұтумен қатар, бұл отауға тұздық жариялайды.
Ендігі кезде бүкіл ойын барысында №7 отау – қостаушының меншігіне айналады. Тұздық ойында бір рет алынады және №9 отаудан ешқашан алынбайды. Тұздық аттас отаулардан алынбайды.
Ойын аяқталуға жақындаған сайын әр ойыншының отауларындағы құмалақ таусыла бастайды. Әр құмалақ ұтып алынған сайын немесе тұздыққа түскен сайын қарсыластардың жүріс мөлшері кеми береді. Сондықтан ойын соңында қарсыластардың бірінің отауларында жүріс жасай алмайтын жағдай да кездеседі. Ойыншылардың бірінің отауларындағы құмалақты бірінші таусып алып, жүріссіз қалуы – атсырау деп аталады.
Атсырауға ұшыраған ойыншының қарсыласы бұл жағдайда қосымша бір жүріс жасап, барлық құмалақтарды өз қазанына салып алады. Тақтадағы жағдайда жүріс қостаушыдан. Ол №9 отаудағы 3 құмалағын таратады. Өз кезегінде бастаушы №1 отауға түскен 1 құмалақты жүреді. Қостаушы №9 отаудағы жалғыз құмалақты 1 отауға салады. Бастаушы кез келген отаудағы құмалақпен, мәселен, 6 отаудағы 2 құмалақтың бірін орнына қалдырып, екіншісін 7 отауға көшіреді.
Осылайша бастаушы отауларындағы барлық құмалақтты қазанына салып, ойынның есебін жүргізеді. "Атсырау" жағдайында қосымша жүріс жүрілген кезде, құмалақтар амалсыздан қарсыластың отауларының біріне түсіп, жүріс беретін болса, ойын әрі қарай жалғаса береді. Ойыншы ойын барысында 82 құмалақ жинаса, ойын бірден тоқтатылады. Бұл ойлау қабілетін дамытатын ойынның ережесі осындай дегенді алға тартты Сәбит Шүленбаев.
Атқарылған жұмыстың жетістігін баяндаған жаттықтырушы "Алтын күз – 2023" ауыл спортшыларының облыстық спартакиадасында ерлер жағы үшінші орынға тұрақтаса, қыздар командасы жеңіске жетті. Тоғызқұмалақтан Қызылорда облысының командалық чемпионатында қыздар чемпион атанды. Сондай-ақ ҚР кубогында Ұлдана Маханбетамин жеңіп шықты. ҚР командалық чемпионатында Қызылорда облысы екінші орын иемденгендігін айтты.
Тағы бір жақсы жаңалығымен бөліскен маман биыл қаңтар айында Қазалы спорт клубына тоғызқұмалақ ұлттық спорт түріне 1 бірлік штат берілгендігін сүйіншіледі. Аталған орынға Ұлдана Махамбетамин жұмысқа қабылданды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА




26 ақпан 2024 ж. 214 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031