Кәсіпкерлер кеңесі өтті
Сәрсенбіде облыс әкімі Н.Нәлібаев халық арасында мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізу туралы арнайы тапсырмасына сәйкес кенттік мәдениет үйінде кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес өтті.
Кәсіпкерлер кеңесіне Қазалы аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Айдарбекұлы, аудан прокуроры Дарын Әбішов, қала, ауылдық округ әкімдері, жергілікті салаға жауапты басшылар және аудан кәсіпкерлері қатысты. Сондай-ақ Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Қаниұлы мен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Айтбайұлы, кәсіпкерлерінің құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Болат Жолтайұлы, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Орынбасарұлы, мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары мен байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлсара Рашидқызы сынды бірқатар мамандар да болды.
Бұдан бөлек, жергілікті кәсіпкерлердің көкейінде сауалдарға жауап бермек болып келген «Байқоңыр» Әлеуметтік Кәсіпкерлік Корпорациясы» АҚ «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несиелеу бөлімінің басшысы Бахыткүл Әділбекқызы, «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Айзат Өмірзаққызы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда филиалының несиелендіру бөлімінің бас маманы Ержан Ерболұлы және «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы қаржы ұйымдарынан да мамандар келді.
Еркін, сұрақ алмасу форматында өткен жиында мамандар кеңесіне зәру болған кәсіпкерлердің көптігі соншалық, мәдениет үйі залында ине шаншар орын қалмады. Алдымен мамандар әртүрлі бағыт бойынша баяндама жасады. Сонан соң, сауалдар легі келіп, "Сыр маржаны" ЖШС директоры Мінәжадин Өттев кәсібін кеңейту мақсатында белгілі бағдарламаны қолдана отырып, несие алғысы келген жандардың кездесетін мәселесін көтерді.
– Бүгінде ауданның кәсіпкерлік көкжиегі кеңейгені соншалық, кей жерлерде Қазалыны екінші Түркістан атап кеткен. Сауда-саттықтың қарқыны жақсы, бәсекелестік көп болған соң да тұрғындар жайы едәуір жақсарып келеді. Осыған орай, мұндағы әрбір көтерілген баспана, ғимараттар сапасы да жақсы. Тіпті кәнігі үйдің өзі 60-70 миллион теңге тұрады. Ал енді, осындай соммаға салған баспанасын мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие алғысы келген жандар кепілге қояйын десе, мамандар тарапынан дұрыс бағаланбайды. Мәселен, 15-20 миллион шығын кеткен баспананы бағалауда 4-5 миллион теңгеге шығарады. Менің ойымша бұл – үлкен мәселе. Осыны қолға алып, қайта қарасаңыздар, – деген ұсыныс-тілегін жеткізді кәсіпкер.
Басқа да, құжат дайындау барысында кезігетін мәселелер мен қаржыландыруға байланысты ұсыныстар айтқан аудан кәсіпкерлері өздерін мазалап жүрген сұрақтарына ұтымды жауаптарын алды. Сонымен қатар мамандар алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау алуға ниет білдірген азаматтарға қатысты барлық сүйемелдеу жұмыстарын жүргізетініндерін айтты.
Серік АҚМЫРЗА