Тәрбие басы – тал бесік
Қазақ салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа бай халық. Нәресте анасының құрсағына біткен сәттен-ақ түрлі дәстүрлер орындалады. Мәселен, жүкті болған келіннің енесі ауыл әйелдерін шақырып, қонақ етеді. Олар үйлерінен бір-бір дәм пісіріп әкелетін болған. Оның себебі – келіннің жерік болып жүрген асын тауып беру. Бұны құрсақ шашу дәстүрі деп атаған.
Ал келін толғата бастаған сәтте енесі қыстай сақтаған жылы-жұмсағын қазанға салып, «жарыс қазан» асу қамына кіріседі. Бұл келін тез босансын деген ниеттен туған ырым. Жаңа туған нәрестені әртүрлі «жын-шайтан», «перілердің» салқынынан қорғап, күзету үшін шілдехана өткізеді. Немерелі болған әже сүйінші сұратып, жас балалар мен келіндерін жан-жаққа жібереді. Нәрестеге үш күннен қалмай ат қойылады. Баланы бесікке салу дәстүрі де ерекше аталып өткен. Бесік жасалуына қарай иіп жасалған және тік бұрышты бесік деп аталған. Материалы бойынша тал, қайың, қарағай бесік деп те бөлінген. Оның жабдықтары – құс төсек, құс жастық, бесік көрпе, жөргек, тізе жастықша, қолбау, тізе бау, түбек. Бесіктің өзіне тән құрылысы бар. Ол белағаш, алдыңғы бас, артқы бас, жақтау, сабау, шабақ, тақтай, жоға, түбек, шүмектен тұрады. Бесікке салу кезінде де бірнеше дәстүр орындалады. Алдымен бұл тойға жиналғандар шашуын ала келеді. Ауылдың жасы үлкен, беделді әйелі бесік жабдықтарын орын-орындарына қояды. Баланың ұйқысы тыныш болуы үшін және жын-шайтандарды қуу мақсатында адыраспанды отқа жағып, түтетіп, баланы бөлерден бұрын бесікті айналдырып, аластап шығады. Бұдан соң тыштыма ырымы жасалады. Бесіктің түбек тесігі арқылы бауырсақ, кәмпит, тағы басқа тәттілер жапа-тармағай астына тосылған алақандарға тасталады. Әрбір жақсылықты шашу шашумен қарсы алатын халқымыздың бұл дәстүрі «балаға бесік құт дарытсын» деген ниеттен туған рәсім. Бала бөленген бесіктің үстіне жеті нәрсе жабу да бар. Ең бірінші бесік көрпе, одан кейін шапан, кебенек, тон, сонымен бірге жүген және қамшы сияқты бұйымдар жапқан. Тон, шапан жабу – ержеткенде халықшыл болуына, жүген – тез өсіп, ат үстіне ойнақ салсын, кебенек пен қамшы – ел қорғайтын ер болсын деген тілек. Нәрестені қырқынан шығарудың да өзіндік жөн-жоралғысы бар. Ұл баланы қырық күнге жеткізбей 37, 39 күнде, қыз баланы 42, 44 күнде қырқынан шығарады. Баланы шомылдыру кезінде ыдысқа қырық қасық су құйып, теңгелер салынған суға баланы жуындырады. Сүт тырнағын алып, оны адам баспайтын жерге көмеді. Қарын шашын шүберекке түйіп, тұмарша қылып тігіп, баланың оң иығына қадаған. Жалпы сәби шашын еш уақытта ашық-шашық жерге тастамайды. Адам аяғы баспайтын жерге көміп отырған. «Қарын шаштың қарғысы қатты болады» деген мақал осы салттан қалған деседі. Бала қырқынан шыққанша киетін «ит көйлегін» оны қырқынан шығару кезінде түрлі тәттілер түйіп, иттің мойнына байлаған. Жас балалар итті қуып жетіп, тәттілерді өзара бөлісіп алады. Бойына бала бітпей жүрген әйелдер «ит көйлекті» қалап алатын да дәстүр бар.
Бұл қазақ халқының бала тәрбиелеудегі салт-дәстүрінің бір парасы. Түсіне білгенге барлығының астарында үлкен тәрбиелік мән жатыр. Өмірлік тәжірибеде көріп келе жатқан осынау көріністердің келешек ұрпақ мағынасын ұғынып өссе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА