Қазақтың байырғы кәсібі
Қазақ ықылымнан негізінен мал шаруашылығымен айналысқан. Табиғатынан көшпелі халық. Сонымен қатар егіншілік, балықшылық, аңшылық, орман шаруашылығы секілді кәсіптерді де қоса меңгерген. Әсіресе табиғатпен етене жақын өскен қазақ халқы үшін аңшылықтың орны ерекше болған. Ит жүгіртіп, құс салып саятшылық жасаған.
Біздің кейіпкеріміз Нағашыбай Ақтасов та аңшылыққа бала кезден бет бұрған. Сұр мергеннің жасы егде тартқандығына қарамастан тың, қимылы ширақ. Ол алпыс жылдан астам уақыт құс пен қоянды қосауыз мылтығымен көздеп, атып түсіруге әбден машыққан.
– Аңға шығарда арнайы рұқсат берілген жолдама аламыз. Заңды аңшылықпен айналысуға арналған лицензиям бар. Құс атуға қыркүйек айынан қаңтарға дейін мұрсат береді. Бұл ерекше құмарлықтан туындайды. Әкем қой баққан. Жанында жүріп, қыста қансонарда аңға шығамыз. Кейін ауылдың айналасына жалғыз өзім бара беретінмін. Қазір аңшы замандастарыммен бірге шығып тұрамыз. Қасқыр, киік, қабан аулауға қызығушылық танытпадым.
Құс пен қоянның ізін кесіп, атып алсаң ерекше рахатқа бөленесің. Бұл азыққа деген мұқтаждықтан туындамайды. Ер азамат болған соң табиғатқа шығып, аңшылықтан айрықша күш-қуат аласың. Қазір қоян ұстауға келесі күзге дейін рұқсат жоқ, – дейді Нағашыбай Ақтасов.
Аңшының айтуынша, қоянның өзіне жетерлік айласы болады. Ізін жан-жаққа жүгіріп қалдырады да, сол жерден төрт метр қашықтыққа дейін секіріп, бұта арасына тығылады. Ал қырғауылдарда айлакерлік болмайды. Бұл қысты байқау оңай. Өйткені өзінің иісі арқылы сол маңайды жүргенін білдіріп қояды. Дегенмен балапан басқан кезінде мұндай иісі мүлдем жойылып кетеді. Ондайда түлкі де, өзге де жыртқыш пен жыландар сезбей жанынан өтіп кетеді-мыс.
– Бірақ аңдардың арасындағы ең айлакері қасқыр. Басқа аңшылармен кезігіп қалғанда еститініміз көп. Таңғалдыратын оқиғаларды бастан өткеріп, көздерімен көргендерін айтқанда апырмай десеміз. Оларды нағыз әккі деген аңшының өзі кейде нысанадан жоғалтып алатын көрінеді. Сөйтсе, ол жарықтық қуғыншыдан тығылудың түрлі әдісін қолданады екен. Тіптен ағашқа немесе бағанға жабысып тұрып алады-деседі. Оны дәл солай жасайды деп ойыңа келмейді. Дала түзі мылтық ата алмайтын адамды да жазбай біледі. Оның жанынан еш қорықпастан жортып өтеді. Қасқыр жыртқыштардың ең қуаттысы. Кейбірі ішіндегі мықтылары болуы керек. Бар пәрменімен атылғанда екі метрдей биіктікке дейін секіре алатын қасиетке ие өте күшті аң санатында. Сұсы да адамның үрейін ұшырады. Дегенмен халық арасында сондай қасқырды жалаң қолымен қылғындырып өлтірген әйел жайлы естігенмін. Оны өз көзіммен де көрдім. Ойлағанмын ірі денелі келіншек болар деп, ал ол арықша келген кәдуілгі қара әйел. Таңғалысымды жасырмай, қалайша қасқырды буындырып, мерт қылғанын сұрағанымда: "Түн ортасында тысқа шыққан бойым еді. Оқыстан қасқырдың маған қарай жүгіріп, атылғанын көргенімде екі қолымды созып, тамағынан шап бердім. Зәрем қалмады. Маған да жан керек, қаттырақ қыса бастадым. Қайта алдыңғы аяғы кеуде тұсыма жетпеді. Жеткенінде бүріп, осып алар ма еді. Ал артқы аяқтарының тырнақтары саныма батса да шыдадым. Тыртық іздері қалып қойды дегенде жағамды ұстағанмын, – дейді Нағашыбай Ақтасов.
"Жалпы ер азамат түздің адамы ғой. Мауқымымды басу үшін біруақ таңнан кеш батқанға дейін ен даланы кезіп, құс пен қоян атып келемін. Аңшы үшін нағыз бақыт осы", – дейді қария.
Бүгінде ата жолын жалғастырған кәсіпкер ұлы ат бегілікпен шұғылданып, аңшылықты қызығушылығына айналдырған.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА