Жаңа Құрылыс кодексі: Жоспарлы инспекциялау тетігі енгізілмек
Фото: freepik.com
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына заң бұзушылық орын алған құрылыс нысанындағы жұмыстарды тоқтату құқығы берілмек. Бұл туралы бүгін Мәжілісте жаңа Құрылыс кодексін талқылауға арналған сарапшылық кездесуде Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин айтты.
«Жедел ден қою шарасын енгізу — бұл құрылысты бақылаудың жаңа нысаны, ол анықталған заң бұзушылықтарға жедел ден қоюдан тұрады. Бұл механизм мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына заң бұзушылықтарға уақтылы ден қоюға мүмкіндік береді. Өрескел заң бұзушылықтар анықталған кезде ол жойылғанға дейін құрылысты тоқтата тұру мүмкіндігі болады. Бұл ретте, тексеру субъектісіне барудан басқа, аталған шара ақпараттық жүйелер мониторингінің нәтижелері бойынша да қолданылатын болады. Жалпы, бұл механизм құрылыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді және құрылыс компанияларының жұмысына сапалы бақылау жүргізуді қамтамасыз етеді деп санаймыз», — деді Тимур Қарағойшин.
Оның атап өтуінше, «Жоспарлы инспекциялау» тетігін енгізіледі. Салынған объектілерді қабылдауға мемлекет атынан Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және Төтенше жағдайлар органдары қатысады.
«Жоспарлы инспекциялау құрылысқа тапсырыс берушінің өзі жасаған және құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарламамен бірге берілген кесте бойынша мемлекет тарапынан тексеруді жүзеге асыруды білдіреді. Инспекциялау жоспары болған кезде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары инспекторларының құрылыс нысанына тексеріске шығуы барлық кезең ішінде кестеге сәйкес жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары орындалған жұмыстардың сапасы туралы қорытындыны құрылыс нысанына шықпай-ақ келіседі. Инспекциялау жоспары болмаған кезде орындалған жұмыстардың сапасы туралы қорытындыны келісу рәсімі құрылыс нысанына барып және жүргізілген құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын тексеру бойынша барлық қажетті шараны жүргізе отырып жүзеге асырылады», — деді вице-министр.