Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ережеп – рухани дайындық айы

Ережеп – рухани дайындық айы

Тұғырлы тәуелсіздігімізбен бірге қайта қауышқан жауһар құндылықтарымыздың бірі һәм бірегейі ретінде дінімізде бекітілген қасиетті күндер мен шұғылалы түндер екенін ерекше атауға болады. Анығында, Құран мен сүннетте белгіленген иләһи шақтар – адамзат баласы үшін бақыт қақпасының, яки, кемелділіктің кілті іспетті. Ендеше, қасиетті айлардың хикметі мен алдағы күндері қауышатын Ережеп айының кештерінің рухани сырына аз-кем тоқталып өтсек.
Ережеп айы – Исламдағы қасиетті төрт айдың бірі болып есептеледі. Бұл ай Алланың айы деп аталады. Бұл айда исра және миғраж түні және рағайып түні бар. Сондай-ақ Пайғамбар сүннет еткендей нәпіл ораза ұстауға болады. Биыл бұл ай қаңтардың 13-нен басталды.
Араб халқы ерте замандардан бері айларды «Қамари» айлар деп таныған. Ибраһим мен Исмаил (ғ.с) заманынан бері бұл он екі айдан төртеуі қасиетті айлар болып есептеледі. Бұл айларда соғысуға, қан төгуге тыйым салынады. Себебі – ол айларға құрмет көрсету еді. Осы уақытта бір-бірімен соғыспай, ғибадатпен айналысатын. Бұл айларға құрмет ететіні сонша, әкесін өлтірген адамды көрсе, оған қол жұмсамайтын. Алла Тағала осы қасиетті айларда күнә істерге және қан төгіске тыйым салды. Әрине, Алла Тағаланың тыйымдары негізінде бүкіл уақытқа арналған. Бірақ басқа айларға қарағанда бұл айларда күнә істерге мұқият болуға дініміз үндейді.
Ережеп айының барша мұсылмандар үшін орны бөлек. Алланың айы саналатын Ережеп айында қайырымды істерді атқарып, нәпіл және түнгі құлшылықтарды көптеп жасасақ, сауабының да молырақ болары сөзсіз. Алладан шын кешірім сұрап, тәубесіне келген пенденің дұға-тілектері мен құлшылықтарын қабыл етеді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтады: «Кімде-кім қасиетті (харам) айларда (Зулқағда, Зулхижжа, Мұхаррам және Ережеп) үш-үш күннен ораза ұстаса, амал дәптеріне тоғыз жүз жылдық ғибадаттың сауабы жазылады». Хадисті риуаят еткен Әнәс ибн Мәлик (р.а.) бұл хадис жайлы «Егер осы хадисті Пайғамбарымыздың аузынан естімеген болсам, керең болайын», – деген екен. Пайғамбардың бұл сөзі Ережеп айын құлшылықпен өткізген пендесіне Алланың жақсылығы мол келетіндігін байқатуда.
– Осы айда ұстаған нәпіл оразаның сауабының көптігі жайындағы хадисте: «Шындығында, жәннатта бір өзен бар. Оны «Ережеп» деп атайды. Оның суы сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде-кім Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Алла Тағала ол пендесіне осы өзеннің суын ішкізіп, дәмін татқызады», – делінген. Алла Елшісі (с.ғ.с.) тағы бір хадисте: «Мені мұқият тыңдаңдар! Ережеп адамдардың ұрыс-керіске араласпай тыныш, бейбіт жүретін Алланың айы болып табылады. Кімде-кім жүрегімен сеніп және шын пейілмен маңыз беріп, Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Ұлы Алланың ризалығына бөленеді», – деп айтқан. Ережеп айында қасиетті түн бар. Ол – Миғраж түні. Миғраж – Ережеп айының 26-нан 27-сіне қараған түн. Миғраж оқиғасы хижреттен бір жарым жыл бұрын Ережеп айының жиырма жетінші түнінде болды. «Миғраж» сөзі «жоғары шығу», ал «Исра» сөзінің мағынасы «түнгі сапар» дегенді білдіреді. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде Миғраж оқиғасын былайша баян етеді: «Құлын (Мұхаммедті ғ.с.) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Масжид Харамнан біз айналасын мүбарак қылған Масжид Ақсаға апарған Алла, әртүрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз, Ол естуші, білуші». Қорыта айтқанда, Хақ Елшісінің (с.ғ.с.) өзі Ережеп, Шағбан, Мұхаррам, Шәууал айларында ауыз бекітіп, руханиятқа ерекше көңіл бөлген. Ережеп айының жұлдызы туғанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уа, Ұлы Жаратушы! Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ете көр! Бізді қасиетті Рамазанға аман есен жеткізгейсің!» деп дұға жасаған. Сондай-ақ Алла Елшісі (с.ғ.с.) Ережеп пен Шағбан ұдайы ауыз бекітіп, нәпіл ғибадаттарды молынан атқарған, – дейді дінтанушы Ілияс Мақсұтұлы.
Жалпы Ережеп айында ораза ұстайтын кісі күнделікті намаз кестесін негізге алады. Дәлірек айтқанда, таң намазы кірген уақыт – ауыз бекіту уақыты болмақ. Сол уақытқа дейін сәресі ішіліп болуы керек. Ал ақшам намазының кірген уақыты ауыз ашар уақытының кіргенін білдіреді. Ауыз бекітерде оқылатын арнайы дұғасы жоқ. Маңыздысы – ниет. Күні бойы еш нәр татпастан Алла ризалығы үшін ораза ұстауға іштей діттеп, ниет білдірсеңіз болғаны. Ауыз ашарда қазақшалап тілек тілеп, қалаған нәрсеңізді Жаратушыдан сұрасаңыз болады.
Ақиқаттың ақжал толқыны сахабалар да осы мезгілде бір ерекше қарқынмен құлшылық жасайтын. Парызбен қоса нәпіл құлшылықтарын орындап, жоқ-жітікке, жетімдер мен кембағалдарға қол ұшын созып көмектесетін. Сол үшін исі мұсылман жамағаты мұндай қасиетті айларды құр жібермей, қадір-қасиетін бағалап, бейне құлшылық пен ізгілік жасауда жарысқан жандардай күй кешкені жөн.
Ережеп айының келуімен алдағы Рамазан айының да лебін сезе түсеміз. Рамазан айына деген рухани дайындығымызды пысықтай түсуде Ережеп айының берері мол. Өйткені, ережеп – Алладан келер жақсылықтың бастамасы. Алла елімізге осы айдың берекесін нәсіп етсін. Жұрт тыныш, ел аман, дініміз бүтін, халқымыз аман болғай!

Серік АҚМЫРЗА
20 қаңтар 2024 ж. 202 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031