Қазақстандықтар 304 мыңнан астам шетелдік көлікті заңдастырған
Фото: inbusiness.kz
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі хабарлайды. Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген 304 мыңнан астам көлікті ел тұрғындары заңдастырған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ресми мәліметке сәйкес, елде 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасына әкелінген шетелдік көлік құралдарын заңдастыру жүргізілгені хабарланды.
"Жалпы, заңдастыру аясында қазақстандық есепке 304 мыңнан астам автокөлік тіркелді. Оның ішінде 21 мың авто құрылымдаушы, 55 мың автокөлік уақытша есепке алынды", - деп түсіндірді Ішкі істер министрлігі.
Сонымен қатар, ведомство өкілдері заңдастырудан өтпеген шетелдік автокөліктер техникалық және экологиялық талаптарға сай болса, барлық қажетті төлемдерді төлей отырып, әдеттегідей тіркелуге жататынын атап өтті.
Сондай-ақ, министрлік белгіленген тәртіппен тіркелмеген көліктерді пайдалану әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.