Онлайн-несиелеу кезіндегі қауіпсіздік шаралары күшейеді
Жоба электрондық тәсілмен микрокредиттер беру кезінде бағдарламалық қамтамасыз етудің қауіпсіздігін күшейту үшін әзірленген, деп жазады inbusiness.kz
Құжатта көрсетілгендей, электрондық тәсілмен микрокредиттер беру кезінде бағдарламалық қамтамасыз етудің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге құқықтық реттеудің болуы – тұтынушылық онлайн кредиттеу саласындағы қорғау деңгейін арттыру үшін қажетті құрал.
Қағидаларға "автоматтандырылған ақпараттық жүйе" ұғымы қосылады.
"Автоматтандырылған ақпараттық жүйе – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымда электрондық тәсілмен микрокредиттер беруді автоматтандыратын ақпараттық жүйе", - делінген құжат жобасына қоса берілген салыстырмалы кестеде.
Бұдан бөлек қағидалар "Автоматтандырылған ақпараттық жүйеге қойылатын талаптар" тарауымен толықты.
Автоматтандырылған ақпараттық жүйе веб-қосымшалар, мобильдік құрылғыларға арналған бағдарламалық қамтылым және бағдарламалық интерфейстер серверлерінің бағдарламалық қамтылымын қамтиды.
Қарыз алушы ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 71-бабына сәйкес зардап шегуші деп тану туралы қаулы енгізілген жағдайда, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым ұсынымды не қаулыны алған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей:
- мұндай микрокредит бойынша сыйақы есептеуді тоқтата тұрады;
- микрокредит бойынша берешекті өндіріп алуды және талап-арыз жұмысын тоқтатады;
- клиенттің микрокредит бойынша берешегінің болуы туралы ақпаратты кредиттік бюроларға жіберуді тоқтата тұрады;
- клиентке микрокредит бойынша сыйақы есептеуді, берешекті өндіріп алуды және клиент бойынша талап-арыз жұмысын жүргізуді тоқтата тұру туралы жазбаша хабарлама жібереді.
Сонымен қатар құжатта көрсетілгендей, клиенттің микрокредит алмау фактісін растайтын заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым 15 жұмыс күні ішінде:
- клиенттің осы микрокредит бойынша берешегін есептен шығару туралы шешім қабылдайды;
- осы микрокредит бойынша берешектің болмауы және ол бойынша мерзімі өткен күндердің саны туралы ақпаратты жіберу арқылы клиенттің кредиттік бюролардағы кредиттік тарихына түзетулер енгізеді;
- микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым бұрын өндіріп алған не клиент дербес өтеген осы микрокредит бойынша берешек сомаларын клиентке қайтаруды жүзеге асырады.
Құжатты жария талқылау "Ашық НҚА" порталында 6 қазанға дейін жалғасады.