Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құтыдағы "У"

Құтыдағы "У"

Энергетикалық сусындар – адамзаттың бертінде ойлап тапқан өнертабысы. Алайда олардың құрамындағы заттар жүйке жүйесі жұмысын арттыру үшін бұрыннан пайдаланылып келеді. Энергетикалық сусындар емтиханға дайындалып жүрген студенттерге, жұмысын уақытында тапсырып үлгермей жүрген қызметкерлерге, спорттық рекордтарға ұмтылған спортшыларға, шаршаған жүргізушілерге нағыз құтқарушы болды.
Сусынның бір құтысынан бар шаршағаныңыз кетіп, ұйқы қысу басылып, жаңа әрекеттерге дайын боласыз. Дегенмен энергетикалық сусындардың зияны жайлы естісек те, олардың нақты қандай зияны бар екенін біле бермейміз. Ал дүкендерде бұл ғажайып сусынның еркін таралуы мен қолжетімділігі денсаулыққа алаңдамауға болатындай әсер береді.
Жарнамасы қандай?
Энергетикалық сусындар көңіл-күйді көтеріп, ой әрекетін жақсартады. Әркім өз қажеттіліктеріне орай энергетикалық сусын таба алады. Энергетикалық сусындардың кейбірі кофеинге негізделсе, екіншісі – дәрумендер мен көмірсулардан құралған. Кофеинге негізделген сусындар түнде жұмыс істеп, сабақ оқитын студенттер мен қызметкерлерге арналған. Ал дәруменді-көмірсулы сусындарды бос уақытын спортзалда өткізгісі келетін белсенді адамдарға пайдалануға болады.
Энергетикалық сусындар дәрумендер кешені мен глюкозадан тұрады. Дәрумендердің пайдасы бәріне мәлім. Глюкоза болса қанға тез сіңіп, қышқылдандыратын процестерге қатысады. Бұлшық ет, ми және басқа да маңызды мүшелерді энергиямен қамтамасыз етеді.
Бір шыны кофенің әсері 1-2 сағат сақталса, энергетикалық сусынның әсері – 3-4 сағатқа дейін жалғасады. Оған қоса, көптеген энергетикалық сусындар газдалған болып келеді. Бұл олардың әсерін кофеге қарағанда жеделдетеді.
Құтысы да ыңғайлы болғандықтан, энергетикалық сусындарды өзіңмен алып жүруге және кез келген жерде ішуге болады. Бұл да оның кофеден бір артықшылығы.
Энергетикалық сусындар орға жықпасын
Энергетикалық сусындарды белгіленген мөлшерлемеге сай тұтыну қатаң талап етіледі. Максималды мөлшер – күніне 2 құты сусын. Мөлшерден асыру – қан қысымының немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеп соғуы мүмкін. Осындай қуаты күшті сусындар Франция, Дания және Норвегияда ресми түрде рұқсат етілмеген және дәрі ретінде тек дәріханаларда сатылады. Өйткені өндірушілер жарнамалағандай, олардың құрамындағы дәрумендер мультидәруменді кешенді алмастыра алмайды.
Жүрек аурулары бар, гипо немесе гипертониямен ауыратын адамдарға энергетикалық сусындарды тұтыну құпталмайды. Ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді деген тұжырым – дәлелсіз. Сусында ешқандай энергия жоқ. Ол тек энергия қоздырушысы. Яғни біз өз энергия қорымызды пайдаланамыз. Қысқаша айтқанда, энергияны өзімізден қарызға ала тұрамыз. Алайда ерте ме, кеш пе бұл қарызды шаршағандық, ұйқысыздық, ашушаңдық түріндегі үстемемен қайтаруға тура келеді. Басқа да ынталандырушылар сияқты энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин жүйке жүйесін әлсіретеді. Оның әсері 3-5 сағат сақталады. Бұдан кейін ағзаға демалыс қажет. Сонымен қатар кофеинге адам тез әуестенеді.
Мамандар дабыл қағуда
– Глюкоза мен кофеиннен тұратын энергетикалық сусын жас ағза үшін өте зиян, – дейді Қазалы ауданаралық ауруханасы кардиология бөлім меңгерушісі Ләззат Серікқызы.
Көптеген энергетикалық сусындардың құрамында көп мөлшерде В дәрумені болады. Бұл жүрек соғысын жиілетіп, аяқ-қолдардың дірілдеуіне себеп болуы мүмкін екендігін мамандар қаншама рет айтса да тұтынушылардың сұранысы артып тұр.
Фитнеспен айналысушылар кофеиннің несеп айдағыш қасиеті жайлы жақсы білуі тиіс. Яғни, жаттығудан кейін энергетикалық сусын ішуге болмайды. Бұған себеп, жаттығу кезінде ағза онсыз да көп сұйықтық жоғалтады.
– Бізге жиі тіптен жасөспірімдер де түседі. Оларды бақылауға алғанда тамыр соғысы минутына – 150 рет соғып тұрады. Негізінде қалыпты жағдайда минутына – 70-80 ретке дейін соғады. Науқастармен әңгіме барысында олардың күнделікті энергетикалық сусын ішетіндігін білеміз. Кейбірі тіпті 4-5 құтысын ішуді әдет қылған. Не үшін, қолданатынын сұрасақ шаршағаным басылып, ұйқым ашылады деген уәждерін айтады, – дейді Ләззат Серікқызы.
Оның айтуынша, көбіне жүрек бұлшық етін жасанды түрде әсер ететін энергетикалық сусындар ағзаның негізгі мүшелерінің жұмысын тежейді. Осыдан келіп жастардың арасында жүрек ырғағының нашарлауы көбеюде. Келіп түскен науқастардың көп бөлігінде жүректің жетіспеушілігі бар.
Энергетикалық сусындардың құрамында таурин және глюкуронолактон бар. Таурин қажетті мөлшерден бірнеше есеге асып түседі. Осы жерде ойға салсаңыз 2 құты сусындағы глюкуронолактонның мөлшері күнделікті нормадан 500 есе көп деп зерттеушілер дабыл қағуда. Десе де бұл ингредиенттердің ағзаға қалай әсер ететіндігі ғалымдарға әлі белгісіз. Сондықтан таурин мен глюкуронолактонды мұндай жоғары мөлшерде пайдалану қауіпсіздігі әлі анықталмаған, әлі де зерттеулерді қажет етеді.
Энергетикалық сусындарды жүкті әйелдерге, балаларға, жасөспірімдерге, егде адамдарға, гипертониядан зардап шегетін, жүрек-қан тамырлары ауыратын, глаукома, ұйқысы бұзылған, тез қозғыш және кофеинге сезімтал адамдарға тұтынуға тыйым салынады.
Бұл тұрғыда дәрігердің кеңесі – салауатты өмір салтын ұстанып, энергетикалық сусыннан бас тарту және уақытылы тынығу.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА


24 қыркүйек 2023 ж. 302 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930