Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Жанкент, Бірлік және Қожабақы ауылының тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі Жанкент, Бірлік және Қожабақы ауылының тұрғындарымен кездесті

qazaly.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын жыл басында жариялағаны баршаға аян. «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп құжатта айтылған. Осыған сәйкес аудан әкімінің қараша айындағы жоспарға сай ауылдық округтерге бару межесі орындалуда. Бұл ретте халықпен арнайы кездесулері жалғасып келеді.
Жақында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Өркендеу, Бірлік және Аранды ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Келелі жүздесу барысында ауыл белсенділері әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларға байланысты қордаланған мәселелер мен ұсыныс-пікірлерін аудан басшысына жеткізді. Бұқара халықтың үніне құлақ асқан Мұхтар Әуесұлы алдымен ауданымызда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Ол Қазалы ауданы көлемінде қол жеткізген жетістіктер мен алдағы мақсат-міндеттерді тұрғындардың назарына ұсынды.
Сонымен қатар, 20 қарашада өткен кезектен тыс Президент сайлауына біркісідей қатысқан ауыл халқына алғаусыз алғысын білдірді.
– Бәрімізге маңызды саяси науқан кезінде орталыққа келіп түскен ақпаратқа сүйене отырып, сіздерге риясыз ризашылығымды жеткізгім келіп отыр. Ел келешегі үшін баршаңыз бір кісідей жұмыла атсалыстыңыздар. Сайлау барысында ешқайсыңыз қалыс қалмай, өз таңдауларыңызды жасадыңыздар. Қариялар мен жастар да белсенділік танытып, дауыс бергендеріңіз үшін дән ризамын, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Алқалы отырыста Жанкент ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өткелбай Жолмырзаев республикалық тарихи ескерткіштердің қатарына кіретін Жанкент шаһары мен ауыл арасындағы жолдың екі бетін көгалдандыру қолға алынса деген ниетін білдірді.
– Қазір бұрынғыдай емес, шүкір ел жағдайы жақсы. Осыған сай ауылымыздың көркі дұрысталғанын қалаймыз. Егер туристік бағытты дамытса, ең әуелі жол жөнді болғаны заңдылық. Сондықтан біздің ауылдың көшелері асфальтталса нұр үстіне нұр болар еді. Жан-жағымызды көк желекке орандыру үшін елді мекендегі аяқ су мәселесі оңтайлы шешілсе екен, – дейді Өткелбай Жолмырзаев.
Бірлік ауылдық клубында өткен кездесуде де, тұрғындар бірқатар мәселелерді аудан басшысының құзырына жеткізді. Атап айтар болсақ, елді мекендегі электр желілері мен бағаналарын жаңалауды сұрады. Сондай-ақ, ауылға электрик штатын бөлу, ұялы байланыс желісін дұрыстау қажеттігін құлаққағыс етті. Бұған қоса, Қазалыдан «Kaspi bank» бөлімшесін ашу және тағы басқа мәселелер жөнінде ұсыныс айтты.
Тұрғындардың мұң-мұқтажын мұқият тыңдаған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев айтылған ұсыныстарды кезең-кезеңімен шешуді тиісті мамандарға тапсырды. Бұдан соң халықтың қуанышына ортақтасып, Бірлік ауылында жаңадан салынған әкімдік ғимаратының ашылу салтанатына қатысты. Келесі кезек бойынша Қожабақы ауылына ат басын бұрған аудан басшысы ондағы ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен басқосты. Мұнда ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілек Махамашов елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстарға байланысты аудан басшыларына алғысын айтты. Сонымен қатар, қожабақылықтар М.Еселбаева мен Б.Өтепов көшесін асфальттауды ұсынды. Сонымен бірге, соңғы уақытта олар шәуілдектердің саны күрт көбейіп, алаңдатушылық тудырып отырғанын ортаға салды. Осы қаңғыбас иттерді аулау мен ақылы қоғамдық жұмысқа орналасудың заңдылықтарын сұрады.
Тұрғындардың көтерген мәселесіне байланысты аудан әкімі Мұхтар Оразбаев өзінің ресми жауабын берді. Көтерілген ұсыныстардың барлығын рет-ретімен шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізілетіндігін тілге тиек етті.
Халықпен жүздесу кезінде аудан прокуроры Дарын Әбіш алғаш рет елімізде прокуратура туралы заңға конституциялық мәртебе берілгенін қуана жеткізді. Ауыл азаматтарымен кездесулерге аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов, аудандық мәслихат депутаты Әбдуәли Рахметов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.
Келелі басқосулардан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Алдағы уақытта олардың ұсыныс-пікірлері ескерілетін болады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА


23 қараша 2022 ж. 503 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930