Биыл Қожабақы ауылында саябақ салынбақ
Биыл Аранды ауылдық округінің орталығы – Қожабақының орталығы абаттандырылып, саябақ салынады. Қазіргі таңда аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы белгілі болды.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қожабақы ауылына арнайы барып, саябақ салынатын орынды көрді.
Белгіленген орында Аранды ауылдық округінің әкімі Әбілғазы Томаев қожабақылықтардың саябақ салуға сұрап отырған жерінде бас жоспар бойынша балабақша түсуі тиіс екендігін айтты. Дегенмен осы жер ауылдың орталығы, қасында әлеуметтік нысандар жағалай орналасқандығын алға тартты. Осыған байланысты бүгінгі күні жерді тиісті заңдылықтарға сәйкес заңдастыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
Аудан басшысы саябақтың салынатын орны мен жоба-сметалық құжаттарын көрген соң бірқатар түзетулер енгізу қажет екендігін айтты. Мәселен, қоршауларды дұрыстап, саябақтың төрт бұрышына жарықшамдар қарастыру қажет.
Сондай-ақ, үнемделген қаржының мүмкіндігіне қарай елді мекендегі Т.Емешұлы көшесіне жарықшамдар орнату жөнінде тапсырма берді.
Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Аудан басшысы алдымен ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, қол жеткізген жетістіктер мен алдағы мақсат-міндеттерді тілге тиек етті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес елді мекен тұрғындарымен жиі-жиі кездесіп, халықтың мұң-мұқтаждарын тыңдайтындықтарын жеткізді.
Басқосуға аудандық мәслихат депутаты Ғазиз Әліш, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаев, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов қатысты.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат