Қазақстан табиғи газды пайдалану бойынша топ-50 елдің қатарына кіреді
Қазақстанда көше газ желісінің ұзындығы 34,8 мың шақырымды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,6%-ға артық, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Бір жыл ішінде 2,3 мың шақырым желі қосылды. Қазіргі уақытта 74,1 шақырым желі жөндеуді қажет етеді.
2010 жылдан 2021 жылға дейін мемлекеттік бюджет есебінен 1,3 мыңнан астам газдандыру жобасы іске асырылды, өңірлерде 18 мың шақырымнан астам газ тарату желілері салынды. Атап айтқанда, 2019 жылдың желтоқсанында ұзындығы 1,06 мың шақырым болатын "Қызылорда-Астана" бағыты бойынша "Сарыарқа" магистральдық газ құбырының құрылысы аяқталып, бірінші кезеңі пайдалануға берілді.
ҚР газ саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарының деректері бойынша, 2022 жылғы 1 қаңтарға ел халқының газдандыру деңгейі 53,1%-ға жетті, табиғи газға 9,8 млн адам қол жеткізді.
Газдандыру деңгейінің өсуін және жаңа тұтынушылардың қосылуын ескере отырып, 2010-2021 жылдары ішкі нарықта газ тұтыну көлемі 106%-ға, яғни 9 млрд-тан 18,6 млрд текше метрге дейін өсті.
IndexMundi мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылы 213 елдің ішінде табиғи газ 144 мемлекеттің тұрғындарына қолжетімді болған. Олардың ішінде Қазақстан тұтынылатын газдың жалпы көлемі бойынша 43-орында (жылына 15,4 млрд текше метр) және жан басына шаққанда тұтынылатын газ көлемі бойынша 41-орында (жылына 805,1 текше метр) болды. Елімізде жан басына шаққандағы газ тұтыну көлемі Армения, Молдова, Украина, Қырғызстан мен Тәжікстан сияқты ТМД елдерінің тұрғындарынан көбірек.