Ақылы бөлімде оқитын 700-ден аса студент "Қазақстан халқына" қорының грантын иеленді

Өтініштер 2022 жылдың 1-30 тамыз аралығында қордың серіктестері – "Taiburyl" ҚБ және "Эндаумент КАЗГЮУ" КҚ платформасы арқылы қабылданды. Байқауға мүмкіндігі шектеулі, оның ішінде мүгедектігі бар, кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған немесе жетім балалар, ауылдық жерлердегі аз қамтылған отбасылардағы, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған толық емес отбасылар қатарындағы, мүгедек адамдар болып табылатын ата-аналары қатарынан студенттер қатыса алды. Бағдарламаға 79 ұлттық, мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындары қатысқан.
“Сонымен қатар бөлінбеген гранттарды және студенттердің өтінімдерді қабылдау мерзімін ұзарту туралы көптеген өтінішін ескере отырып, "Қазақстан халқына" қоры ақылы бөлім студенттері арасында қосымша байқау жариялау туралы шешім қабылдады. Байқау 2022 жылдың 8-20 қыркүйегі аралығында жалғасады. Осы кезең ішінде байқау критерийлеріне сәйкес келетін студенттер taiburyl.kz сайтына өтініш бере алады”, – делінген хабарламада.
Осыған дейін хабарланғандай 25 тамызда қор бакалавриат бағдарламалары бойынша жоғары білім алу үшін мемлекеттік немесе басқа да грант иегері атанбаған 745 талапкерге стипендия мен гранттар тағайындаған. Гранттар ауылдық жерлердегі аз қамтылған отбасылардан шыққан, кәмелетке толғанға дейін жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндіктері шектеулі, оның ішінде мүгедектігі бар талапкерлерге ұсынылды. Өтінімдер 10-23 тамыз аралығында қабылданды. Грант иегерлерінің тізімі қордың сайтында жарияланған.
Нәтижесінде бүгінгі таңда 1503 талапкер мен студент "Қазақстан халқына" қорының грант иегері атанды. Жалпы қор 2350 білім беру грантын бөліп отыр.