Келесі жылдан бастап барлық мектеп бес күндік оқу аптасына көшеді – Аймағамбетов
Бұл жаңашылдық үш ауысымдық мектептерге қатысты емес.Келесі жылдан бастап мектеп директорлары мен мұғалімдер аптасына бес күн ғана жұмыс істейді. Бұл туралы тамыз конференциясында оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Келесі жылдан бастап үш ауысымдық мектептерді қоспағанда, барлық мектеп бес күндік жұмыс форматына ауысады. Біз осындай шешім қабылдадық. Бұл мектеп директорларына, мұғалімдерге және барлық қызметкерге қатысты. Біз мұғалімдер сенбі күні демалуға тиіс деп санаймыз. Мұғалімдер сенбі күні өз балаларының қасында болуы керек. Бұл мектеп директорларына да, оқу меңгерушілеріне де қатысты", - деді Аймағамбетов тамыз конференциясында.
Министр бұл өзгеріс ұстаздардың еңбек демалысына әсер етпейтінін атап өтті.
"Бұл еңбек демалысына әсер етпейді. Демалыс уақыты – 56 күн өзгеріссіз қалады. Оның үстіне мен мектеп директорларына мынаны айтқым келеді: сенбі күні кейбір әріптестер әдістемелік күндер өткізіп немесе мұғалімдерді қалай да болсын мектепке шақыртып алады, менің ойымша, бұл практиканы тоқтату керек. Мұғалімдер де, директорлар да бес күн жұмыс істеуі керек", - деді ведомство басшысы.