Мал дәрігерлерінің жалақысы өседі
Ветеринарлық сектор жалақының төмен болуына байланысты жас және жоғары білікті кадрлардың жетіспеушілігін сезінуде. Бұл туралы брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов мәлім етті, деп хабарлайды egemen.kz
«Аграрлық сектордағы жалақысы төмен мамандықтардың бірі – ветеринарлық дәрігерлер екені анықталды. Сонымен қатар елдегі ветеринарлардың орташа жасы 40-50 жасты құрайды. Біз сектордың жас және жоғары білікті кадрлар жетіспейтінін байқадық. Бұған еңбек жағдайларының қиындығы, жалақының төмендігі, ауылдық жерлерде инфрақұрылымның дамымауы ықпал етеді. Мұның бәрі ветеринар мамандығының жастар үшін тартымсыз болуына әкеледі», деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов.
Оның айтуынша, 2022 жылдың бірінші тоқсанынан бастап еліміз бойынша ветеринарлық мамандардың жалақысы орташа есеппен 33,4%-ға өсті, ал 2022 жылдың соңына дейін оны тағы 60%-ға ұлғайту жоспарланып отыр.
Оның айтуынша, орташа айлық жалақы Қызылорда облысында 98 мың теңгеден Павлодар облысында 206 мыңға дейін өзгереді.
«Бұл жеткіліксіз. Мәселелерді шешу үшін біз бәсекелес сектор жоқ округтерде көрсетілетін қызметтердің ақылы көлемін ұлғайту бойынша жұмыс жүргіземіз. Келесі жылдан бастап коммуналдық ветеринариялық кәсіпорындардың ветеринариялық мамандарының айлықақысына 50%-дық және мемлекеттік, коммуналдық мекемелердің лауазымдық жалақыларына 140%-дық қосымша ақы төлеуді жүзеге асыру көзделеді. Қосымша ақылар зиянды еңбек жағдайлары, 1-2 патогенді биоагенттермен жұмыс істегені үшін төленеді», деп нақтылады Р.Құрманов.
Сондай-ақ вице-министр ветеринарлық дәрігердің жүктемесін теңестіру үшін Аграрлық университетпен бірлесіп бір ветеринарлық дәрігерге нормативтік жүктеменің есебі жүргізіліп жатқанын айтты.
Бұдан соң ол келесі жылдан бастап ветеринарлық дәрігерлерді сауықтыруға арналған жәрдемақы ретінде екі лауазымдық жалақы бөлу қарастырылғанын айтты.