Балмұздағы бал татыған
Бүгінде Қазалы ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып келеді. Соңғы кездері аудан тұрғындарының жаңа іс бастауға құштарлығы артып, кәсіпкерлік көкжиекті кеңейтуге көптеп үлес қосуда. Осындай іскер жас Әділбек Омаров «Тайланд» және құйылмалы балмұздақты қазалылықтарға ұсынғанына бір жыл болды. Бұдан бөлек сүттен дайындалатын коктейлі де сұранысқа ие.
– Тай балмұздағы қуырылып дайындалады. Оны қуыру үшін арнайы қоспалар қажет. Кәдімгі сүт, кілегей немесе йогурт, сосын таңдауға қарай банан, киви араластырылып арнайы плитада әзірленеді. Бұл табиғи таза өнімдермен жасалады. Балмұздақты бұлай дайындаудың негізі – орама-қуыру немесе жылу деп аударылады. Бірақ іс жүзінде, тай балмұздағын жасау әлдеқайда жеңіл. Ол елу сантиметрлік пеш пен ингредиенттерге арналған бірнеше контейнері бар арнайы құрылғыда жасалады.
Бұл пештің құпиясы – -30 градусқа дейін салқындатылады. Мұндай жағдайда дайындалатын балмұздақ құймақ сияқты қуырылып, көз алдыңызда мұздайды. Дәмі тіл үйірер ерекше әрі тез еріп кетпейтіндіктен жақын ауылдардан тапсырыспен алып кететіндер бар, – дейді жас кәсіпкер.
Оның айтуынша, тай балмұздағын әзірлеу аса қиындық туындатпайды. Дайындау кезінде құрылыс қалақшаларына ұқсас ұшы бар пышақпен балмұздақ қоспалары ұсақталып араластырылады. Осылай бірнеше рет қайталанып, жұқа қабатқа таралады. Қуырылып балқытылған балмұздақ 5 бөлікке кесіледі. Әр бөлік түтік пішіндес, қарсы бағытта домаланады.
Бұралған нәзіктік қағазға арналған шыныаяққа немесе орауышқа салынып, клиенттің өтініші бойынша үсті безендіріледі. Пісіру көрінісі өте керемет. Тұтынушылар осындай әдемі қимылды қызықтап әрі дәмді десерт жеу үшін кезекке тұрады.
Әділбектің жас болған соң жаңа идеялары көп. Ол үшін біршама тер төгіп, еңбек ету қажет.
– Осы кәсіпті меңгеруге ағамның септігі тиді. Оның Қызылордада "Мега" сауда орталығында түрлі балмұздақ сататын орны болды. Сол жерде бос уақытымда жұмыс істедім. Соның арқасында студент кезімде қаржыдан тарықпадым. Тіпті ауысқан қаражатты жинап, осы күні жеке кәсібімді игеруге мүмкіндік туды. Алдағы уақытта осы ісімді кеңейткім келеді, – дейді Әділбек Тұрарұлы.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА