Маусым айында теңге бағамы 13,3%-ға әлсіреді – Ұлттық банк
Маусым айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 доллар үшін 470,24 теңгеге дейін немесе 13,3%-ға әлсіреді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 115 млн АҚШ долларынан 96,4 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Маусымда сауда-саттықтың жалпы көлемі 2,1 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл туралы Azattyq Ruhy Қазақстан Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Банктің хабарлауынша энергия тасымалдаушылардың қолайлы бағасына қарамастан ұлттық валюта бағамы шектеулі валюта ұсынысы мен валютаға деген сұраныстың бір уақытта өсуі аясында әлсіреді. Валюта ұсынысының төмендеуі – экспорттаушылардың салық төлеу үшін валюта сатуды қысқартуына, ал сұраныстың өсуі дивиденд төлеудің басталуына байланысты болды.
«Валюта нарығына квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы қолдау көрсетті, олар шамамен 480,4 млн АҚШ долларын құрады. Маусымда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта 438,3 млн АҚШ долларына сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 20,7%-ын құрады.
Маусым бойы ішкі валюта нарығында Ұлттық Банк валюталық интервенцияларды, сондай-ақ БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері мен сенімгерлік басқарудағы басқа да қорлар үшін шетел валютасын сатып алу немесе сату бойынша операцияларды жүзеге асырған жоқ.
Қысқа мерзімді перспективада теңгенің құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы ахуалға байланысты болады.