Миллион алған ана
Жыл басында бизнес-идеяларға қайтарымсыз грант беру шарттарына жаңадан өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік грант мөлшері 200-ден 400 айлық есептік көрсеткішке дейін артты. Енді оның көлемі 1225200 теңге болды деген хабар таратылғаннан-ақ өткен жылы өтеусіз несиеге жете алмағандардың үміті артты.
Өңірлік кәсіпкерлік палатасының бөлім басшысы Гаухар Елеусінованың мәлімдемесіне мән берсек, бұған дейінгі жылдары мемлекеттік гранттарға барлық санаттағы азаматтар үміткер болса, биылдан бастап тек 29 жасқа дейінгі жастар мен әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар ғана грант алады. Әлеуметтік осал топтарға атаулы көмек алушы, көпбалалы отбасылардың мүшелері, мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын адамдар мен қандастар жатады.
Бұл айтылғандар санатына Әсем Жұбантаева да енеді. Ол отбасында мүмкіндігі шектеулі баласын сау қатарластарынан қалыспай, айығып кетуі үшін жан-жаққа апарып емдеуге көп күш жұмсайды. Әрине мұндай жанкештілік уақыт пен мол қаражатты қажет етеді. Перзентінің амандығы үшін ана қашанда от пен суға түсуден тайынбайтындай. Қайсар әйел қаржы полициясында өткерген жылдар бойғы тәжірибесін пида етті. Жиырма жылға жуық еңбек өтіліне қарамастан абыройлы қызметтен бас тартты. Бәрі бала тағдыры үшін деп қабылдаған шешімі бас игізеді. Жұмыстан қол үзгенмен ем мен жолға қыруар қаржы қажет екені бесенеден белгілі. Әсем өжеттілігі мен шешімді тез табатын қасиетінің арқасында одан шығар жол тапты. Әңгіме арасында өмірдің қиындығын төзімділікпен қабылдайтын алтын жүректі ана ғаламторды ақтарып, түрлі кондитерлік өнімдерді пісіру рецептерін ақтарды. Осылайша үйден тапсырыстар қабылдап, дастарқан мәзіріне қажетті тағамдар әзірлеуді жүзеге асырды. Қайтарымсыз грант берілетіндігін біліп жүрген ол қажетті құжаттарды тапсырып, ай бойы “Бастау бизнес” сабағын өткізбей қатысады.
– Арнайы дәріс беретін тренерлерден біраз дүниеге қанықтым. Соның ішінде жаңа идеяларды қағазға түртіп қойдым. Іспен айналысамын дегенге кәсіптің түр түрін дөңгелетуге мүмкіндік мол. Тек ынта мен жігер жанып тұру қажет. Кез келген кәсіпте жалқаулық пен сылбырлыққа жол жоқ. Ондайда бар еңбегің зая кетеді. Белгілі бір қаражат жинап, нәтиже көруің үшін таңның атысы мен кештің батысы, тіптен түнімен тер төгуге мәжбүрсің. Сондықтан әрбір үзім нан тапқың келсе, жемісін мол оруды қаласаң уақытында берген білімді санаға сіңірген жөн деп түйдім. Сабақ барысында бизнес жоспар дайындауды меңгердім. Ашқан ісіңді жарнамалаудың жолдары, құжаттарды реттеу және әзірлеу, жаңа қосымша істерді жүзеге асыру бағыттары көрсетілді. Дәріс берушілерден көп ақпарат алдым, – дейді Әсем Әділбекқызы.
Талапшыл кейіпкеріміздің айтуынша, өткен жылы күз айында қаражат берілуі тиіс болған. Алайда оған үлгермей қалған. Өйткені өзгерістер енгізілетінге тұспа-тұс келіп мемлекеттің демеуінен алшақтап қалады. Дегенмен барыс жылынан үмітін үзбейді.
“Жыртық үйдің Құдайы бар” деген. Тілеуіне орай алғашқылардың бірі болып мемлекет тарапынан өтеусіз грант беріледі. Бір мезетте миллионер атанған Әсем қолдау көрсеткендерге алғысын білдіре жүріп, қажетті құрылғыларға қол жеткізді.
Бүгінде “Тәтті әлем” атауымен жобасын жүзеге асыруда. Тұңғышының құрметіне жеке кәсібінің атауын “Нұрлан” деп тіркеді. Тапсырыспен кондитерлік дастарқан мәзірін дайындайды. Торттан “Қызыл барқыт”, “Бал тамған” және “Вупипай” пісіреді. Сонымен қатар самса, құймақ, бауырсақ, булочка әзірлейді.
Айта кетейік, грант беру процесі биыл электронды түрде өтеді. “Бастау бизнес” жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды кәсіпкерлер палатасы биыл да онлайн форматта өткізеді делінген ресми ақпарат көздерінде. Оқыту тегін. Олардың 30 проценті 29 жасқа дейінгі жастар, 30 проценті әлеуметтік осал топтар санатына сәйкес келуі туралы өзгерістер енгізілді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА