Мәжіліс депутаты егіншілермен кездесті
Президент Қ.К.Тоқаевтың жалпыұлттық референдум өткізу бастамасын қолдау жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Ғалым Әміреевтің халықпен кездесудегі жұмыс сапары Т.Жүргенов ауылы «Ер-Әлі» ЖШС жұмысшыларымен кездесумен жалғасты.
Мәжіліс депутаты егіншілерге алда келе жатқан рефердумды қолдаудағы ақпараттық-насихаттық жұмыстармен таныстырып шықты. Мемлекетті басқарудың жаңа үлгісі пайда болып, елдегі саяси ахуалға жаңа леп болатын Конституциялық Референдум – жалпыхалықтық деңгейде алғаш өткізілмек. Бұл Мемлекет басшысы айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асыуының бірден-бір дәлелі.
Мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге мүмкіндік беретін Конституциялық референдум – Әділетті Қазақстан ұстанымының бастамасы деуге де негіз бар. Ол биліктің өкілді тармағын (Парламент, мәслихат) айтарлықтай күшейтеді. Жаңартылған Заң аясында Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекітуі – елдегі саяси партиялардың тең дәрежеде бәсекеге түсіп, демократиялық үдерісті үдете түсетіні сөзсіз – деді Ғалым Әміреев.
Бұл референдум – жеке адамның мүддесін қорғауға, барша халықтың мүддесін қорғауға, мемлекетімізді жаңа қырынан дамытуға, жаңғырту және нығайтуды көздейді – деді аумақтық қоғамдық штаб төрағасы, партияның аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева.