Банкрот болған адам 5 жылға дейін несие ала алмайды
Банкрот болған адам 5 жылға дейін несие ала алмайды. Бұл туралы бірінші қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сондықтан адам өзін банкрот деп жарияламас бұрын оның ықтимал салдары мен шектеулері туралы ойлануы керек дейді.
Несие бюросының мәліметінше, қазір елімізде бір миллионнан астам азамат кредит төлеу уақытын кешіктірген, ал кейбір адамдардың коммуналдық төлем, салық төлемдері бойынша берешегі бар.
«Азаматтарға белгілі бір шектеулер қойылады. Мысалы, шет елге шығуына болмайды. Сосын жаңа несие ала алмайды. Себебі, бүгінде азаматтың қарызы болса, оған шетелге шығуға тыйым салынады. Егер сот орындаушыға жеке тұлғаның басқа қарызы өтелмесе, шыға алмайды», - дейді ҚР Қаржы бірінші вице-министрі Марат Сұлтанғазиев.
Сонымен, банкрот болған адам 5 жыл бойы кредит ала алмайды. 3 жыл шетелге шығу мүмкіндігінен айырылады. Өлім-жітімге, емделуге баратын болса ғана шекарадан шыға алады. Сосын бір адамның тек 7 жыл өткеннен кейін ғана екінші рет өзін банкрот деп жариялауына болады. Заңда осылай деп көрсетілген.