Келімсектер керуеніне тоқтам керек
Өзге елдерден мамандарды жөн-жосықсыз әкелетін алпауыт компаниялардың бары жасырын емес. Ал олар елдегі еңбек нарығына кері әсер етіп, жұмысшылар арасында әлеуметтік теңсіздік, жалақы айырмашылығының қалыптасуына әсер ететіні жасырын емес. Салдарынан бұқараның наразылығы да күшейеді. Ал Қазақстан еңбек мигранттарына шынымен зәру ме?
Сандар сөйлесін
Сандар сөйлесін
Президент пәрменімен елімізде шетелден келіп, жұмыс істейтін азаматтардың саны азаюы мүмкін. Жуырда Мемлекет басшысы бизнес өкілдерімен кездесуде шетелдік жұмысшылар үшін квота санын азайтып, еңбек күші ретінде қазақстандықтарды көптеп тартуға шақырғаны мәлім.
– Мен келесі мәселеге ерекше тоқталғым келеді. Жеке кәсіпкерлердің шетелдік жұмысшыларға арналған квоталарды кеңейту идеясын алға тартқанын дұрыс емес деп санаймын. Біз тек кейбір мамандандырылған мамандар туралы ғана айта аламыз, олар үшін шынымен де, елде тапшылық бар.
Қазақстандықтардың жалақыны көтеруді талап етуіне немесе тиісті ұқыптылық танытпауына байланысты шетелдіктерді көптеп әкелу туралы әңгімені тоқтату керек. Елімізде жұмыс істейтін азаматтар, әсіресе жастар саны жеткілікті, – дейді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Расымен елде шетелдік еңбек мигранттары аз емес. Мәселен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында Қазақстанға 2021 жылы сырттан тартылған жұмыс күшінің квотасы туралы құжат жарияланған. Онда жат жерден жұмысшы ретінде 28 305 шетелдік, еңбекші иммигрант ретінде 255 000 мың адам тартылғанын көрдік. 2020 жылы да квота саны былтырғымен шамалас болған. Ал биыл 15 мың шетелдіктің қызмет етіп жатқаны айтылды. Шетел азаматтарының жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттардың ішінде мынадай санаттар бар: бірінші санат – 635 (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 206 (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Келген жұмыс күшінің негізгі бөлігі үшінші және төртінші санаттарға жататындар саны – 8 572 адамды құрады. Қазір елде шетел азаматтарын жұмыс күші ретінде пайдаланатын 1 779 жұмыс беруші бар. Оларда шамамен 458 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді. Бұл жалпы жұмысшылар санының 97 процентін құрап отыр. Бірақ ресми деректе өзге елден заңсыз келіп, қара жұмысқа жегіліп жүргендердің нақты саны жайлы ақпар жоқ. Олар да еңбек күші ретінде қаралады. Саны өте көп. Осыған қарап, шетелдік еңбек күшін азайту қажеттілігі туып отырғанын аңғаруға болады.
Шетелдіктердің тиімсіз тұсы қайсы?
Есте болса, былтыр Қазақстан мұнайсервистік компаниялар одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов мұнай өндіру саласындағы отандық еңбеккерлердің табысы мен шетелден келген жұмысшылардың орташа жалақысын салыстырып, зерттеу жүргізді. Қорытындыға сенсек, экспат-мұнайшы – 12 миллион теңге, Қазақстан азаматы 739 мың теңге жалақы алады. Айырмасы жер мен көктей. Еңбек саласын 20 жылдан бері зерттеп жүрген сарапшы Қанат Егоровтың айтуынша, 2000 жылдары шетелдік жұмысшылар жалақы мәселесінде жергілікті мұнайшыларға иегінің астынан қараған. Бірақ екі жақтың да ауыртпашылығы мен атқаратын жұмысы теңдей болған екен.
– Бұл мәселе компаниялардың, консорциумның өз ішінде қаралатын еді. Мен сол жылдары америкалық мұнай кәсіпорнында жұмыс істедім. Өзім секілді шетелдік мамандардың жалақысы 10 есе көп болды. Қашағанда жалақыны теңестіру соңғы жылдары ғана айтыла бастады. Қазақстандық топ-менеджерлер отандық мұнайшылардың жалақысы теңеспесе де, шетелдіктердің айлығына жақындасын деген талаптар қойып жүр. Техникалық мамандардың жалақысы, қара жұмыс істейтін жұмысшылардың еңбекақысына қатысты мұнай өндірісі саласында жиі толқулар болады, – дейді ол.
Қандай да бір дау туа қалса, шетелдіктердің дайын тұратын жауабы бар екен. Егер АҚШ-тан келетін маманды біздің мұнай секторында ұстап тұру үшін оның жалақысы қомақты болуы шарт. Себебі ол өз елінде 20 мың АҚШ долларынан кем жалақы алмайды. Тіпті әлеуметтік пакеттерді қосқанда одан да көп төлеуге мәжбүр. Тұратын жері, тамағына қосымша қаражат қарастырылған. Ал мұндай жеңілдіктер көбіне қазақстандық жұмысшыларға берілмейтіні белгілі. Бірақ ТМД елдері бойынша көші-қон сарапшысы Елена Садовская бұл пікірмен келісе қоймайды. Айтуынша, мәселе біліктілікке де қатысты.
– Квота бойынша тартылатын шетелдік жұмыс күшінің саны Қазақстанда 2000 жылдарға қарағанда айтарлықтай азайған. Ол кезде экономикалық өсу болды, жаңа кәсіпорындар ашылды, жаңа жұмыс күші қажет болды. Заманауи жоғары технологиялық жабдықта жұмыс істей алатын жергілікті кадрларды қажетті көлемде таба алатынымызға күмәнім бар. Жоғары жалақыны компаниялар өз қалтасынан төлейді, білікті мамандарға қызығады. Алайда шетелдік жұмысшыларды тарта бастаған кезден-ақ компаниялар қазақстандық еңбек нарығында білікті мамандарды іздеп, таппағаны туралы анықтама ұсынуы керек еді, – дейді сарапшы.
Қош, білікті мамандарға зәруміз делік. Әйткенмен, аса бір білімді қажет етпейтін жұмыстарға да шетелдіктерді тартатын болдық. Оны қалай ақтаймыз? Әлде жауапты азаматтар ондай жұмысқа құлықсыз ба?
Рас, жер қойнауын пайдалануда ірі мұнай өндіруші компаниялардың үлесі салыстырмалы түрде көп. Теңіз жобасында, Қарашығанақ және Қашағанда ұлттық мұнай компанияларының акциясы 20 проценттен аспайды. Теңізшевройл – 20, Қарашығанақ – 10, ал Қашағанда – 16 процент. Сондықтан бұл ірі кеніштердегі шетелдік компаниялардың ең жоғары жалақы алатын позицияларын сырттан келгендер қолдарында ұстап отыр. Ал оларды елдегі жұмыссыздық пен еңбек нарығы секілді мәселелер алаңдатпайды.
Мигранттарға тәуелділіктен қалай құтыламыз?
Өткенді қазбаласақ, 30 жыл бұрын Кеңес Одағы тараған соң Орталық Азияның мигрант жұмысшылары миллиондап Ресейге ағылды. Қара жұмысшылардың азғантай тобы ғана Қазақстаннан нәпақа тапқан. Қызығы сол, қазір Ресей де еңбек мигранттары мен заңсыз еңбек күшіне қарсы күресті бастады. Мұнда да биылдан бастап миграция тәртібін күшейтті. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің тұрғындары Ресейге келгеннен кейін бір ай ішінде есірткі құмарлығы және туберкулез, мерез секілді жұқпалы ауруларға тексеру нәтижелерін тапсыруы тиіс. Демек, билік еңбек мигранттарынан бас тартуға ниетті. Астарында оларға қатысты ұлтаралық өшпенділік пен ксенофобия өршігені жатыр. Ресми өкілдері де соңғы жылдары мигрант жұмысшыларға халықтың өшпенділігі артқанын мойындады. Ал Қазақстанға келетін мигрант саны 2014 жылдан бері өскенін аңғаруға болады.
Жергілікті жерде жат елдің жұмысшылары жоқ емес. Аудандық көші-қон комитетінің берген мәліметіне сенсек, өткен жылы ауданда 90 мигрант болған. Оның басым көпшілігі құрылыстан нәпақасын табуға келген. Одан бөлек аспаз және қарауыл қызметін атқарып жүргендер де бар. Жалпы мигранттарға деген тәуелділіктен құтылу үшін ұлттық кәсіби жұмысшы табын қалыптастыруға мән берілуі тиіс.
«Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген. Сол секілді біреудің малын біреу өлең айтып бағадының керін келтіріп, келімсектерді кемітпей, келешек кемелденбесі анық. Ендеше қазынадағы қаржыны желге ұшырмай, ел игілігіне жұмылдыратын уақыт жетті.
Абзал ЖОЛТЕРЕК