Болашаққа серпін берген бағдарлама
Қалалардың өсiп, ауылдың iрiленуi – өркениеттi қоғамның жетiстiгi. Алайда, ауылдан бiржола тамыр үзiп қалмау – өзекті мәселе. Алыптардың көбі осы ауылда дүниеге келгенін ескерсек, болашақта бұл үрдiстiң жiбi үзiлмес үшiн мұнда ұлттық мәдениеттiң ошағы, заманауи бiлiмнiң бастауы сақталуы тиіс. Осыны ескерген Ауыл шаруашылығы министрлігі 2009 жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын іске қосты.
Бағдарламаның басты мақсаты – ауылдық елді мекендерге мамандар ағынын арттыру еді. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласының мамандары бар.
Аудандық ауыл шаруашылық бөлімі мамандарының берген мәліметіне сенсек, көтерме жәрдемақыдан өткен жылдан қалған 334 адам өз кезегін күтуде. Сондай-ақ былтыр 65 адам тұрғын үй сатып алу бойынша бюджеттік кредит алған. Ал биылғы кезекке қалғаны 88 маман екен. 1 маманға берілетін көтерме жәрдемақы мөлшері 306300 теңгеге жетті. Бұл ретте, тұрғын үй сатып алу үшін берілетін бюджеттік несие 4 494500 теңгеге тең екенін де айта кету қажет. Сонымен қатар осы жылғы жоспарда 100 адамға тиісті қаражат бөлінді дейді жауапты мамандар.
Ауылдық елді мекендердегі білікті маман тапшылығының орнын толтырудың бірден-бір жолы – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын жаңғырту. Ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың жігерін жанып, ынтасын арттыратын бұл мемлекеттік бағдарлама Мемлекет басшысының да назарынан тыс қалмай келеді. Президент тапсырмасымен оны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізу көзделді.
Жас мамандардың да ойын ортаға салсақ, Берік Сайфулмәлік – бағдарлама қатысушысы. Ол Қорқыт ата атындағы университетте «Дене шынықтыру» мамандығы бойынша білім алған. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін арман қала Астанаға бет алуды да ойлапты. Бірақ, туған топырақтан жырақтай алмаған. Қазіргі таңда С.Сейфуллин атындағы №165 мектепте мұғалім болып қызмет атқарады. Айтуынша, бағдарлама жастар үшін ерекше маңызға ие.
– Өзге замандастарым секілді үлкен қалаға аттанып, мақсатымды жүзеге асыруға асыққан кез болды. Алайда, жақындарымның жанында қалып, ойдағы армандарымды өз өлкемде іске асыруды шештім. Таңдауыма еш өкінбеймін. Ең бастысы, жастарға берілген осындай мүмкіндікті қалт жібермегеніме қуанамын. Осы бағдарлама аясында біржолғы көмек пен тұрғын үйге қол жеткіздім. Ал, ол біз секілді жас отбасы үшін пайдалы, – дейді Берік.
Жоба қатысушысы ағылшын пәнінің мұғалімі Гүлайым Таңатарқызы да «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясында келіп жатқан жастарды мемлекет үлде мен бүлдеге ораған жоқ» дегенмен келіспейді. Жас маманның пікірінше, мемлекет тарапынан әрбір жастың дамуына жағдай жасалған. Мүмкіндікті қалт жібермесеңіз, екі қолға бір күрек табылады.
– Қазір бәсекелестік заманы. Сондықтан адам өзіне қажетті мамандықты игеруді ойлаған жөн. Университет бітіріп, мейрамханада даяшы болып жұмыс істеп жүрген жастарды көргенде, текке кеткен уақыт-ай дейсің. Одан да дипломмен ауылға тартып кетсе, жағдай басқаша болар ма еді деген ойда қаласың. Арба сүйреп жүргені де бар. Мұның барлығына мемлекетті кінәлайтындар табылады. Бұған мемлекеттің кінәсі жоқ. Бәсекеге қабілетті жастардың қатары артса, мемлекет ұсынған мүмкіндікті тиімді пайдаланса жөн, – дейді ол.
Республика немесе облыс көлемінде бөлінген бұл жәрдемақылар мен бюджеттік несиелердің аз, не болмаса көп екенін кесіп-пішіп айта қою қиын. Десе де, бұдан бірер жыл бұрын Парламент Мәжілісінің отырысында «Nur Otan» партиясы фракциясының бірқатар мүшелері аталған бағдарлама бойынша қаржыландыру көлемін арттыру мәселесін алға тартқан болатын. Партия мүшелері үй сатып алуға берілетін бюджеттік несие мөлшерін 2 мың АЕК-ке, сондай-ақ жәрдемақы мөлшерін 70 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін ұлғайтуды тілге тиек еткен еді. Бұл өз кезегінде, дипломын енді ғана қолға алған, еңбек өтілін қалыптастырып, тәжірибе жинап үлгермеген аймақтағы жас мамандар үшін айтарлықтай қолдау болары сөзсіз.
Айта кетейік, «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша алдағы 1-ші ақпаннан бастап мемлекеттік корпорация арқылы тұрғын үй сатып алуға және көтерме жәрдемақы түріндегі әлеуметтік көмекке өтініш қабылдау басталады.
А.БАҚЫТҰЛЫ