Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Билік пен бұқара: жақсылықтар жарысы

Билік пен бұқара: жақсылықтар жарысы

«Үйің болмай, күйің болмас» деген тәмсіл бекер айтылмаса керек. Бүгінде үйсіз-күйсіз жүрген қарадомалақ қазақ аз емес. Үйде артық ас болса ағайынмен бөлісетін халқымыз осыған ұқсас мәселелерді мемелекеттің көмегінсіз шешіп жүр. Бұл масылдық ойдан арылған жұрттың тірлігі десек жарасады. Соған сай ел арасында жылу жинаушылар көбейіп келеді. Олар халықтың кең пейілін кәдеге жаратып, мұқтаж жандарға баспана алып беруде. Десек те қазір көпшілікті «биліктің күні неге халықтың жинаған жылуына қарап қалды?» деген сауал мазалайтыны рас. Мүмкін жұрт мемлекет тарапынан іске асатын кешенді тетіктер барын білмейтін шығар. Осы және өзге де қоғамда қызу талқыланып жүрген жайттарды сараптап көрелік.

Қамқорлар құрған қор қарекеті
Желідегі жұрт «Харекет», «Айдың нұры», «Аяла», «Сәби», «Dauletten» сияқты жанашыр ұйымдарды жақсы таниды. Бір ғана «Харекет» шаңырақсыз жүрген көптеген отбасыға баспана бергенін білеміз. Әрине, мұның бәрі көңілі дарқан, пейілі кең қазақ халқының жиған жылуымен жүзеге асқанын айтпай кетуге болмайды. Миллиондаған адамды игі іске ұйыстыра білген қордың негізін қалаушы тұлғалардың алғыс пен сауапқа бөленері сөзсіз.
Дін мен дәстүрді қатар ұстанған халық елдегі төтенше жағдайлар мен қайғылы оқиғалардан, жаңа бастамаларды жүзеге асырудан да қалыс қалмайтыны қуантады. Мәселен, Арыста жарылыс болғанда су қоймаларына жақын елді мекендерді су алғанда Қызылордадан, оның ішінде Қазалы ауданынан да ондаған көлік зардап шеккендерге керек-жарақ алып кеткенін көз көрді. Ол кезде де аудан жастары мен мешіт жамағаты жұмыла күш біріктіріп, көпшіліктің көмегін жеткізгендей болды. Ал коронавирус індеті Қазалыға келгенде мұндағы ағайынның бауырмалдығы мен жанашырлығын көрсеңіз, көңіліңіз тойып қалар еді. Қолынан іс келетіндер тегін бетперде таратып, адамдар амандығына біркісідей үлес қосты. Әлемжеліде артық дәрі-дәрмек қоры барлар хол үстінде жатқан жандарға препараттарды тегін жеткізіп бергенінің де куәсі болдық. Кәсіпкерлер ауылдағы ағайынға, жұмыссыздық салдарынан ашқұрсақ жүргендерге азық-түлікпен көмектесті. Осындай алмағайып заманда жұрт айтып жүрген «жылу» жинаудың бағасын ұққандай болдық.

Билік баспананы қалай ал дейді?
Үкімет жедел болмаса да бұқараны үйлі қылу үшін бірқатар жобаларды іске қосқаны рас. Баспаналы болуға ниет етіп, депозитке ақша жинағандарға жыл сайын сыйақы беріп, қордағы қаржысын көбейтіп отырғанын білеміз. Бұған дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі атанып келген компания жақында «Отбасы» банкі болып өзгерді. Оқырман қауымға қызық болар деген оймен «Отбасының» Қызылорда облысындағы ресми өкілі Жазира Жапарға хабарластық. Маман үйлі болғысы келген азаматтарға қандай шарттар қойылатынын, ақша жинаудың ұтымды тұстарын айтып берді. Сондай-ақ қазалылықтарды қызықтыратын сұрақтарға тоқталды.
Жазираның сөзіне сенсек, Отбасы банкі арқылы Қазалы ауданынан үй сатып алуға болады. Бірақ операторға депозитім жоқ екенін жеткіздім. Ол мұндай жағдайда көздеген үйдің жарты бағасына жетерлік қаражатым болуы керектігін айтты. Мәселен, құны он миллион тұратын жылжымайтын мүліктің бес миллионын бір мезетте төлесем, банк қалған соммаға 8,5 процент өсім қояды. Егер үйдің жарты ақшасын бірден салмай, үш жылда бес миллион теңгені асықпай жинасаңыз, қалған бес миллион теңгені бес проценттік үстемақымен төлеуге болады. Сондықтан Жазира депозитке ақша жинаған әлдеқайда тиімді екенін айтты.
– Отбасы банкі тұтастай Үкіметтің меншігінде болғандықтан салымшылардың алаңдауына еш негіз жоқ. Мемлекет отбасы жағдайына байланысты да жеңілдіктер ұсынып отыр. Көп балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі және кәмелет жасқа толмаған мүгедек бала тәрбилеп отырған аналар мұндай мүмкіндіктер туралы біле жүргені дұрыс. Үй кезегінде тұрған осы санаттағы азаматтар «Бақытты отбасы» деп аталатын бағдарлама аясында мүліктің он процентін төлеп, 19 жылға бөліп төлеуіне болады. Олардың несиесіне 2 проценттік үстеме ақы жүреді. Бұдан бөлек салымды үш жылдан асырған азаматтарға мемлекет жылына жинаған ақшаңыздың 20 процентін сыйлық ретінде төлейді, – дейді Жазира Әшірапқызы.
Жасыратыны жоқ, жерлестердің көпшілігінің басында баспана болса да, Қызылорда қаласынан пәтер сатып алуды көздейді. Мұндай жағдайда қаладағы Сырдарияның сол жағалауында салынған жаңа үйлерден ұтымдысы жоқ. Өйткені зәулім ғимараттағы пәтерді иемдену үшін жалпы бағасының 20 процентін төлеп, қалған бөлігін 14 жылға бөліп тастаса мақұл. Бірақ Отбасы банкінде депозиті бар азаматтар Қазақстанның кез келген қаласынан баспана алуына ешкім кедергі келтірмейтінін ұмытпаған абзал.
Карантин кезінде көпшілік қаржыдан қиналды. Бұл кезде біраз салымшы ұдайы депозитке салып отырған ақшасын алудың амалын іздегені анық. Болмаса үй алу туралы ойы көлікке ауысқандар арамызда бар. Мұндай жағдайда банк екеуара келісімді бұзғаныңыз үшін жинаған ақшаңыздан бес мың теңге алып қалады. Қалғанын қайда жаратамын десеңіз де өз еркіңізде. Мемлекет осындай кеңшілік жасап отыр.

Әкімдіктің әрекеті
Жақсының жақсылығын айту керек, аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Қазалыға келгелі баспана мәселесі айтарлықтай жеңілдеп келеді. Өйткені, жұрт 5 квартал атап кеткен аумақтан көпқабатты пәтер тұрғызуға мұрындық болды. Былтыр жер үйді жатсынбайтындарға он үйдің кілті табысталды. Бірақ мұнымен пәтер жалдап жүргендердің мәселесі толығымен шешілді деген жоқ.
Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті арасын біріктіруге қазір күш салынып жатқаны белгілі. Осы жобаның арқасында аралықта түрлі ғимарат бой көтеріп, аудандағы бірқатар мекемелер көне кеңселерін босатты. Мұны әкім «ел игілігіне жарасын» деп жатақханаға бейімдеуді тапсырғанын біреу білсе, біреу білмейді. Қазіргі таңда бұрынғы аудандық аурухана мен №204 мектептің ғимаратында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен үйсіз жүрген жерлестер қоныстанған. Олар тек коммуналдық төлемдерге ақша төлеуге міндеттелген.
Өткенде Мұрат Нәлхожаұлының көзі Қазалы қаласында бос тұрған бұрынғы тері аурулары бөлімінің ғимаратына түсті. Өзі тиісті мамандарды ерітіп, мекеменің жағдайымен танысты. Содан кейін аудандық құрылыс бөлімінің басшысына құрылысты зерттеп, жатақханаға бейімдейтін жоба дайындауды тапсырды. Бұл мұндағы баспана мәселесін уақытша болса да жеңілдететіні даусыз.

Қазалылық қайырымдылар
Негізінен Қазалыда тұратындар мұнда елге жанашыр, жиғанын жақсылыққа жұмсайтын жандар көп екенін жақсы біледі. Жомарт жандардың есімі көбіне адамға тән ұяңдықтың салдарынан естілмей жатады. Бірақ жариялы түрде жылу жинап, бір отбасын бақытқа бөлегендер де жетерлік. Мәселен, былтыр кәсіпкер Мархаббат Асанова мен Мерей Айекешова есімді арулардың бастамасымен жергілікті тұрғындар көп балалы отбасыға баспана салып берді. Бұдан бұрын қайырымдылық істерімен көпшілік көзіне түсіп келген волонтерлерді төрт балалы жалғызбасты әкенің жағдайы алаңдататын еді. Карантин кезінде халыққа көмектесу мақсатында қаржы қорын құрды. Жергілікті кәсіпкерлер тарапынан жиналған 800 мың теңгеге 55 отбасыға азық-түлік жеткізіп берді. Сондай-ақ арнайы карантиндік шара барысында жұқпалы аурулар ауруханасына жаңа төсек жабдықтары мен арнайы киім алдырды.
Ерікті жастар өңірдегі белгілі басылымға білдірген пікірінде: «Осындай күндердің бірінде Қазалы қаласындағы 4 балалы жалғызбасты әкенің жағдайы бізді алаңдатты. Ол тұратын баспана көзге қораш көрінетін. Баспана құлау қәупінде тұрған. Жаңбыр жауса, үй шынымен құлап қалар еді. Осылайша, қалған шағын қаржымен жаңа үй салуды ойластырдық», – деген. Соның арқасында ендігі қыс қалай болар екен деп отырған жалғызбасты әкеге толық жабдықталған үш бөлмелі пәтердің кілті бұйыра кетті.
Бұл аз десеңіз, былтыр Қ.Пірімов ауылының азаматтары осы елді мекендегі мүмкіндігі шектеулі отбасыға да баспана тұрғызып берді. Тұрғын үйге мұқтаж отбасыға үй салу жөнінде құмжиектік азаматтар өткен жылы қасиетті Рамазан айында ақылдасып, қазан айында іргетасын құйып қойған. Оған негізгі себеп осы ауылдың байырғы тұрғыны, ІІ топ мүгедегі Орысбай Науханбаевтың ауласын жыл сайын су басып қалады. Биылғы көктемде қатты жауған жаңбыр суы үй ішіне дейін жайылып кетті. Сондықтан ауыл азаматтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жаңа үйдің кірпішін қалауды бастап кеткен. Ауылдастарының алдында абыройы биік азаматтың қуанышында шек болмады.
«Мен туғаннан ІІ топтағы мүгедекпін. Әйелім де мүмкіндігі шектеулі жан. Сондықтан да өзіміздің үй салуға шамамыз келмейді. Жыл сайын ауламызды су басып, үйіміздің қабырғалары бұзылды. «Әрі қарай не болар екен?» деп ойланып жүргенде, бір күні үйдің іргетасы құйылды, кірпіш келді, содан соң ағаш келді. Осылайша жақында жаңа үйге қоныс аудардық», – деп Орысбай Науханбаев ағынан жарылғаны есімізде.

Желідегі жалғандық
Жылу жинау дегеннен шығады, бұрын қазіргідей өмір сүруге қолайлы жағдай қалыптаспаған болса да үйсіз жүргендерді, қайыр сұрайтын жандарды көп байқамайтын едік. Қазақтың әрқайсысы тірнектеп там көтеріп, жұртқа жалынышты күйге түспесем екен дейтін. Аш болса да «қайғысыз ішкен қара суға» тойынатын. Ал қазір әлеуметтік желіні мұқтаждар тобы паналаған. Біз жұрт жанашырлығын пайдаланып, пайда тауып жүргендер туралы айтып отырмыз. Әсіресе Facebook пен Instagram желісінде диагнозын айтып, дәріге немесе азық-түлікке бір-екі мың теңге ақша аударуды сұрайтындар көбейіп кетті. Мұндайда бұрын көз көрмеген, жұртқа беймәлім желі қолданушыларының сұранысын елемейтініміз жасырын емес. Өйткені күніне бірнеше адамнан қатар келген өтініш хаттарға көз үйреніп кетті. Бірақ мұндай хабарламаларға жүрегі ауырып, банк картасындағы барлық ақшасын бір-ақ аударатын жерлестер жоқ емес.
Көшеде беті-аузы көгерген, ішімдіктен беті ісінген маскүнемді көргенде оған жәрдем ететіндер кездеспейді. Алда-жалда біреуге жақындап, тиын-тебен сұраса: «Не, арақ алып ішейін деп пе едің? Бар әрі!», – деп жауап беретініне таңғалмаймыз. Өйткені харамға берілген садақаның қайыры жоқ. Желіні жаулаған кәсіби қайыршылар да осындай оңай дүниенің ілімін алған. Әсілі, қайырымдылықтың да барар жерін бір ойлап қойған дұрыс.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
27 ақпан 2021 ж. 2 599 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930