Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шығыстың жарық жұлдызы

Шығыстың жарық жұлдызы

Сыр елі – атағы әлемге таралған талай тарландар мен таланттарды дүниеге әкелген қасиетті мекен. Елбасының «Сыр – Алаштың анасы» деуі де сондықтан болса керек. Сыр топырағында дүние есігін ашқан аса талантты тұлғалардың бірі Орта Азия мен Қазақстан жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың туғанына биыл 120 жыл толды. Ендеше, тағдыр-талайына бар-жоғы 23 жас жазылған Ғани туралы естеліктерге зер салайық.

Мұратбаев Ғани – қазақ жастары арасынан жарқырап шыққан жалынды жас, талантты басшы.
Кейде Ғаниға өзім барып, онан ақыл сұрап, нұсқау алып жүрдім. Бір барғанымда Ғани кабинетінде қазақша газет оқып отыр екен. Деру әңгіме бастады:
– Шырақ Кенжебаев, газет оқып жүрсің бе? Мына бүгінгі газетте жастар жайында мақала бар, оқыдың ба? – деп қолындағы газеттің бетін маған қарай бұрды.
Мен ол кезде газеттің қадірін білмейтін, оқымайтын едім. Ғаниға шынымды айттым. Ол бұған біраз ренжіді. Газет жөнінде, газет оқып жүрудің қажеттігі жөнінде бірсыпыра әңгіме, ақыл айтты.
Әлгі Ғани оқып отырған «Ақ жол» газеті екен. Онда жастар жайында Ғанидың мақаласы басылған екен. Мақаланың әр жерінен оқып берді. Ақырында:
– Түсіндің бе? – деді.
– Түсіндік, – дедім.
– «Зиялы» деген не? – деп сұрады.
– Оны білмеймін, – дедім.
– «Зиялы» деген сөзді білмесең, әлгі оқығандарыңды түсінбедің ғой, – деп маған ренжіді.
«Зиялы» деген сөзді өз мақаласының маңызын түсіндірді.
1922-1925 жылдары біз бірсыпыра қазақ жастары Москвадағы Күншығыс еңбекшілері коммунистік университетінде (КУТВ) оқыдық. Біздің сонда барып, оқуға түсуімізге себепші болған, жәрдем еткен Ғани еді.
Бейсембай КЕНЖЕБАЕВ,
профессор
***
Бiздiң бұқарашыл Ғани өлдi дегенге сенбейсiң, сенгiң келмейдi де.
Жас Ғаниды көзi көрген, сырын бiлген жанның жылы жүрегiне бұл ауыр қаза зiлдi жара салады.
Әрине, қиын. Адамның толық тұлғасы Ғани. Жалпының туғаны, қаһарманнан ажырау оңай емес. Өлдi деуге сия ма? Жоқ. Қазақ жасынан шыққан жас Ғани жас өмiрiн Орта Азия еңбекшiл жастарын ұйымдастыру жолына арнаған. Ғани бiздiң алдымызда мәңгi жасамақ. Бұл жастар ұйымына оңай болған жоқ. Тездеп Ғанидай ердiң орнын толтыру қиын…
Орта Азияда жастар ұйымын ұйымдастыру жолында Ғани қатыспаған бiр жастар ұйымы жоқ. Ғани барлық жастар iсiне дәнекер. Ұлы Октябрьден кейiн де бiрден шарт-шұрт, жеңiл-желпi жылдамдықпен Коммунистiк жастар ұйымдары жасала қойған жоқ.
Ғани еңбекшi ортасынан шыққан. Оны жүректегi зерде от қылып жандырды, iске сүйредi. Ғани iске бiлiмсiз келген. Бiрақ жайнаған көз, жанған жүрек, сыбанған қолымен, жан-тәнiмен iске келген. Ғани жабайы даланың жау жүрек ұланы, тартыстың отымен жанды.
Нәзiр ТӨРЕҚҰЛОВ,
қоғам және мемлекет қайраткері, қазақтың тұңғыш дипломаты
***
Бұл жылы бiз Ташкентте оқитын едiк. Ғани университетте оқитын. Ол оқып жүрiп әлеуметтiк iсiне көңiл қойып, жас коммунистердiң алғашқы ұйымын жасай бастаған Ғанидың оқуынан ұйымда iстеуi көп болушы едi, сол жылы жазға салым жастардың жиналысында Ғани көптiң ортасына “жастар газетiн шығару” деген ойды тастады. Жиылыс мұны мақұлдап бұл жұмысты ұйымдастыруды Ғаниға тапсырды. Мен хатшылық мiндетiн мойныма алдым. Сәдуақас, Әлижан, Шамғали секiлдi азаматтар ат салыса бастады. Ғани жоқтан құрап, газеттiң қағазын, ақшасын тапты. Соңынан екi беттi ғана қазақ жастарының тұңғыш газетi наурызда жарыққа шықты.
Әлi ұмытпаймын. Газеттiң бетiн тiзiп, ендi баспаға жiберiлгелi тұрғанда Ғани келiп: “бұған бiр ұран жiберелiк, тұңғыш жастар газетiнiң, жастар жұртшылығының ұранын осы газеттен бастап жариялайық!” деп едi. Қарып терушiлердің еңбегiн төлеп, тiзiлген газеттi қайта бөлектетiп, ұранды қыстырдық. Сондағы Ғанидың газеттiң маңдайына қойған ұраны: “заманға қожа болу, тұрмысқа тұтқа болудың кiлтi – бiрiгіп ұйымдасуда. Ояныңдар, ұйымдасыңдар, езiлген Күншығыс жастары!”
Мiне, ұран осыдан басталып, қазақ жастарының арасында әлеуметтiк сезiмi өсе баспасының алғашқы демi болды. Бұған мұрындық болған Ғани.
Iлияс ЖАНСҮГIРОВ,
қазақ әдебиетін қалыптастырушыларының бірі
***
Ғани сөйлегенде “н” әрпiн созыңқырап айтады екен. Менiң ойымша, бұл тек жәй әдет ғана емес, ерекше бiр педагогтiк әдiс едi. Ол кейбiр маңызды сөздерге осылайша екпiн түсiрiп, әдейi баса айтты. Қанаушылар әр түрлi халықтар арасында ұлт араздығын тудырып келгендiгiн түсiндiре келiп, ол былай дедi:
“Қазiр жағдай мүлде басқа, Совет өкiметi барлық ұлтқа бiрдей қарайды. Бiз халықтармен жауласпаймыз. Бiздiң жауларымыз – халықты қанаушылар, халыққа опасыздық жасағандар. Сендер жұмысшылардың, егiншiлердiң, малшылардың балаларысыңдар. Жаңа өкiмет сендердi бiрге туған адамдардай етiп тәрбиелейдi, ол сендердi асырап-сақтайды, киiндiрiп-тойындырады. Сендер езiлген халықтың балалары, халықтар достығы мен бiрлiгiн нығайтуға үлгi көрсетуге тиiссiңдер, халық сендердi күтiп отыр. Сендер халық алдында өзiнiң мiндеттерiн атқаруға кiрiскен совет жастарының тұңғыш өкiлдерi болып табыласыңдар”
Асыл аға, жалынды саяси жетекшi Ғани оны бiлетiн бүкiл Орта Азия жастарының жүрегiнде.
Аалы ТОҚАМБАЕВ,
қырғыздың көрнектi ақыны

18 қаңтар 2022 ж. 462 0

Ел өзегі – мемлекеттік тіл

24 желтоқсан 2024 ж. 16

Өнегелі өмір өрнегі

24 желтоқсан 2024 ж. 14

Басты мақсат – халық игілігі

24 желтоқсан 2024 ж. 15

ЖАРҚЫРА, ШЫРША ШАМДАРЫ!

24 желтоқсан 2024 ж. 12

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031