Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарқын жетістіктер жылы

Жарқын жетістіктер жылы

Жуырда жылдағы дәстүрге сай аудандық мәдениет орталығында жылды қорытындылауға арналған салтанатты шарада үздік сала қызметкерлері марапатталды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, жыл көлемінде атқарылған іргелі істерге тоқталды.
– Биылғы жылдың ең басты тарихи оқиғасы – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік.
Қазалы ауданы биылғы жылдың қиыншылықтары мен Сырдария өзеніндегі су тапшылығы, екі бүйірден қысқан қуаңшылыққа қарамастан жылды табысты қорытындылап отыр.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аудан экономикасы тұрақты дамып, аудан бюджетінің кірістер бөлігі көбейді.
Күні кеше ғана облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазалы ауданына арнайы іссапармен келіп, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Жыл аяқталар тұста аудандағы 36 көп балалы ана жаңа пәтерде қоныс тойын тойлады. Жаңа баспананың кілтін аймақ басшысы өз қолымен табыстады. Сондай-ақ аудан орталығынан биіктігі 12 метрден асатын Жалаңтөс баһадүрдің еңселі ескерткіші бой көтерді. Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Гүлшара Наушақызы арнайы қатысып, қазалылықтардың қуанышына ортақтасты.
Одан бөлек, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолынан, теміржол бойындағы 99 бекет жанынан салынған көпсалалы кәсіпкерлік қызмет көрсету кешенінің ашылу салтанатына да қатысты. Қазалы ауданында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аймақтық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Аламан айтысқа Қызылорда облысы мен Ақтөбе, Тараз қалаларынан келген 10 ақын қатысты. Жыр додасында ақындар Тәуелсіздікті, дархан даланы, ұлы елдің рухани қазынасын, кемел келешегі мен қасиетті Қазалының даңқын жырлады, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Мұнан соң жылдың қорытындысымен әр сала майталмандарына, аудан, облыс, республикаға белгілі тұлғаларға Қазалы ауданының Құрметті азаматы атағы ­табысталды.
Сонымен қатар «Жыл үздігі – 2021» номинациясы мен салалық министрліктердің төсбелгісі берілді.
Салтанатты шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Ж.АЙЫМҚҰЛОВ
01 қаңтар 2022 ж. 369 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930