Тәуелсіздік – тірегім
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған мерекелік салтанатты шара осылай аталды. Тәуелсіздіктің торқалы тойына сай безендірілген сахна мен көрме келушілердің назарын аудартып, ерекше әсер сыйлады.
Алдымен көрерменге қазақ елінің тарихынан сыр шертетін сахналық қойылым ұсынылды. Рух пен жігерге толы бабалар сөзі ұрпақ санасында сақталып, өткенге құрметі мен келешекке деген сенімін нығайта түсті. Қойылым бітісімен, «Құрмет қарауылы» Қазақстан Республикасының Туын сахна төріне алып шықты. Қазақстан Республикасының Гимнін жиналғандар бірге орындады.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аудан халқын мерекемен құттықтау үшін мінберге көтерілді.
– Қазалы ауданы жаңа жетістіктер мен әлеуметтік жаңару жолында алға қадам жасап келеді. Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауда бірқатар оң өзгерістерге қол жеткізілді.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аудан экономикасы тұрақты дамып, аудан бюджетінің кірістер бөлігі көбейді.
Тәуелсіздік жылдарында ауданда 70-тен астам әлеуметтік нысан салынды. Оның ішінде мектептер мен балабақшалар, мәдениет орындары бар. Аудан орталығы мен ауылдар абаттандырылып, көріктене түсті, – деген аудан басшысы бұл жасалған жұмыстардың барлығы тәуелсіздік тартулары, жұдырықтай жұмыла білген халқымыздың ерен еңбегі екенін атап өтті.
Мереке қарсаңында аудан басшысы бірқатар азаматты «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының «Құрмет» грамотасы, Алғыс хаты, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірініші орынбасарының «Құрмет» грамотасы, ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметі директорының Алғыс хаты, облыс және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Бұдан әрі кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Өнерпаздар өрлікті, ерлікті, бірлікті насихаттайтын «Елім менің», «Көк тудың желбірегені», «Самал тау», «Қазақстаным», «Тәуелсіздік таңы», тағы басқа әндерді шырқады. ҚР Мәдениет саласының үздігі Галя Оспанова жетекшілік ететін «Өнеге» әжелер ансамблі орындаған «Дүние-ай» әні мен жыршы-термеші Тұрар Айдостың «Тәуелсіздікке арнауы», «Айнұр» би ансамблінің «Шашу» биі, «Мырза» атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы ақын Ұлықбек Тәңірбергеновтің сөзіне жазылған ҚР Композиторлар Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Сәукен Әліштің «Қазақ елі» музыкалық шығармасы сахна сәнін келтірді. Дирижері Рақымжан Әбілтаев.
Салтанатты шара шымылдығы Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен жабылды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА