Үздік ұстаз – ұлт болашағы
Өз уaқытын aямaйтын, өзгенiң бaқытын aялaйтын бағбан, бaлaмен бaлaдaй тiл тaбыca бiлетiн жанашыр, шығaрмaшыл дa теориялық жaғынaн сауатты, iзденгіш ұстаздар қауымы елдің болашағы – балаларға aдaмгершiлiк қacиеттердiң дәнiн еккен диқaншы іспетті. Құндылықтар алмасып, әр жаңа кезең өз ерекшеліктерімен келсе де, мұғалім мәртебесінің бәрінен биік тұруы хақ.
Осы орайда ұстаздардың біліктілігін арттырып, білім беру жүйесінде бәсекеге қабілетті болуға ұмтылып жүргені түрлі республикалық байқауларда көрініс табатынын ескеру керек. Соның бірі – жыл сайын ұйымдастырылатын «Үздік педагог» байқауы. Аталмыш республикалық үздік мұғалімдер байқауында осы жылы қос ұстаз ауданның абыройын асқақтатып, облыста өзгеден озат болу арқылы «Үздік педагог – 2021» атанды. Оның шарты бойынша әр жылдың сәуір айында аудандық іріктеу өтіп, облысқа жолдама алатын жүйріктер анықталады. Яғни, қатысушының кәсіби еңбегі, жетістіктері мен шығармашылық-ұйымдастырушылық қабілетіне баса назар аударылмақ.
Үздіктің бірі Жанаркүл Алишева – аудандық оқушылар үйінің «Өлкетану» үйірмесінің жетекшісі, тынымсыз еңбегімен тарих саласына үлесін қосып жүрген бірегей ұстаз. 23 жыл бойы ұстаздық жолында жүрген азаматша әріптестерінің арасында сыйлы, ізденісі мен іскерлігінің арқасында нәтижелі жұмыстар атқарып келе жатқан ұстаз түрлі шығармашылық байқауда үздік танылып жүр. 2017 жылы Өлкетану үйірмесіне, 2019 жылы туристік өлкетануға арналған авторлық бағдарламалары жарық көріп, екеуі де облыс көлемінде іс-тәжірибе ретінде таратылды. 2020 жылы тарихи-мәдени мұра обьектілерін сақтау бойынша «Birgemiz: Asyl Mura» жалпыұлттық жобасының аясында өткен шағын гранттарды іске асыруға қосқан үлесі үшін 300 000 теңге сыйақы және «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы төрайымының Алғыс хатымен марапатталды.
Озықтардың озығы деп танылған тағы бір қазалылық – Эльмира Жексембиева. Қалалық М. Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің химия пәнінің мұғалімі педагог-шебер санатында. Жиырма жыл өмірін білім беру саласына арнап келе жатқан ұстаз кәсіби құзыреттілігін танытатын байқаулар мен іс-шаралардан қалыс қалмай, шәкірттерін де, өзін де шыңдап келеді. Заманауи технология көшінен табылған Эльмира Ақжігітқызы өз саласында жаңа әдістерді пайдалану арқылы білім беру үдерісінде жаңа талаптарға сай, өзгеден озық. Еңбекқор ұстаз 2018, 2019 жылдары қатарынан Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталса, 2020 жылы облыстық бастауыш кәсіподақ ұйымының «Құрмет грамотасына» лайық деп танылған. 2021 жылы 5 қарашада өткен облыстық семинарда «Химия сабағында РISA тапсырмаларын қолдану арқылы оқушы бойындағы функционалдық сауаттылықты дамыту жолдары» тақырыбында шеберлік сағатын көрсеткені үшін облыстық оқу орталығының сертификатын иеленген.
Бірі Оқушылар үйінде, бірі №16 мектеп-лицейде оқушылардың білімді, бәсекеге қабілетті, сауатты һәм саналы тұлға болуы үшін барын салып жүрген, үнемі ізденуден талмайтын қос ұстаз – аудандық білім саласының келбеті. Жүздеген ұстаз арасынан іріктеу арқылы ұйымдастырылған байқаудың нәтижесі бойынша 4 қазанда облыстық кезеңде жеңіске лайық деп танылып, Қызылорда облысы бойынша «Үздік педагог-2021» құрметті атағына, 875 100 теңге ақшалай жүлдесіне ие болды. Бұл ел болашағы – білімді жастарды тәрбиелеп жүрген ұстаздардың Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арнаған тартуы іспетті.
Дина БӨКЕБАЙ