Қазақстанда мың мектеп салынады
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин елімізде оқу ордаларының жетіспеушілігі мен білім беру сапасын жақсарту мәселелерін шешу бағытында қандай шаралар қабылданып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды egemen.kz
Министрлер кабинетінің басшысы бұл мәселеде елімізде болып жатқан демографиялық процестерге назар аудару қажет екенін атап өтті.
«Соңғы он жылда бала туу саны екі есеге артты, сәйкесінше, оқу орындарының саны мүлдем басқаша. Осыған байланысты біз бес жыл ішінде мың мектеп салып бітіруіміз керек. Яғни, жыл сайын 200 мектептей», деді Асқар Мамин БАҚ өкілдерімен кездесуде.
Премьер бүгінгі таңда елімізде білім беру саласының өзінде инвестициялық тартымды бола бастаған механизм құрылғанын айтты.
«Биыл 160 жекеменшік мектеп салынады. Яғни, жеке капитал бүгінде білім беру жобаларын қаржыландырады. Олар өз инвестицияларын жан басына қаржыландыру арқылы өтейді. Мұндай көптеген модельдер бар. Біз биыл 300-ге жуық мектепті іске қосамыз. Біздің алдымызда тұрған міндет - бес жыл ішінде мың мектеп, менің ойымша, біз оны жүзеге асырып жатырмыз», деп сендірді Асқар Мамин.
Премьер-Министр білім беру сапасы туралы ұмытпау маңызды екенін атап өтті. Бүгінгі таңда мұғалім мамандығының беделін арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде және бұл мамандыққа мықты түлектер барады. Білім беру елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты мәселесі.