Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылжардағы қазалылықтар

Қызылжардағы қазалылықтар

Біраз уақыт бұрын ауданға Павлодар облысы әкімдігінен өкілдер келіп, жергілікті бұқаралық ақпар құралдарымен жиын өткізгенін көзі қарақты оқырман ұмыта қоймаған болар. Үкімет халық тығыз қоныстанған Оңтүстік өңірі халқын Солтүстік Қазақстанға көшіру арқылы еңбек күшін қалыпқа келтіруді көздеп отырғаны түсінікті. Бұл Қазалыдағы жұмыссыздар үшін тұрмыс деңгейін жақсартып, жаңа өмір бастауға үлкен мүмкіндік екені рас. Кезінде кеңестік солақай саясаттың салдарынан құнарлы, табиғаты тамаша жерден қуылған жұрттың әсем өлкеде қайта өріс жайғаны да мемлекеттің бір мүддесіне ұқсайды. Қалай болғанда да халық санының көптігінен қордаланған мәселеден бас алмай жүргендер үшін Қызылжардағы өмір ертегіден кем емес. Қазалыдан көшіп барған Айдынқұловтар әулеті осы сөзге сендіріп отыр.
Әулеттен солтүстікке алғаш қоныс аударған Қуаныш 1987 жылы туған. Зайыбы Ақерке Кеулімжай екеуі Әлихан есімді балақай тәрбиелеп отыр. Қоныс аударғанға дейін жігіт ағасы іргелі шаруашылықта трактор айдаған. Ал келіншегінің медбике мамандығы болса да, «Несібелі» сауда үйінде жұмыс істеген. Айлық күнкөріске жеткенімен, бөлек отау тігіп, болашаққа жоспар құруға жеткіліксіз еді. Осылайша отбасымен ортақ шешімге келген. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, тамыз айында Павлодар облысы, Шарбақты ауданы, Загородка ауылынан бір-ақ шығады. Бастапқыда бұрын болып көрмеген жат мекенге үйренісіп кетуден күдіктенген олар қазір мамыражай күн кешіп отыр. Қуаныш механик болып жүмысқа орналасса, Ақерке ауылдағы емдеу мекемесінде медбике. Осындағы қырыққа жуық тұрғынның балтыры сыздап, басы ауырса алғаш іздейтін адамына айналған.
– Біз келгенде Ажар есімді аудан депутаты, аудан әкімнің көмекшісі мен жұмысқа тұрған шаруа қожалығының директоры күтіп алды. Ауылдық округ әкімі Руслан есімді азамат өз көлігімен құжатты дайындауға, зат тасуға көмектесті. Қонақжайлығын сөзбен айтып жеткізу қиын. Берген баспанасы да көңілден шықты. Бірен-саран кемшілікті жөндеуге құрылыс материалдарына дейін алып берді. Ал мекеме басшысы «қыста қиналып қалмаңдар» деп соғымға мал берді. Тұрмысқа қажетті отын-суды уақытынан бұрын кіргізіп алдық. Күнделікті хабарласып, қандай көмек керек екенін сұрайды. Мұндай жақсылықты, шынымды айтсам, күткен жоқпын. Солтүстікке келіп мал ұстасаңыз да, құс шаруашылығымен айналыссаңыз да барлығы дайын. Боламын деген адам үшін таптырмас жер деп ойлаймын. Туған жерді сағынамыз, бірақ мұндай мүмкіндік ауылда жоқ, – дейді Қуаныш.
Қазіргі күні отағасы екі жүз, келіншегі жүз мың теңгеге дейін жалақы алады. Ақерке «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жас маман ретінде монша, қора, гараж бен кең бақшасы бар баспана сатып алған. Бұл аз десеңіз, отбасындағы үш адамның әрқайсысы бір реттік 204 мың теңге қаржы иемденген. Павлодарға барғанда ­баспана жалға алу үшін 600 мың теңгеден асатын қаржысы тағы бар. Қайырлы көштің жайынан хабар алған Қуаныштың інісі Нұрболат Байдулла да араға бір ай салып, ағасы тұратын ауылға көшіп барды. Өзі ғана емес, әйелі Назқоңыр мен төрт баласын бірден ала кеткен. Жас жұбайлар бесінші балапанды асыға күтіп жүргенін де айта кеткен жөн. Облыс әкімдігі оларға да барған бойда тұрақты жұмыс тауып беріп, баспанамен қамтыған. Отағасы шаруа қожалығында мал күтімімен айналысса, келіншегі далалықтағы жұмысшыларға тамақ пісіреді. Жалақыларының қанша екенін сұрап едік, ері үш жүз мың теңгеге дейін айлық алатынын білдік. Үкімет қоныс аударған әулеттегі алты адамға 735 мың теңге қайтарымсыз көмек көрсеткен.
Табиғаты тамаша өңірге көшкен жігіттердің анасы Ажаркүл Айдынқұлова күйеуі Жұмахан Айдынқұлов екеуі жеті баланы өмірге әкелген. Олардың оқытып, отау құрғызғанымен ауданда лайықты жалақысы бар жұмыс таба алмаған. Амалы таусылған ана аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Әділхан Әбіловке келіп, кеңес сұрағанын айтады.
– Жұмыспен қамту орталығының басшысына жолыққанша бірнеше ай ішінде балаларым баспаналы болып, тұрақты жұмысқа орналасады деген ой болмады. Әділхан сол өңірдегі қолынан іс келетін басшылармен байланыстырып, құжаттарымызды реттеуге көмектесті. Қарапайым халыққа мемлекеттік бағдарламалардың тиімді, пайдалы жақтарын жан-жақты түсіндіріп беретін осындай азаматтар көптеп керек. Ол кісіге келіп жолықпағанымда байырғы күйбең тірлікпен жүре берер ме едік, кім білсін?! Ал ауданда жұмыс таппай, қиналып жүргендер болса, солтүстікке көшуге, жағдайын түзеуге кеңес берер едім, – дейді Ажаркүл.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
13 қараша 2021 ж. 595 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 75

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930