Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ер есімі – ел есінде

Ер есімі – ел есінде

Өткен аптада Ақжона ауылдық округіне қарасты Майдакөлде ауыл күні аталып өтті. Шарада Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасы, Тәуелсіздіктің 30-жылдығы аясында өз заманында халыққа имандылықты насихаттаған “Жиенбай ишан” атындағы мешіт ашылды. “Тектілігі – жүректегі иманында” атты басқосуға осы жерден түлеп ұшқан азаматтар мен жан-жақтан арнайы шақыртқан қонақтар жиналды. Орталық саябақта ұйымдастырылған салтанатты шараның ашылуына келген аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ауыл аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Қасиетті Қазалы ауданы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына толымды табыстармен жетіп отыр. Осы отыз жылда тәуелсіз ел ретінде қаншама жоба жүзеге асты. Соның ішінде ауылдарға айрықша мән берілді. Оны бүгінгі Майдакөл ауылының тұрғындары да сезініп жүр деген ойдамын.
Біріншіден, Тәуелсіздіктің арқасында Сырдария өзенінің «Әлсейіт» өткеліне темір бетон көпірі салынып, пайдалануға берілді. Бұл көпірді аудан халқы ғасырлар бойы армандады десек артық айтқандық емес. Екіншіден, ауылдағы білім алатын мектеп ғимараты заманауи талаптарға сай салынған.
2020 жылы Майдакөл ауылында абаттандыру жұмысы жүргізіліп, ауыл орталығынан саябақ бой көтерді. Биыл ауылдағы ауызсу сервистік желіге қосылды. Одан бөлек электр желілеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 7,8 шақырым электр желісі мен 217 дана темір бетон бағаналары орнатылды. Жақында ғана Ақжона ауылдық округіне қарасты Жалпақ елді мекенінде медициналық бекеттің құрылысы басталды. Ауқымды жұмыстар алдағы уақытта та жалғасады, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң туған жердің өсіп-өркендеуіне белсене атсалысып, ауыл мәдениетін көтеруге өлшеусіз үлес қосқан бірқатар майдакөлдік азаматқа Алғыс хат тапсырып, ризашылығын білдірді.
Ауыл күні аясында “Жиенбай ишан” мешіті пайдалануға берілді. Осы елден шыққан азаматтар мен ауыл тұрғындарының күшімен салынған имандылық үйінің ашылу салтанатында Қазалы ауданының Құрметті азаматы Самұрат Имандосов, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев, қоғамдық кеңес төрағасы Қасқырбай Әлімбайұлы бастаған ел ағалары ыстық лебіздерін білдіріп, игі тілектерін жеткізді.
– Халықты сауаттандыру, ұрпақ тәрбиелеу, имандылықты уағыздаумен айналысқан барлығымызға ортақ Жиенбай ишан мешітінің ашылуына жиналып тұрмыз. Бұның барлығы ауызбіршіліктің арқасында жүзеге асып, қасиетті жерде басқосудамыз. Соған мұрындық болып, құрмет көрсетіп жүрген осы елдің тумаларының істеріне береке тілеймін. Баба әруағы әрдайым қолдап, әр сапарларды сәтті қылып, бастамаларыңызға оң нәтиже бергей, – деген жүрекжарды ниетін білдірді Самұрат Жұманұлы.
Ел ағалары қасиетті мәулітке орайлас келген “Ауыл күні” айрықша оқиғамен астасып, еңселі мешіттің ашылғанына ризашылықтарын білдірді.
– “Ер есімі – ел есінде” деген тәмсілдің астарында терең мағына жасырылған. Заманының жоғын жоқтап, халықтың мұңын өз мүддесінен жоғары қойған азаматтар баршылық. Олардың әрбір ісі ұрпаққа өнеге. Болашаққа бағыт-бағдар беріп, ағартушылық саланың дамуына ден қойған бабалар рухы өшпейді. Осындай келешектің өркендеуіне үлес қосып, тынбай ізденіс үстінде болған Жиенбай Қауысұлы үш рет Қыдыр көрген деседі. Баба құрметіне ашылған имандылық үйі майдакөлдіктердің рухани байлығын айшықтары сөзсіз, – деді Баймырза Қожамберлиев.
Бұдан әрі құттықтау сөз алған Қасқырбай Әлімбай жиылғандарды тарих толғауын, ата-бабалардың өнеге дәстүрін қадірлеп, қастерлеуге үндеді. “Сыр өңірі – бүкіл алашқа мәлім дүлдүл ақын, шайырлар, батыр, билер мекені ғана емес ахундар мен ишандар, молда мен мақсым атанған оқымысты, ғұламалардың елі. Саясат, өнер, білім, ғылым саласында биік деңгейден көрінген Сыр бойы перзенттерінің Орта Азия ғана емес, бүкіл Шығыс мәдениетінде алар орны биік. Олардың қатарында қазақтың дербес ел ретінде құрылуына еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ағартушы күрескерлер бар. Мұндай игі істі ишандар мен ахундар, оқымысты ғұламалар өрістетті. Әр ғасырда елге аты мәшһүр Мүсірәлі сопы, Қосым, Марал, Айқожа, Ахмет, Әзілхан, Сүлеймен, Тілеулес, Қожаназар және басқа да көптеген ишан өмір сүрген. Олар қазақ тарихында Алаш жұртына рухани қызмет еткен діни көсемдер. Сыр өңіріне белгілі діни тұлғаның бірі – Жиенбай ишан мешітінің ашылуы құтты болсын”, – деген ақжарқын тілегін жеткізді.
Жиенбай ишан 1820 жылы дүниеге келіп, 1886 жылы 66 жасында өмірден өткен. 12 жасына дейін ауыл молдасынан ілім алып, арабша оқуды игерген. Одан кейін Бұқараға барып, Көкілташ медресесінде оқып, иджаза алып, ишан атағына ие болған. Елге оралып, Сырдың төменгі ағысындағы өңірде алғашқылардың бірі болып мешіт ашқан. Білім деңгейінің жоғары болғандығынан халық арасында айрықша құрметке бөленіп, ол жайлы жақсы пікірлер қалыптасқан. Сондықтан да Жиенбай ишанның жұрты үшін атқарған қыруар еңбегі еленіп, ауыл үшін өзекті мәселе болып келген мешіт абзал азаматтардың тікелей араласуымен жүзеге асырылғандығын тұрғындар жоғары бағалады. Олар қасиетті мекен жамағаттың жан-дүниесін тазалайтын қадірлі орынға айналсын деген ниеттерін ортаға салды.
Бұл күні Жиенбай бабаның өмір жолына арналған театрландырылған қойылым қойылды. Арнау-жыр оқылып, клуб өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаны ауыл халқы тамашалады. Сондай-ақ спорттық ойындар ұйымдастырылып, жігіттер қол күрес, гір мен қой көтеру және арқан тартыстан өзара сайысқа түсті. Оған ауданның түкпір-түкпірінен келген спортшылар бақ сынады. Ұйымдастырушылар жарыс жеңімпаздарына қомақты ақшалай сыйлықты ­табыстады.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
09 қараша 2021 ж. 671 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031