Кіші Аралға су келе бастады
Kyzylorda-news.kz. Жауын-шашынның аздығы, қалыптан тыс ыстық және Сырдарияда судың төмен деңгейіне байланысты осы жылдың жазында Қызылорда облысының Арал ауданы қуаңшылыққа ұшырады. Соңғы 4 жылда Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесіне Сырдария өзенінен су келіп түскен жоқ. Көл жүйесіндегі судың жетіспеушілігі жақын маңдағы жайылымдық және шабындық жерлердің жағдайына әсер етті.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Аспай су ағытқысын іске қосу арқылы Қамыстыбас-Ақшатау көлдер жүйесіне су баруда. Су ағытқысын қалпына келтіруге Болат Өтемұратов Қоры қаражат бөлді.
«Шұғыл түрде құрылған жұмыс тобы Қамыстыбас және Ақшатау көлдеріне судың келуін қамтамасыз ету үшін Аспай су ағытқысын қайта құру қажеттілігін анықтады. Тексеру жүргізілгеннен кейін ақаулар туралы акт жасалып, Болат Өтемұратов Қорының уақтылы қаржылық қолдауының арқасында су ағытқысын жөндеу туралы шұғыл шаралар қабылданды. Бүгін жұмыстың нәтижесін көруге болады – көлдердегі су деңгейі біртіндеп көтеріліп келеді. Су ағытқысына тірелген артық су дария арнасы арқылы Кіші Арал теңізіне құяды», – деп хабарлады Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов.
Атқарылған жұмыс нәтижесінде көлдерге жалпы ауданы 27 мың га жуық су келіп түсті, бұл балық шаруашылығын қалпына келтіруге, 7150 га шабындық жерлерді суаруға және жемшөп дайындауға, 12900 га жайылымдық жерлерге мал жаюға және 115 га егістікке мүмкіндік берді.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың шілде айында Қызылорда облысының Арал ауданындағы қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланған болатын. Құрғақшылықтың салдарынан 600-ге жуық мал қырылды.