Отандық вакцина QazVac-қа қатысты тың мәліметтер белгілі болды
Қазақстанда қазіргі кезде тек ресейлік «Спутник V» вакцинасы ғана егілуде. Жұртшылық не QazVac-ты, не Hayat-Vax-ты, не CoronaVac-ты таба алмай, дал.
Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл жауапты ҒЗИ мен биофармзауыт басшыларынан жауап алды. Қазақстанда қазіргі кезде тек ресейлік «Спутник V» вакцинасы ғана егілуде. Жұртшылық не QazVac-ты, не Hayat-Vax-ты, не CoronaVac-ты таба алмай, дал. Бұл ретте елордалық емханалардағы екпе салушы дәрігерлер тосын жаңалықты хабарлады: басшылықтың нұсқауына сілтеме жасаған олар тек тамыз айында ғана екпе егетіндерін мәлім етті. Содан кейін тоқтатпақ ниетте. MEGA Silk Way және басқа да сауда ойын-сауық орталығындағы вакцинация жүргізуші медицина қызметкерлері де: «1 қыркүйекке дейін ғана жұмыс істейміз» деген жоспарларымен бөлісті, деп жазады Inbusiness.kz.
Дегенмен, соңғы шешімді вице-премьер Ералы Тоғжанов басқаратын ведомствоаралық комиссия (ВАК) шешетін болса керек. ВАК тамыздан кейін вакцинациялау пункттерін жабу туралы шешім қабылдаса, олар жұмысын доғарады. Әзірге вакцинациялау көрсеткіштері ұжымдық иммунитет қалыптасатын 60-80 пайыз деңгейден тым алыс. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда I компонентпен егілгендердің саны 5 миллионнан жаңа асты. Бұл 18 миллион 984 мың қазақстандықтың шамамен 27%-ы ғана. Оның үстіне вакцина салғызғандар арасында елімізде қаптап тұратын Ресей азаматтары, шетелдіктер жетерлік. Ендеше ұжымдық иммунитет қалыптасуы үшін нақты қанша адам егілуге тиістігі беймәлім. Демек, вакцинациялау ары қарай да күн тәртібінің төрінен түспейтін түрі бар. Ел Үкіметі ірі мегаполистердің өзінде таусылып қалған қытайлық Sinopharm (Hayat-Vax) мен CoronaVac-тың жаңа партиялары қашан әкелінетінін айтпады.
Ал отандық «ҚазВак» қайда?
Екпе салғызуға ынта-ықылас білдірген қазақстандықтар қазақстандық вакцинаны таба алмағандарына шағымдануда. «Маған хат, хабарлама жазған біраз азаматты бір мәселе алаңдатады: «Отандық QazVac (QazCovid-in) вакцинасымен егілейік деп едік, елорданың өзінде еш жерде жоқ». «Жамбылдағы зауытта не болып жатыр? Вакцина шығаруды тоқтатқан ба? Әлде ел Үкіметі шетелдік вакциналарды ілгерілетіп, өз вакцинамызды сатып алмай жатыр ма?» дейді жұртшылық. Мәселенің мән-жайын білу үшін БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы Күнсулу Закарьяға хабарластым», – дейді Мәжіліс депутаты, Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл.
Сонымен, Б.Смағұл не білді? К.Закарья оған Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ-і өз мойнына алған міндеттемелерін дер кезінде әрі толыққанды орындап отырғанын баяндаған.
«Бірыңғай дистрибьютор – «СҚ-Фармация» ЖШС-мен арамыздағы келісімшарт бойынша біздің тарапымыздан отандық вакцинаның партиялары уақытында жіберіліп жатыр. Атап айтқанда, 2021 жылғы сәуірде QazVac-тың – 50 мың дозасы, мамырда – 50 мыңы, маусымда – 100 мыңы «СҚ-Фармацияға» жолданды. Бұйыртса, келесі аптада шілдеге жоспарланған 100 мың вакцина жіберіледі. Тамыз айына – бірден 650 мың вакцина өндіріп, жолдау жоспарда бар. Ол міндетті орындауға қазірден дайындық жасалып жатыр. Барлығын келісімшартқа сай әзірлеп, шығарудамыз. Ал вакцинаны ары қарай өңірлерге тарату, әрбір азаматқа жеткізу Бірыңғай дистрибьюторға байланысты», – деді Күнсулу Дальтонқызы.
Яғни, қазақстандық вакцинаның тапшылығына Жамбыл облысының Қордай ауданындағы ҒЗИ мен заманауи зауыттың еш айыбы жоқтай. ҒЗИ вакцина өндірісін қал-қадари арттыруда. Егер Үкіметтен тиісті қолдау болса, онда ай сайын емханаларға QazVac-тың 1 миллионға жуық вакцинасы жеткізіліп тұратын шақ та туады.
Вакцина жасаған ғалымдардың тұрмысы нашар
«Жамбыл облысындағы осы ғаламат ғылыми-зерттеу орталығында, оның АҚШ салған жаһандық озық лабораториясында кейінгі 1,5 жылда екі рет болдым. Институтта вирусология, биологиялық қауіпсіздік, эпизоотология, иммунология, молекулалық биология, биохимия, биотехнология, микробиология және фитопатология саласындағы жоғары білікті мамандар, ғылым докторлары мен кандидаттары қызмет атқарады. Өткен жылы әлемде алғашқылардың бірі болып вакцина ойлап тапқан осы ғылым ордасының мамандары, ғалымдары оны жасау, клиникалық зерттеулер өткізу және басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін ұйқыны ұмытып, тәулік бойы дерлік тер төкті. Ерлікке бара-бар ерен іс тындырды. Бүгінде олардың еңбегін Үкімет те, қоғам да жете бағалай алмай отырған сияқты», – дейді Бақытбек Смағұл.
Қазақстанда 100-ден астам ғылыми институт бар екен. Олардың көбі пандемия басталғанда, бұл проблемадан, яғни елге келген зауалдан халықты құтқарудан қалыс қалды. Ал белсене кіріскендері әлі күнге мәреге жетпеді. Б.Смағұлдың айтуынша, жаһандық дәрежедегі жетістікке жеткен жалғыз институтымызға қоғам қошемет көрсетпесе, ең құрығанда босқа балағаттамағанымыз жөн.
«Бізге ең болмаса, моральдық қолдау керек. Вакцина жасаған ғалымдарымыз қандай құрмет-қошеметке де лайық. Олардың әлеуметтік жағдайын керемет деуге келмейді. Көмек шамалы. Салыстыру үшін айтсақ, шетелде вакцина ойлап тапқан ғалымдар – миллионер, компаниялар – миллиардер болуда. Біздің ҚазВак – әлемдегі ең үздік вакциналардың бірі. Ал вакцина ойлап тапқан біздің ғалымдар болса, моральдық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да тозу үстінде», – деп шағымданған депутатқа ҒЗИ мамандары. Мәжіліс депутаты ғалымдар мұңын Үкіметке құлаққағыс етті.
QazVac ІІІ клиникалық сынақ нәтижелері қашан жарияланады?
Кейбір қоғам белсенділері, сондай-ақ екпе атаулыға жаны қас адамдар «қазақстандық вакцинаның үшінші клиникалық зерттеуден өтпегенін» айтып жүр. «Өтсе, оның нәтижесі қайда, неге жасырып, жария етпей отыр? Әлде отандық вакцина жарамсыз болып шыққаны ма?» деп жазады олар. Парламентші бұл сұрақты Закарья ханымға қойыпты. ҒЗИ басшысы QazVac (QazCovid-in) вакцинасының ІІІ клиникалық зерттеуден табысты өткенін мәлім еткен. Оны тиісті қорытындылар айғақтады.
Шетелдік және отандық ғалымдар бұған еш шүбәланбайды. Мәселе енді тиісті есепті жариялауда, яғни бюрократиялық мәселеде ғана болып тұрған көрінеді. Айтпақшы, былтыр әлемде вакцинасын ең бірінші болып тіркеген Ресей де әлі күнге ІІІ кезең қорытындысын жарияламады: биылғы ақпанда жария етуге уәде еткен, ол сөзінде тұрмады. Сонда Қазақстан вакцинасының үшінші сынақ кезеңінің қорытынды есебі қашан жарияланбақ? БҒМ сайтында тек І және ІІ кезең қорытындысы ғана орналастырылған.
«9 шілде күні ІІІ кезең түбегейлі аяқталды. Тиісті есепті дайындауға кем дегенде 25 күн керек. Өйткені есептер өте көлемді, 3 томға тартады. Шамамен 2000 беттен тұрады. Одан кейін есеп Денсаулық сақтау министрлігіне сараптамаға жіберіледі. Экспертиза, яғни сараптау мерзімі қашанға созылатынын ДСМ анықтайды. Норматив бойынша бұрындары 1 ай болатын», – дейді Күнсұлу Закарья.
Қорытынды есеп QazVac-ты ДДСҰ мойындауы үшін маңызды болса керек. Ал үшінші сынақтан сүрінбей өткені белгілі болысымен, пандемияны тоқтату мақсатында отандық вакцинаны шұғыл түрде адамдарға егуге рұқсат етілген.