Келешек – кәсіпкерлікте
Күннен күнге аудан ажары артып, келбеті келісіп келеді. Оған қоса тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалып, қарқынды құрылыс жүруде. Жуырда ғана Қазалы ауданының әкімі қызметіне тағайындалған Мұхтар Оразбаев сәрсенбі күні ел ішіндегі бірқатар нысандарды аралап, ондағы жай-күймен танысқан болатын.
Кенттегі келелі іс
Әкім сәрсенбі күнгі жұмыс сапарын Әйтеке би кентінен бастады. Басшы кент ішін аралап, аудан орталығының тыныс-тіршілігімен танысты. Олардың қатарында әлеуметтік маңызы бар нысандар мен құрылыс алаңдары бар.
Ең алдымен ол Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназия жанынан салынып жатқан спорт зал құрылысына табан тіреді. «SCS Инжиниринг» ЖШС жүргізіп жатқан құрылысы жаңа оқу жылына дейін аяқталуы тиіс. Мердігер мекеменің жауапты қызметкері жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтауды көздеп отырғанын жасырмады.
Мұнан соң аудан орталығындағы «Өндірістік аймаққа» жол тартып, кәсіпкерлердің жұмысына қанықты.
Негізінен «Тамшы Су» ЖШС 2016 жылдан бері тазартылған ауызсу өндірумен айналысады. Серіктестік директоры Еркін Алданазаров өз кәсібін бастау үшін 8 миллион теңге жеңілдетілген несие алған. Қазіргі таңда цехтың қуаттылығы айына 19 мың литр таза су шығара алады.
Өндірістік аймақта жақында ғана іске қосылған шағын бетон зауыты сағатына 20 текше метр бетон шығарады. Жеке кәсіпкер Рүстем Мәмбетжанов та жұмысын жандандыру үшін мемлекеттен жеңілдетілген несие еншілеген.
Мұхтар Әуесұлы Әйтеке би кентін аралау кезінде «ҚЭТТК» АҚ Қазалы аудандық электр торабы, «Қазалы теміржол жылу» МКК, «Арал-Сарыбұлақ» мекемесінің №7 насос станциясы, кенттік кітапханаға арнайы соғып, мекеменің қызу шаруасымен танысты. Одан бөлек №204 мектеп пен аудандық аурухананың көне ғимараттарында орналасқан жатақхана тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Сондай-ақ құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан 4 пәтерлік 10 жалдамалы және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін салынып жатқан тұрғын үйлер, «Аймақаш» мөлтек ауданындағы жаңа кварталдарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, 600 орындық мәдениет үйі мен 250 келушіге арналған емхананы көріп, құрылыс жұмыстарына жауапты мамандармен тілдесті. Бұл нысандар туралы аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай толық ақпар берді.
Қаладағы қарқынды тірлік
Биыл Қазалы қаласындағы құрылыс көңіл қуантып тұр. Ел игілігіне берілетін көгілдір отыннан бөлек асфальтталған көшелер тұрғындар қуанышын еселеуде. Аудан басшысы мұндағы жол жөндеу, газдандыру жұмыстарынан хабар алды. Сондай-ақ кәсіпкерлік нысандар, білім беру, емдеу мекемелеріне де арнайы ат басын бұрып, тұрғындармен тілдесті.
Тереңіне үңілсек, тарихынан сыр шертетін Қазалы қаласында 3 мектеп, 2 балабақша, «Шағала» лагері, Қазалы аграрлы-техникалық колледжі, қалалық мәдениет үйі және қалалық кітапхана орналасқан. Одан бөлек бірнеше республикалық маңызды тарихи ескерткіштер де осында.
Аудан әкімі аялдаған алғашқы нысан Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің аралығындағы жолды кеңейту жұмыстары болды. Жоба бойынша 7 шақырым автомобиль жолы 4 жолаққа дейін кеңейіп, 2 темірбетон көпірі, 2 су өткізгіш құбыр қайта жаңғырып, жарықшамдар мен аялдамалар орнатылатын болады. Сонымен қатар жүру жолағы 3,5 метр, автобус аялдамасына арналған алаң және жол қиылысы да салынады деп күтілуде.
Көгілдір отынға жауапты мердігер мекеме «МБК құрылыс» серіктестігі құрылыс жұмыстарының бел ортасына келіп отыр. Қажетті заттарды қоймаға жеткізіп қойған олар міндеттелген межені келісімшарт бойынша 2022 жылдың ақпан айында аяқтайтын болады.
Аудан басшысы жауапты қызметкері Жәдігер Оразалыға құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізіп, тұрғындар жылу беру маусымына дейін көгілдір отынды пайдалану қажеттігін айтып, бөлінген қаражатты уақытылы игеріп, жыл аяғына дейін аяқтауды тапсырды.
– Амандық болса, мердігер мекеме газ құбырларын тартып болған соң оны үйге кіргізу мәселесі туындайды. Сол кезде бұл жұмыстарды сала мамандары, сенімді мекемелер жүргізгені дұрыс. Себебі ертеңгі күні «ҚазТрансГаз» мекемесінің талаптарына сәйкес келмей, көптеген қиындық тудыруы мүмкін. Сондықтан шараларды қолға алу қажет, – деді аудан әкімі.
Артынша қалалық мәдениет үйінің жанында тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Қалада атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірген жұртшылық, алдағы уақытта да ауқымды шаралар жалғасын таба берсе деген тілектерін жеткізді.
Заманға сай колледж
Әрі қарай Мұхтар Оразбаев Қазалы аграрлы-техникалық колледжіне барып, оқу-өндірістік базасын көрді. Колледж директоры Арман Мусаев оқу ордасының соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктерін тілге тиек етіп, арнайы пәндерге қажетті замануи техникалармен таныстырды.
Жалпы Қазалы аграрлы-техникалық колледжі 2020 жылы «Жас маман» жобасының жеңімпазы атанған болатын. Жоба шеңберінде республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 2 мамандық бойынша төрт зертхана, үш шеберхана және оқу алаңы жабдықталды.
Сонымен қатар «Жас маман» жобасы аясында алғаш рет колледжге Германия, Италия мемлекеттерінен заманауи құрал-жабдықтар сатып алынды. Қазіргі таңда студенттер оқу-өндірістік шеберханаларда шетелдік құрал-жабдықтарды емін-еркін үйреніп, меңгеруде. Нәтижесінде екі мамандық бойынша құзыреттілік орталығы ашылды. Колледж 2020-2021 оқу жылында жаңа жіктеуіш бойынша 21 мамандық 44 біліктілікке лицензия алған.
«Қазалы» конфеті жаңа қаптамада
Қазалылық кәсіпкер ауданның бренді саналатын «Қазалы» кәмпитін жаңа қаптамамен шығаруда. Қаптамада ғасырдан астам тарихы бар, ажары алыстан менмұндалайтын Қазалының теміржол вокзалы бейнеленген. Жеке кәсіпкер Фатима Қазбергенова өзінің кәсібі туралы жан-жақты жеткізді.
«Қазалы» кәмпиті цехы аймақтағы тәтті түрлерін шығаратын автоматтандырылған жалғыз кәсіпорын. Қазіргі таңда мұнда конфеттің жалбыз барбарис, саломка, ала кәмпит сынды 8 түрі шығарылуда. Бүгінде «Саломка», «Барбарис», «Маусым», «Қазалы» тәттілеріне сұраныс жоғары. Цехта 7 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген.
«Ояз бағындағы» өзгеріс
Мұнан соң Мұхтар Оразбаев Қазалы қаласына жақын орналасқан «Ояз бағына» арнайы барып, бақ ішінде атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.
Аумағы 32 гектар болатын бақ ішіндегі жүйелі жұмыс жөнінде Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі директорының орынбасары Тілепберген Мұхамбетов толыққанды сөз етті.
Бүгінгі таңда 17 гектар жерге сексеуіл көшеті, 13 гектарға түрлі ағаштардың көшеті өсірілуде. Мұнда егілген сары өрік, қара өрік, шие көшеттері жайқала өсіп, жыл сайын жеміс беріп тұр. Одан бөлек сыр талы, алма ағашы да отырғызылды. Сондай-ақ бақ ішінде Көкшетау қаласынан әкелінген катальпа, сумах, айлант, емен, шығыс бозаршасы, арша секілді саялы ағаштарының тұқымдары жерсіндірілуде.
Тұқымбақтағы тіршілік
Қазалы қаласындағы «Ояз бағының» жанында сексеуіл мен түрлі талдардың көшеттерін өсіретін тұқымбақ орналасқан. Бұл мекеме Бурабай ауданындағы «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК-ға тікелей бағынады.
Басшысы Мөлдір Валиеваның айтуынша, тұқымбақта 13 түрлі ағаш отырғызылған. Оның ішіндегі қара сексеуіл Аралдың құрғаған ұлтанындағы құм көшкінін тоқтату үшін өсіріледі. Одан бөлек құрғақ климатқа шыдамды, ыстыққа төзімді айлант, сумах, шығыс биотасы, кәдімгі өрік, қармала, катальпа, айқын жапырақты үйеңкі, жіңішке жапырақты жиде, терек, кәдімгі шаған, фисташки және жергілікті жүзім өсірілуде.
Барлық көшеттер тамшылатып суару жүйесімен қамтамасыз етілген. Екпе көшеттерінің жағдайын жақсарту үшін органикалық тыңайтқыштармен байытылған қи қоспа бөлімі ұйымдастырылған.
2020 жылдан бастап Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарына ағаш түрлері тұқымына сапа куәлігін берумен айналысады. Оның тұқымдары зертханада сараптамадан өтіп, түрлі аурулармен, зиянкестермен зақымдану дәрежесі, өңгіштігі, тазалығы, өміршеңдігі тұқымдарды өндіру және тұқымды бояу арқылы анықталып, алынған нәтиже бойынша 1-2-3 класс дәрежесі беріледі.Қазіргі таңда тұқымбақ барлық арнайы агрегат пен техникалармен жабдықталған.
А.БАҚЫТҰЛЫ