Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан тұрғындары таңдау жасады

Аудан тұрғындары таңдау жасады

Тойдың болғанынан боладысы қызық. Партия мүшелері уақытпен санаспай, ауыл-аймақты аралаумен, бағдарламаларын таныстырып, үгіт жұмыстарын жүргізумен талай күнін өткізді. Халықтың жағдайын біліп, мазалаған мәселелерден хабардар болды. Барлық бес партия кедергісіз, ашық тайталасқа түсті. Бұлар биылғы өткен Мәжіліс депутаттарын сайлау науқанын бұрынғылардан ерекшелейтін маңызды тұсы десек болады.
Әншейінде аязы өңменнен өтіп кететін қаңтардың қытымыр күні жексенбіде жылып қоя берді. Таңертеңгісін газет журналистері тарих бетінде ойып орын алатын науқан барысын бақылауға аттанды. Журналистер тобы редакциядан рұқсат қағаз алып келген тұста ел болашағы үшін алаңдайтын қазалылық сайлаушылар қалың кезек жасап үлгергенін байқадық. Олардың арасында бағы барлар елдегі алғашқылардың бірі болып таңдауын жасады. Мәселен, Әйтеке би кентіндегі №61-ші учаске бойынша бірінші болып Дәурен Сәрсенбаев есімді азамат дауыс берді. Сол үшін аудандық сайлау комитеті дайындаған бағалы сыйлыққа ие болды. Мұндай шаралар барлық сайлау учаскелерінде де ұйымдастырылғанын айта кетейік.
Елдің келешегі шешілетін күні ертелетіп дауыс бергендер қатарында аудан басшысы Мұрат Нәлхожаұлы да бар. №56 сайлау учаскесіне қарайтын тұрғындар әкіммен жайдары қауышып, бір-бірлеріне сәттілік тілесті. М.Ергешбаев дауыс беру жәшігіне таңдауын тапсырып тұрып: «Мен өз азаматтық борышымды орындадым. Бүгінгі сайлау еліміз үшін өте маңызды. Бұл науқан Қазақстанның дамуы мен гүлденуі үшін, елдің тұрақтылығы және халықтың тұрмыс жағдайын көтеру үшін өте қажет», – деді.
Осы тұста аудандағы сайлау учаскелерінің барлығы дезинфекциялық тунельдермен қамтылғанын айта кету керек. Санитарлық талаптарға сәйкес азаматтардың бетпердемен кіруі бақыланып, медицина қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылған.
Сондай-ақ сайлаушылар үшін күту бөлмелері, оқшаулау орындары белгіленген. Ең қызығы белгі қою үшін ұйымдастырушылар тарапынан берілген қаламсапты пайдаланғаннан кейін қоқыс жәшігіне тастау керектігі айтылды. Мұны қауіпті індеттің таралуын болдырмау үшін жасалған дүние екенін түсіндірсе де, көпшілік қоқысқа тастауға қимады. Біреуі бюллетень бергендерге қайтарса, екіншісі қалтаға сүнгітіп жібергенін көз көрді. Бұдан бөлек келушілерге медициналық бетперде тегін таратылды.
Бұл күн биыл кәмелет жасқа толып, дауыс беру құқығына ие болған жастар үшін де маңызды болғаны анық. Өйткені алғаш рет ел азаматы ретінде таңдау жасады. №57 сайлау учаскесіне келген Алтынай Нұрғали сол үшін сыйлыққа ие болды.
– Жалпы сайлау науқаны қалай өткені толықтай көңілімнен шықты. Бүгін – мемлекет үшін маңызды күн. Дауыс бердім. Сайлау учаскесіндегі ұйымдастыру жұмыстары ойдағыдай, – деді ол.
Жексенбіде денсаулық жағдайына байланысты учаскеге келе алмаған тұрғындардың таңдау жасауына да лайықты жағдай жасалды. Аудан бойынша кресло-арбамен жүретін 117 мүмкіндігі шектеулі азамат үшін инватакси қызметі ұйымдастырылды. Дауыс беру құқығына ие мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлау барысында дауыс беруін қамтамасыз ету үшін жеке көмекшілері қызмет көрсетті. Сайлау жәшігін үйге алдыру мүмкіндігін Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы ауылда тұратын 100 жастағы Әзиза Қожамжарова әжей де пайдаланды. №68-ші учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері ғасыр жасаған кейуананың үйден дауыс беруіне жағдай жасады. Ал Бекарыстан би ауылында тұратын 98 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Қабақ Смағұл: «Сайлау күні біздер үшін маңызды. Бүгін ел болашағы айқындалады. Бұған дейінгі сайлаулардан да еш қалып көрген жоқпын. Меніңше, әр тұрғын мұндай жауапты кезде бейжайлық танытпауы тиіс. Бүгін балаларым мен немерелерімнің болашағы үшін дауыс бердім. Бастысы, елімізде тыныштық, соның құнын білуіміз тиіс. Сол үшін ойланып, саралап, өлшеп, екшеп, ел болашағы үшін таңдау жасадым, – деп батасын берді.
Айта кетейік, №84-ші сайлау учаскесінің мамандары майдангер иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
Жалпы биылғы сайлау аудан тұрғындарының ауызбіршілігін, бір іске жұдырық болып жұмыла алатынын тағы бір мәрте дәлелдеп бергендей. Оның үстіне дау-дамайсыз, әділ өткеніне көпшілік қуанды. Қалай болғанда да, мемлекеттің баянды болашағы үшін жасалған қадам сәтімен аяқталғаны анық. Ендігісін уақыттың еншісіне қалдырамыз.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
13 қаңтар 2021 ж. 2 452 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930