Қазақстанда "Белка · Стрелка" және "Súndet toı" монеталары айналымға шығады
Коллекциялық монеталарды сату күні туралы ақпарат Ұлттық банктің ресми сайтында қосымша жарияланады. Қазақстанның Ұлттық банкі "Белка · Стрелка" және "Súndet toı" коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады.
"Белка · Стрелка" монеталары
Коллекциялық монеталар – "Ғарыш" монеталар сериясының жалғасы.
Монета Белка мен Стрелка иттерінің Қазақстан жеріндегі "Байқоңыр" ғарыш айлағынан "Восток" кемесімен ғарышқа ұшқан күніне 60 жыл толуына арналған. Белка мен Стрелка – орбитаға сапар шеккен және Жерге аман оралған кеңестік космонавт иттер.
Монетаның аверсінде ортасында адамзат пен ғаламшардың бірлігін, өткен күн мен осы күннің байланысын білдіретін композиция бейнеленген.
Монеталардың реверсінде – капсуладағы Белка мен Стрелканың бейнесі. Жоғары бөлігінде ашық ғарыштың символын білдіретін жұлдыздар шоғырын көруге болады.
Таралымы:
күмістен жасалған номиналы 500 теңгелік монета – 2500 дана;
мельхиор қоспасынан номиналы 200 теңге – 10 000;
нейзильбер қоспасынан номиналы 100 теңге – 100 000.
"Súndet toı" монеталары
Номиналы 500, 100 теңгелік "Súndet toı" коллекциялық монеталары "Қазақстанның салт-дәстүрлері, ұлттық ойындары" монеталар сериясын жалғастырады. Сүндет той – қазақтың ұлттық салт-дәстүріне айналған қазақтың ежелгі әдет-ғұрпы. Сүндетке отырғызбас бұрын болашақ жігітті атқа отырғызып, кейін сыйлық берген.
Монетаның аверсінде ою-өрнек аясында Қазақстанның Елтаңбасы бейнеленген. Сол және оң секторларында ұлттық ою-өрнек элементтері бар.
Ал реверсінде Сүндет той мерекелік салтының композициялық суреті бейнеленген. Монетаның жоғарғы бөлігінде шаңырақтың айшықталған бейнесі және ұлттық ою-өрнек элементтері, "SUNDET TOI" деген жазу бар. Монетаның төменгі жағында – Қазақстан Ұлттық банкінің логотипі және ою-өрнек қапталған монета шығарылған жыл.
Таралымы:
күмістен жасалған номиналы 500 теңгелік монета – 3 500 дана;
мельхиор қоспасынан дайындалған номиналы 100 теңге – 15 000 дана;
нейзильбер қоспасынан, номиналы 100 теңге – 100 000 дана.
Ұлттық банктің хабарлауынша, монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған.
Номиналы 500, 200 және 100 теңгелік коллекциялық монеталар Қазақстанның бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрі бойынша, сондай-ақ, банк шоттарына есепке алу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті. Республиканың барлық банкінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.