Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қамданған қапы қалмайды

Қамданған қапы қалмайды

Сәрсенбінің сәтті күнінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық жайы туралы кеңес өткізді.
Мемлекет басшысының айтуынша, әлемнің көптеген елінде эпидемиологиялық ахуалдың нашарлағанын айтып, соған қатысты жағдай ушыққан кезде оған мемлекеттік органдардың дайын болуы қажет екенін тілге тиек етті. Ел Президенті бірқатар түйткілдерді қозғай келе, тест сынамаларын алу көлемінің азайғанына назар аударды.
– Бүкіл әлемде зертханалар желісінің кеңейгеніне және тестілеу бағасының төмендегеніне қарамастан, елімізде оның құны жоғары болып отыр: 10 мыңнан 18 мың теңгеге дейін. Тұрғындардың басым бөлігі үшін бұл баға қымбат деп ойлаймын. Үкімет пен әкімдіктер тест сынамасын алудың қаржылай қолжетімділігі мәселесін шешуі керек. Сонымен қатар басқа елдермен, соның ішінде, Ресеймен салыстырғанда бетперделердің бағасы әлі де шарықтап тұр. Оның да бағасын төмендету қажет. Үкімет бетперделердің бөлшек саудадағы шекті бағасын 60 теңге көлемінде бекітуді жоспарлап отыр. Маған хабарлаған мәлімет бойынша, Ресейде бұл баға 20-30 теңге шамасында. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне мұндай бағалардың сәйкестігіне талдау жасап, зертханалық қызметтер мен жеке қорғаныш құралдарының бағаларына мониторинг жүргізуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Одан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылардың есіне ел тұрғындарының жаз мезгілінде дәрі-дәрмек тапшылығын көргенін салды. Президент пәрменінен кейін ғана тиісті шаралар қабылданды. Нақтыласақ, дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры жасақталып, қажетті препараттардың тізімі кеңейтілді, сондай-ақ, оларды шетелден әкелу және тіркеу тәртібі жеңілдетілді.
Мемлекет басшысы пандемияның екінші толқыны болған жағдайда негізгі салмақ тағы да медицина қызметкерлеріне түсетінін айтты. Және осыған арнайы тапсырма беріп, екінші жартыжылдықта төлемақы үшін 150 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда үстемақы және сақтандыру төлемдерін алуда әлі күнге дейін бюрократиялық кедергілер бар екенін жасыра алмаймыз.
– Жергілікті жерлерде үстемақыға қатысты «цифрмен ойнау» мәселесі жалғасуда. Бұл қаржы бөлу ісінде осы уақытқа дейін ашықтық жоқ. Мұндай жағдайды болдырмау қажет. Бас дәрігерлер жұмыс уақытының есебін түзетуді медицина қызметкерлерінің пайдасына емес, керісінше жасауға тырысып жүр. Дәрігерлер өздеріне тиесілі ақшаны сұрап алмауы тиіс. 30 қыркүйектегі мәлімет бойынша пандемия кезінде бұл індеттен 182 медицина қызметкері көз жұмды. Қазіргі кезде бұл жағдайларды түрлі комиссиялар қарастыруда. 37 отбасына ғана жәрдемақы төленді. Мұндай жағдайға мүлде жол бермеу керек. Өлім себептерін адам қайтыс болғаннан кейін анықтау көптеген қиындықтар, соның ішінде, этикалық сипаттағы түйткілдерді туындатады. Осы орайда Үкіметке қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына егжей-тегжейлі тергеу жүргізбей, тиісті барлық жәрдемақыны төлеуді тапсырамын. Медицина қызметкерлерінің жұмыс барысында науқасқа шалдығуы расталған жағдайда олардың төлемақылары қысқа мерзім ішінде сөзсіз төленуі тиіс, – деді Президент.
Мемлекет басшысы басқа да ауру түрлері бойынша тиісті медициналық көмек көрсетудің маңыздылығын тілге тиек етті. Сондай-ақ ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша жағдайдың нашарлағанына арнайы тоқталды.
– Былтырғы 8 айда – 36 әйел қайтыс болса, биылғы 8 айда – 131 әйел көз жұмды. Мысалы, Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш шамамен 13 есе, Қызылорда облысында 9 есе, Шымкент қаласында 7 есе артты. Неге бұл адамдарға көмек көрсетілмеді? Қандай шаралар қабылданып жатыр? Үкіметке өңірлермен бірлесіп, аталған фактілердің әрқайсысын тексеріп, нәтижесін баяндауды тапсырамын. Ана мен баланы қорғау, онкологиялық, кардиологиялық, пульмонологиялық және медициналық көмектің басқа да түрлерін көрсету – ел алдындағы міндетіміз. Әкімдерді, жалпы Үкіметті бұл міндеттен ешкім босатқан жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кеңесте өзге де өзекті мәселерлер қарастырылды. Мәселен, халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін қызметтердің үздіксіз жұмыс істеуінің маңыздылығына тоқталды. Президенттің пікірінше, азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларына қатысты мәселелер қатаң назарға алыну қажет.
Президент сөз соңында халықпен қарым-қатынас жасаудың және кері байланыс орнатудың аса маңызды екенін айтты.
– Пандемияға қарсы күрестегі табыс, негізінен халықтың қабылданған шаралар мен шешімдерге деген сенімінің деңгейіне байланысты. Мұны тәжірибе көрсетті. Ал сенім азаматтардың билік тарапынан атқарылып жатқан іс-қимылдарға түсіністік танытып, қолдау көрсетуіне байланысты. Халықпен тұрақты диалог жасап отыру керек және тұрғындарға туындаған мәселелер мен қатерді шынайы әрі ашық айтып, оны шешудің жолдарын ұсыну қажет. Жағдайдың ушығуы санитарлық және алдын алу шараларын қатаң сақтауға байланысты екенін бизнес өкілдері мен азаматтарымыз түсінуге тиіс. Шынайы және оптимистік жағдайлар бойынша биыл қатаң шектеу шараларын енгізу қажеттігін болдырмауымыз керек және оған мүмкіндігіміз бар, – деді Мемлекет басшысы.

А. БАҚЫТҰЛЫ
10 қазан 2020 ж. 593 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 76

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 71

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930