Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Депутаттар елге келді

Депутаттар елге келді

Жақында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары көптен күткен жазғы демалысқа шыққаны белгілі. Бірнеше депутат Мәжілісте қалып, ұжымдастары жұмысқа қосылғанша еңбек ететін болса, қалғаны алдымен өңірлер мен елді мекендерді аралаймыз деп шешті. Демалыстың алғашқы он күнін халықпен кездесіп, көкейде жүрген түйіткілді мәселелерін тыңдауға арнаған бірнеше депутат кеше ауданда болды. Олар бірқатар жергілікті маңызды нысандардың жұмыс барысымен танысып, Мәжілісте қабылданған заң жобаларынан хабардар етті.

Халық қалаулылары Тарас Хитуов пен Балайым Кесебаева алдымен аудандық полиция бөлімі мекемесіне барды. Онда ғимараттың ішкі жүйесімен, технологиялық мүмкіншілігімен танысты. Сондай-ақ бөлім басшысының орынбасары Шынтас Бекетов кезекші, анықтаушы, әкімшілік полиция бөлімшелерінің ұтымды тірлігі мен жедел қызметінен ақпар берді. Бұдан бөлек депутаттар әкімшілік қамау орнының жай-күйін бақылады. Онда 14 адамға арналған қамау бөлмелері бар. Сондағы мамандардың айтуынша, қысқа мерзімге жазаға тартылған азаматтар осында тоғытылады. Ас-суы мен гигеналық жағдайына толық мүмкіндік қарастырылған. Бұл бөлімде көршілес Арал ауданының жауапкершілікке тартылған адамдары да әкелінеді. Ішкі тазалыққа көз жеткізген мәжілісмендер бөлімдегі жайлылықты сақтап, тамақ, суларының сапалы болуын назарда ұстау керектігін айтты.
Тәртіп сақшыларының тіршілігіне қаныққан депутаттар өткен жылы ғана пайдалануға берілген аудандық сот ғимаратына жол тартты. Онда аудандық соттың судьясы Мұрат Оспанов күтіп алып, құзырлы органның жетістіктерімен таныс¬тырды. Мәжілістен келген қонақтар үш сот залымен, прокурор, медиатор, мұрағат мамандарының атқаратын қызметтерінен хабардар болды. Сондай-ақ М.Оспанов өзі де айналысатын аудандағы медиацияның ақуалын баяндады. Соңғы жылдары сотқа дейін бітістіру қызметі тиімді нәтиже көрсетіп, дауласқан тараптардың үшінші адамның араласуымен татуласу жағдайлары жиі орын алатын болған.
Сонымен қатар аудан орталығынан шалғай жатқан елді мекендердегі шағымданушы немесе жауап беруші адамның сот залына келмей, жергілікті ауыл әкімдігінен онлайн сотқа қатысуға мүмкіндік жасалған. Осыған және облыс орталығында болатын сот қызметкерлерінің жиналысына интернет арқылы қатысуға арнайы бөлме қарастырылған. М.Оспановтың айтуынша, бұл біріншіден жоспарлы жұмыстағы кедергіні азайтады, екіншіден жолсапар шығындарын үнемдейді.
Депутаттар ауыртпашылы мен жауап¬кершілігі көп сала – аудандық ауруханаға соқпай кетуді ар санады. Бірнеше жыл бұрын пайдалануға берілген мекеменің қызметкерлерімен кездесіп, өздерінің ауданға келген мақсаттарын айтты.
– Біз Алаш анасы Сыр бойына келіп, оның ішінде қазалылықтармен жүздескенімізге өте қуаныштымыз. Маңғыстауда туғасын мұнда келгенде туған жерге оралғандай күй кештім. Қазалының қазақылығы, салт-дәстүрге беріктігі, тіпті ауа райына дейін Маңғыстау өңірімен бірдей десек болады. Сіздерге дейін бірнеше мекемеге барып, қызметкерлермен кездестік. Барлығының жасап жатқан жұмыстары көңілден шықты. Сол сияқты жүктің ауыры сіздерде болғандықтан арнайы келіп, талап-тілектеріңізді тыңдағанды жөн көрдік. Көңілде жүрген түйіткілді мәселелер болса айтуларыңызға болады. Біз орынды ұсыныс-пікірді қаперге алып, сәйкесінше халық игілігіне жарайтын заң жобасын даярлауға қашанда әзірміз, – деген Т.Хитуов соңғы жылда Парламент Мәжілісі депутаттары шығарған жаңа заңдар мен өзгерістер туралы сөз қозғады.
Ал ақ халаттылардың қойған сауалдарына Балайым Кесебаева жауап берді. Мәселен, жиынға қатысушының әйел адамдарды 58 жасында зейнетке шығаратын заң жобасын қайта енгізу туралы сұрағына қолданыстағы заң күшін жоймайды деп ашық айтты. Бірақ ауыр жұмыстағы аналардың ертерек зейнетке шыққанын қалайтынын жасырмады. Бұдан бөлек зейнетақы қоры, ондағы жиналған қаржыны толығымен алу туралы сұрақтар қойылып, тиісті жауап берілді.
Сапар соңында Мәжілісмендер аудан әкімдігіндегі актив отырысына қатысты. Мұнда да бөлім басшылары, жастар мен ел азаматтары ауданның ахуалын көтеруге болатын біршама ұсыныстарды ортаға салып, жергілікті жердің еркін дамуына қиындық келтіріп отырған жайттарды депутаттар назарына ұсынды.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
14 шілде 2019 ж. 862 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031