Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Адамзаттың екінші ұстазы

Адамзаттың екінші ұстазы

Әл-Фарабидің толық аты – “Әбу насыр Мухаммат бин тархан бин ұзлақ әл-Фараби әт Түрки” екен. Ғалымдардың сөзінше, есімдегі “әт Түрк” дегені оның Түркі елінен шыққанының дәлелі болса керек.

Екінші ұстаз 870-ші жылы Отырарда әскери отбасында дүниеге келген. Әбсаттар қажы Дербісәлінің сөзінше, бүкіл әлем ғұламаны толық атымен атайды. Тек ирандықтар ғана оны Парсы текті дейді-мыс. Кейбір деректерде оның қазіргі Қазақстан аумағында дүниеге келіп, Ташкент, Самарқанд, Бұқара сияқты Орта Азия қалаларында өмір сүргені айтылады. Саналы ғұмырын білім алуға арнаған ол ағашқы сапарын Араб халифатының астанасы – Бағдат шаһарынан бастады. Мұнда келгенде түркі тілінде ғана сөйлей алатын. Алайда өмірінің соңына дейін жетпіс тілді еркін меңгеріп алғаны туралы деректер көп. Бүгін адамзаттың екінші ұстазы атанып, мұсылмандық философияның негізін қалаған ойшыл ғалым туралы қызықты мәліметтерге кезек береміз.
Әл-Фарабиге «екінші ұстаз» атағын телудің мәнісі өзінің Аристотельге деген құрметінен пайда болса керек. Өйткені әл-Фараби Бағдатқа келгенде оған Халифа Мұқтадид ибн-Муаффак әл-Биллах (892-902) жолығады.
– Осы сені оқудың түбіне жетіпті деп естідім. Енді сен көп білесің бе, әлде Аристотель көп біле ме? – деп сұрақты төтесінен қояды ол. Сонда данышпан:
− Егер мен оның заманында өмір сүрген болсам, шүбәсіз оның үздік шәкірттерінің бірі болған болар едім, – деп жауап берген екен. Дегенмен «Ұстаздан шәкірт озар жарысқанда» дегендей әл-Фарабидің алғашқы ұстаздан да білімі терең болғанын алға тартатындар бар. Мәселен, атақты ойшыл Әбу Әли Ибн Сина оның еңбектері ұғымды екенін өз естелігінде жазып қалдырған.
– Мен мантиқ (логика), ­­жаратылыстану және риезиет (математика, геометрия) ғылымын жақсы меңгердім. Сосын теологияны оқып үйренуге кіріскенімде Аристотельдің “Метафизика” кітабын оқыдым. Бірақ онда не айтылғанын оқып түсіне алмадым. Бұл кітапты жазған адамның мақсаты маған құпия күйінде қала берді. Тіпті оны қырық рет қайталап оқып шықтым. Кітапты жаттап алдым. Бірақ соның өзінде, мен оны түсіне алмадым. Ақыры одан үмітімді үзіп, бұл түсінуге болмайтын кітап екен деген қорытындығы келген едім.
Бір күні бесін намазы кезінде кітап сатушыға бардым. Онда бір делдал мұқабалы бір кітапты қолына ұстап алып, мақтап тұр екен. Ол мені қасына шақырып, кітапты көрсетті. Сонда мен бұл ғылымды білудің пайдасы жоқ деген оймен әлгіні жақтырмай, алмайтынымды айттым. Делдал маған: “Бұл кітапты ал, бағасы арзан – үш дирхам, кітаптың иесі ақшаға мұқтаж” – деді. Осылайша кітапты мен сатып алдым. Қарасам, ол Әбу Насыр әл-Фарабидің “Метафизика” кітабының мақсаты жайында жазылған шығармасы екен. Үйге келген бойда оқуға кірістім. “Метафизика” ойымда жатталып қалғандықтан сол сәтте-ақ кітаптың мазмұнын түсініп алдым. Бұған қатты қуанып кеттім. Мұндай кітаптың табылғанына шүкіршілік жасап, ертеңіне-ақ кедейлерге біраз нәрсе садақа бердім, – деп ағынан жарылған екен.
Қазақ жерінде туған тұңғыш ғалымның бойындағы адамгершілігі, мұқтаждарға жасаған қайырымдылық әрекеттері жайында да сөз қозғауға болады. Дүниесімен бөлісуді есепке алмағанның өзінде ондаған шәкірт тәрбиелеп, ағартушылыққа ден қойды. Бұл тіршілікте жасалатын ең үлкен қайырымдылықтың бірі еді.
Тарихшы Мұхаммед Хусайни еңбегінде Фараби өміріне қатысты мынадай бір қызық жайды баяндайды. Әл-Фараби бірде Дамаскідегі (Сирия) шығыс базарын аралап келе жатып, терлеп-тепшіп, етік тазалап отырған балаға көзі түседі.
– Балақан, осынша қиналып, маңдай теріңді төккенде күніне қанша дирхам (ақша) табасың? – дейді Фараби. Сонда бала:
– Екі-ақ дирхам, – дейді мұңайып. Ұлы ғалым баланы аяп, өзіне күн сайын Сайф ад-Даула жіберіп тұратын төрт дирхамды береді. Кейінірек жаңағы балақай Фарабидің ең жақсы шәкірттерінің бірі болған деседі. Ғалымның мәрттігі осы тұста да анық байқалады.
Жеті өнерді жетік білген Әбу Насыр әл-Фараби домбыраның да құлағында ойнаған. Бұл жайында ел аузында естелік көп. Бір жолы әмір сарайында әкім, ғалымдар мен өнерпаздар бас қосқан кеш өтіп жатса керек. Осы салтанатқа жұпыны киінген әл-Фараби тап болады да, елеусіз ғана бір шеттен орын алады. Небір тапқыр сөз сайыстары ұйымдастырылып, арқалы өнер түрлері жұрттың делебесін қоздырған кезде жиынды басқарушы: «Қонақтың қандай өнері бар екен?» деп әл-Фарабиге бұрылады. Сонда ол өзі жасап алған «Қыпшақ» атты домбырасын қоржынынан алып, құлағын келтіре тарта жөнеледі. Алғашқыда ортекедей ойнақтаған ерке күй жиналған жұрттың бәрін күлдіріп, еліктіріп әкеткендей болады. Мұнан әрі домбырасына қосылып, сұңқылдай түскенде тыңдаушы қауымның әрқайсысы өз басындағы қайғы-мұңмен қауышып, көздеріне жас алыпты. Келесі бір тұста қыпшақ-домбыраның құлақ күйі қоңыр сазға ауысып, жанға рахат үнмен бесіктей тербегенде жиналғандар маужырап, қалғи ­бастайды. Кеш мәресіне жеткен тұста данышпан «Бұл күйлерді тартқан – қыпшақ әл-Фараби» деген тіркес жазылған бір парақ қағазды қалдырып, сарайдан шығып жүре берген екен.
Туған жерден шалғайда жүріп, бар өмірін ғылым-білімге сарп еткен әл-Фараби қартайған шағында өз елінің адамдарына кездесіп қалады. Ел-жұрттың хал-жағдайын тәптіштеп сұрап, көңіл орнықтырған соң, қоштасарда өзінің жан серігі домбырасының бетіне: «Айналайын атам қыпшақ, Туған жерді сағындым. Өз атыңа, үрметіңе қайда жүрсем табындым!» – деп жазып, туған елге сәлемдеме белгі ретінде беріп жіберген.
Әл-Фараби 80 жасында өмірден озды. Қалай қайтыс болғандығы туралы нақты мәлімет жоқ. Бір ақпарат бойынша, ол аурудан көз жұмды. Екінші нұсқа бойынша Асқаланға сапар шегу кезінде қарақшылардың қолынан қаза болған. Қалай болғанда да жақында жарық көретін әл-Фарабидің өмір жолы суреттелген “Ұстаздың оралуы” атты деректі фильмде бұл сұрақтың жауабын табармыз. Туындыны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ телерадио кешені Тонарийский кино компаниясымен бірлесіп, қолға алған. Ол да таза отандық фильм болады.
Естеріңізге сала кетейік, биыл әл-Фарабидің – 1150 жылдығы ел аумағында кеңінен аталып өтеді. Республикада төтенше жағдай тоқтатылғаннан кейін ғалымның еңбектері мен ғибратты ғұмырын насихаттайтын көптеген ауқымды істер атқарылары сөзсіз.
Дайындаған Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
12 мамыр 2020 ж. 1 719 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 65

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 60

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930